Боралдай сақ қорғанын тегін тамашалай аласыз

Әсел ДАҒЖАН

 

Алматылықтар мен қала қонақтары және туристер енді Алатау ауданындағы Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында орналасқан 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұратын «Боралдай сақ қорғандары» кешеніне тегін кіріп, тамашалай алады.

Ашық аспан астында орналасқан археологиялық кешеннің тарихы екі жарым мың жылдан асып жығылады әрі Алматы аумағында ерте темір ғасырынан сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Көне қорымға кірген адам кешеннен 47 сақ және үйсін қорғандарын аралап, көре алады. Қорымға кірген бойда сақтардың тұрғын үйінің және зираттың макеті жасалған. Кезінде Медеу мұз айдынының жанынан 3 метр жердегі биіктікте сақтардың қоныстары табылған. Мамандардың айтуынша, макеттер соған сәйкестендіріле жасалған. Қорымға келушілер  сақтардың уақытты анықтау үшін қолданған күн сағаты және қайта құрылған тоқыма білдегіні тамашалай алады. Мұндағы қорғандардың ең үлкенінің биіктігі 14 метр болса, диаметрі 100 метрден асады. Мұнда патшалар мен жауынгерлер жерленген.

Айта кетейік, қорымдар ерте кезде тоналып кеткен, ал 1950–1960 жылдардағы Кеңес үкіметі кезінде бұл жер қоқыс төгетін үйіндіге айналған.

Ашық аспан астындағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешені – маңызды тарихи ескерткіш. Бұл туралы ұзақ жыл бойы беймәлім болып келді. Ескерткіш 2006 жылы 3D картаны модельдеу үшін аэротүсірілім кезінде ашылған еді. Қазіргі сәтте ол Алматы мен Алматы агломерациясының туристік нысандарының бірыңғай тізіміне кірді. Алматыда 30 000-нан астам тарихи ескерткіш бар. Бұл архитектуралық ескерткіштің тарихи құндылығы сонда, ішкі және шетелдік туристерді өзіне тартады,  – деді VіsіtAlmaty орталығының директоры Кәмила Лұқпанова.

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, «Боралдай сақ қорғандары» кешені таяуда Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енгізілді. Алдағы уақытта ашық аспан астындағы археологиялық кешенді ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандары тізіміне енгізу жөнінде ұсыныс беру жоспарлануда. Сондықтан бұл аумақта үлкен құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Қазіргі кезде қорымда тарихшы Карл Байпақовтың экспедициясы зерттеулер жүргізуде. Күн жылынған бойда мұнда туристерге арналған этноауыл бой көтермекші. Сондай-ақ, қалалық Мәдениет және архивтер басқармасының үйлестіруімен қорым аумағынан музей салу жоспарланған. Бір айта кетерлігі, 430 гектар аумақты алып жатқан ашық аспан астындағы архео­логиялық кешен 2006 жылы Алматы қаласы музейінің қарамағына берілгеннен кейін, музей қызметкерлері мұнда өздері тазалық жұмыстарын жүргізген.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *