Болашаққа сеніммен қараймыз
Биыл қазақ оқу орындарының қарашаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне — 80 жыл.Бір ғасырға жуық жоғары білім беріп, жастарды үлкен жолға жетелеп отырған бұл оқу орнының мәртебесі оның әр түлегі, әр студенті үшін ерекше. Еліміздің бүгінгі күнгі және болашақ элиталарын тәрбиелеп шығаратын Қазақ Ұлттық университеті өзінің ұзақ жылдық тарихында осыншама елеулі кезеңді қалдырып отыр. 80 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, университет еліміздегі бірден-бір үздік жоғары оқу орнына айналды. Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсем, білім алам деушілер саны жылдан-жылға артуда. Озық білім қуған жандардың бәрі осы шаңырақ астында өз армандарына жетіп, мақсатты жолдарға түсуде. Өмірде өз орындарын осылайша адаспай тауып келеді.
Қарап отырсақ, өзіндік тарихы бар бұл университеттің бізге берері көп. Дәлірек айтсақ, сонау ашылған уақыттан бастап еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, оның жағдайын жасап, еліне ерен еңбек етіп жүрген жандардың көбіне дерлігі дәл осы оқу орнының түлектері болып келеді.
Біз Қазақ Ұлттық университетінде білім алып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Әсіресе, өзіміз білім алып жатқан Экономика және Бизнес жоғары мектебіне айтар алғысымыз шексіз. 4 жыл бойы тек теориялық жағынан емес, тәжірибелік жағын да ұштастыра отырып білім алудамыз. Дарынды ұстаздар және оларды жетелеп отырған факультет деканы Ермекбаева Баян Жүндібайқызының еңбегін ерекше бөле-жара атаймыз.
Университет басшылығы мен оқытушы қауымына үлкен жетістіктер тілегіміз келеді. Болашағына үмітпен, сенімен қарайтын жастар осы оқу орнына түссе, еш өкінбейтінін сеніммен айтамыз. Оған осында білім алып жатқан студенттердің бәрі куә бола алады. Біз болашаққа сеніммен қараймыз.
А.АЛИПОВ, Е.АБДРАИМОВ,
ҚазҰУ, Экономика және Бизнес жоғары мектебінің 4-курс студенттері.