БIЗ ӨРТ СӨНДIРУШIЛЕР ДЕПОСЫНЫҢ БАРЛЫҚ НОРМАТИВТIК ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫН ҚАДАҒАЛАЙМЫЗ

3Айнабай МӘДИ

19 қазан – Құтқарушылар күнi Алматыда өрт сөндiрушiлер депосы iске қосылды. Салтанатты шараға Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен ҚР төтенше жағдайлар министрi В.Божко қатысты.

Министрлiкте 36 мыңнан астам өрт сөндiрушi мен құтқарушы барын мегзеген ведомство басшысы жиылған сала қызметкерлерiн кәсiби мерекемен құттықтап, «өрт сөндiрушiге – құрғақ «жең», құтқарушыға – азырақ шақыру» тiледi. Министрлiк тарапынан  биылдың өзiнде 140-тай арнаулы, өрт сөндiру техникасы алыныпты.

Алатау ауданы аумағында ашылған өрт сөндiрушiлер депосының материалдық базасы әлемдiк стандартқа сай,  осы заманғы өрт сөндiру техникасы мен жарақтарымен жабдықталған. Өрт сөндiрушiлер ғимаратын аралап жүрiп, мұнда ыңғайлы қызметтiк және тұрмыстық бөлмелердi көрдiк. Асхана, тұрмыстық бөлмелер – өз алдына, мамандар дене жаттығуын жасайтын кең де жарық бөлмеде осы заманғы спорттық құрал-жабдықтар жеткiлiктi.

Шаһар басшысы төтенше жағдайлардың алын алу мен  оны жоюға арналған нысандар құрылысының жалғаса беретiнiн атап айтты.

– Мынау ғимарат – елiмiз еркiндiк алып, Тәуелсiздiк салтанат құрғаннан бергi салынып отырған тұңғыш өрт сөндiрушiлер депосы. Бiз өрт сөндiрушiлер депосының барлық нормативтiк талапқа сай болуын қадағалаймыз. Маңыздысы, құрал-жабдықтардың құтқарушыларға төтенше жағдайларды жедел реттеуге мүмкiндiк беруi. Осы күнi әлемде көптеген техногендiк апаттар мен төтенше жағдайлар жиi орын алуда, бiз әркез осыған әзiр болуымыз керек, – дедi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов.

Қала басшысы Алматыдай тұрғын үйлерi мен ғимараттары қаз-қатар орнығып, халқы тығыз қоныстанған мегаполисте төтенше оқиғаның алдын алу, оған тойтарыс беру үшiн құтқарушылар мен өрт сөндiрушiлер үшiн қажеттi жағдайдың бәрi  жасалатынын  жеткiздi.

Қала әкiмi министр Владимир Божконы, қалалық Төтенше жағдайлар департаментiнiң барлық қызметкерiн кәсiби мерекемен құттықтап, олардың ерен еңбегiне табыс тiледi.

– Қажырлы еңбегiмiздiң арқасында министрлiгiмiздiң мерейi тасып отыр. Бiз қолданылып отырған техниканың 60 пайыздан астамы отандық өндiрiстен шығады. Бүгiнде екiншi өрт сөндiрушiлер депосының құрылысы басталды. Бiз республикалық бюджет есебiнен Алматыдағы өрт сөндiрушiлер депосы санының  артуына аса мән  беремiз, –  дедi өз сөзiнде төтенше жағдайлар министрi В.Божко.

Сала ардагерi, 38 жыл өрт сөндiру қызметiнде еңбек еткен Жетпiсбай Жанғалиев ақсақал нормативтiк талапқа сай, мынадай «бес сайманы бойында тұрған» өрт сөндiрушiлер депосын бiрiншi рет көрiп тұрғанын жасырмады. Ардагер өрт сөндiрушiлер мен құтқарушылардың даңқты жолына тоқталып, Алматыдағы 1973, 1989 жылдарғы орасан зор көлемде орын алған өрт оқиғасы кезiнде ерлiк көрсеткен майталман мамандардың еңбегiн ерекше айтты. Ол орталықтан оқшау салынған депоның маңызына айрықша мән бердi.

Айта кетерлiгi, Алатау ауданы аумағындағы өрт сөндiрушiлер депосының құрылысына республикалық бюджет есебiнен 900 млн. теңгеден астам қаражат бөлiнiптi. Мұнда тәулiкбойғы кезекшiлiк ұйымдастыру үшiн 149 штаттық бiрлiк, осы заманғы 6 негiзгi және арнаулы мақсаттағы өрт сөндiру автокөлiгiн бөлу қарастырылуда. Ғимаратта жеке құрамның демалуына жағдай жасалып, демалыс бөлмесi, оған қоса психологиялық ауыртпалықты азайту үшiн арнаулы бөлме бөлiнiп, спортзал ашылды. Ғимарат ауласында кәсiби бiлiктiлiктi арттырып, шеберлiктi шыңдауға арналған  оқу-жаттығу мұнарасы, 100 метрлiк кедергiден өту алаңқайы бар.

Құтқарушылар күнiне арналған салтанат соңы министрдiң қолынан мақтау қағазын, ерекше белсендi еңбек үшiн берiлетiн ведомстволық кеуде белгiлерiн, кезектен тыс  арнаулы шен алуға  ұласты. Кәсiби мереке Айжан Нұрмағамбетова бастаған өнер шеберлерiнiң концертiмен көмкерiлдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *