БІРІН-БІРІ САҒЫНАТЫН БҰЛАҚТАР

285Нұрғали ОРАЗ.

Әуелі Қайсар ағам телефон соқты.

– Қалекең қатты ауырып жатыр екен, – деді қамығып. – Түс кезінде барып, көңілін сұрап қайтсақ па деп жатырмыз, қалай?.. Бара аласың ба?

– Әрине!..

– Олай болса, Тынымбай ағаңның қоңырауын күт. Екеуің бірге келерсіңдер. Мен аулада күтемін.

– Жарайды.

Телефон трубкасын тұғырына қондырған соң, қолсағатыма қарадым. Түскі үзіліске дейін әлі біраз уақыт бар екен. Бірақ, «Сол да сөз боп па?!» дегендей кекірейе қалды ішімдегі бір таныс дауыс. – Сен мынау мақалаңды шимайлап отырғанда, зыр етіп өтеді де шығады!».

Қыжылынан гөрі қалжыңы басымдау әлгі дауыстың «иесімен» үнсіз келісіп, алдымдағы жарты беті ғана жазылған ақ қағазға алыста-а-ан, қиял әлемінің бір түкпірінен көз тастағандай болдым.

Тынымбай аға түскі үзіліске жарты сағат қалғанда телефон шалды.

– Әй, бала, шықпаймыз ба? – деді сәл-пәл асығыңқырап тұрғандай сыңай танытып. – Қалекеңнің қазіргі үйі қай тұста еді өзі?..

– Әл-Фараби мен Водозаборнаяның қиылысында деп естігем.

– Ә-ә… Әл-Фарабиді білеміз ғой, ал әлгі … заборная дегеніңді көрген емеспін.

– Жароков көшесіне жақын…

– Е-е, жарайды, өзің бастап апарарсың. Біздікі әшейін, өгіз аяң боп қалды ғой бұ күнде!..

Мен езу тарттым. Тынымбай ағаның өмір бақи таусылмайтын әзіл-қалжыңдарының бірі-дағы. Әсіресе, оның әңгімелерін оқыған кезде езу жия алмай, мырс-мырс күле беретінің бар. Меніңше, бұл суреткерліктің ең бір сүйкімді қыры болса керек. Және оған, өз басым, ешқандай шүбә келтірген емеспін.

* * *

Екі күннің бірінде есігі тарс жабылып, үн-түнсіз қалатын лифт бүгін де сол баяғы ескі әдетіне басыпты. Алтыншы қабаттын төмен қарай аяңдап жаяу түсуге тура келді.

Ау, ендеше…  анау бірінші қабатқа жеткенше құр босқа қарап жүрмей,  Қайсар аға мен Тынымбай ағаны сіздерге аздап таныстыра кетсем бе деген бір қызық ой келеді басыма.

Несі бар, біріншіден, уақыт босқа өтпесін. Екіншіден, ол кісілерді бұрынғыдай елдің бәрі тани береді дегенге бұл күнде өзім әжептәуір күмәнмен қараймын.

Әсіресе, мынау қаладағы ары-бері шапқылап жүрген жұрттың көпшілігі кітап бетін ашып қарауға уақыт таппай жатқан қым-қиғаш заманда бұл екі ағамды сіздерге міндетті түрде тағы да бір таныстырып өтуді парыз санаймын.

Иә, сонымен, әуелгі телефон шалған Қайсар ағам – көрнекті аудармашы, әйгілі «Абай жолы» эпопеясының таяуда ғана жасалған жаңа аудармасының жолма-жол нұсқасын дайындауға бастан-аяқ атсалысқан – Қайсар Жорабеков.

Ал Тынымбай аға болса, кешегі, бүгінгі және ертеңгі көзі ашық оқырман сүйсініп, тамсанып оқи беретін «Қош бол, ата», «Қарлығаштың ұясы», «Атақоныс», «Дарияның арғы беті», «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Айқай» секілді, тағы да басқа тамаша кітаптардың авторы, әдебиет десе, ішкен асын жерге қоятын зерделі қауымның сүйікті жазушысы – Тынымбай Нұрмағамбетов.

Түскі үзіліс кезінде Қалекеңнің – біраздан бері төсек тартып, сырқаттынып жатқан қоғам қайраткері, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыздың көңілін сұрап, сәлем беріп  қайтуға шыққан бетіміз.

* * *

Міне, біз, Тынымбай аға екеуміз Абай көшесінің бойымен зымырап бара жатқан көліктерге қол көтеріп тұрмыз. Қазір не көп, «такси» көп. Қаланы білетіндер де, білмейтіндер де «жол пұлын» берсең болды, құйғытып ала жөнеледі.

Бүгін біз тоқтатқан көліктің иесі Алматыны жақсы білетіндердің санатынан болса керек, сірә. Себебі, Абай даңғылының бойымен сәл жүрді де, бірден Розыбакиев көшесіне қарай бұрылып, Алатауды бетке алған күйі зымырап кеп берді.

Кенет жоғарыдағы аялдаманың тұсына жете бергенімізде автобус күтіп тұрған Ес-ағаңды – есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс, дарынды ақын Есенбай Дүйсенбай ағамызды көзім шалып қалды. Ол кісі аялдамадағы жұрттан сәл оқшауланып, өзімен-өзі ойға шомып тұр екен.

– То… тоқтаңыз, – дедім жалма-жан таксистке қарап.

Ол бірден тежегішті баса қойды.

– Оу, не боп қалды? – деді Тынымбай аға таңданып.

– Аялдамада Есенбай аға тұр екен, ала кетейік!

– А-а… Ес–ағаң болса, жөн! Жө-ө-өн! – деді енді Тынымбай аға езу тартып. – Ол кісіні қалдырып кетуге болмайды.

Жол жиегінде тұрған Ес-ағаң алғашқыда кілт тоқтаған машинаға үрке қарады. Содан соң бізді танып, жымиып күлді. «Аға, отырыңыз, отырыңыз» деп бәйек болғанымызға қуанып, алдыңғы орынға жайғасты.

Сөйтті де, арт жаққа бұрыла қарап:

– Иә-ә, сендер қайдан жүрсіңдер? – деді.

– Сіздің бұл сұрағыңыз, өте бір қызық сұрақ екен!.. – Тынымбай ағам иығын қомдап, көзілдірігін түзеп, Ес-ағаңа қадала қарады.

– О неге? – деп күлді Есағаң.

– Сіздіңше қалай сонда, мына бізге былай… қыдырып жүруге болмай ма?

– Оу, неге болмасын?! Болады ғой.

– Е-е, сөйдесеңізші!..

Екі ағам бір-біріне қарап риза болып, қарқылдап күліп алды.

– Иә, сөйтіп, – деді содан соң Тынымбай аға, – мына біз зымырап келе жатып, кенет көшеде тұрған сізді көріп қалдық. Мен бірден: «Тоқтат!» дедім таксистке. Бұл да бір епшіл неме екен, шиқ еткізіп, бірден тежегішті баса қойды.

– Өй, азаматым-ай!

Ес-ағаң шын көңілімен риза болып, сылқ-сылқ күлді.

– Бұны неге айтып отырмын десеңізші…

– Иә?..

– Бұдан былай сіз де бізді дәл осылай ескере жүріңіз, Ес-аға.  Біз аптауыз күтіп тұрғанда тура қасымыздан зу етіп өте шықпаңыз деп жатқаным ғой.

– Ә-ә, енді… бұдан былай міндетті түрде сөйтемін! Бірақ, мен… кейде көрмей қалуым да мүмкін ғой.

– Әй, қайдам, «бірақ» дегеніңізге қарағанда, осы бізді әдейі көрмей өтіп кете бермекшісіз-ау?! Аха-ха-ха!..

Аяқ астынан әзілдері жараса кеткен екі ағама қарап, мен де мәз болып, күліп отырмын.

Аздан соң Тынымбай аға маған қарап:

– Ес-ағаңды көргенде, үнемі осылай еркелеп, емін-еркін қалжыңдаса беремін, –деді жаңағы әзілдің мән-жайын аздап ұқтырып қойғысы келгендей. – Баяғыда бұл кісінің бір-екі өлеңін бір әңгімеме тұздық етіп алғаным да бар.

Менің құлағым елең ете қалды. Өйткені, Тынымбай ағаның әңгімелерін бала кезден білемін, оның ішінде өзіме қатты ұнағандарын әлі де қайталап оқимын.

– Иә-ә, Нұрғалижан, – деді осы кезде Ес-ағаң да басын шұлғып. – Мына ағаңның «Бұлақ» деген әңгімесі тұп-тура маған арналған десе де болғандай.

– С-солай ма? –  Енді менің таңданысымда тіпті шек болмады.

Есағаң басын изеп, жымиып қойды.

– Сонда… әлгі әңгімедегі ақын Ертілеудің өмірдегі прототипі сіз болғаныңыз ғой?!

Кенет Есағаңның ақ сары жүзінің ұшына бір тамшы қызыл бояу тамып кеткендей болды да, ол бірте-бірте құлағының ұшына дейін жайылып сала берді.

– Авторы қасымызда отыр емес пе, – деп күлді содан соң. – Есенбайды аздап өзгертіп, Ертілеу деп жазса жазған-ақ шығар!

– Қызық екен!

– Меніңше, ол ауылда жүрсе қаланы, қалаға келсе ауылды аңсайтын барлық ақын атаулының жиынтық образы ғой, – деді Есенбай аға енді салмақты әңгімеге көшіп. – Бірақ, оның ішінде менің өлеңдерімнен біраз үзінді алынғаны рас.

Осы сәтте Жароков көшесінің бойымен тауға қарай зымырап келе жатқан такси «Алмагүл» мөлтекауданына жетіп те қалған екен.

– Айналайын, мені енді, мына жерден түсіріп кете қойыңдар, – деді Ес-ағаң жүргізушіге қарап.

Манадан бергі ортақ әңгімемізді үн-түнсіз тыңдап келе жатқан ол машинаны жол жиегіне кілт тоқтатып, бізбен жылы қоштасқан Ес-ағаңа қарап ерекше бір ықылас білдіргендей басын сәл изеп қойды.

«Алмагүлден» ары қарай біздің де діттеген жеріміз онша алыс емес-ті. Әні-міне дегенше зыр етіп жетіп келдік.

* * *

Қызық әңгіме. «Бұлақты» айтамын да. Жалпы, Тынымбай ағаның әңгімелерінің бәрі тамаша. Тартымды. Ойлы. Ең бастысы, біздің, қазақ деген ұлттың болмысын, мінез-құлқын, жаратылысын барынша терең, табиғи түрде ашып, көркем тілмен жеткізе білетін шебер суреткер. Оның әңгімелерінің алғашқы сөйлемін оқығаннан бастап-ақ сіз өзіңізді нағыз қазақ ауылына қарай сапар шегіп бара жатқандай сезінесіз.

Әйткенмен, әлгі «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеудің өзгелерден кө-ө-өп айырмашылығы бар. Өйткені, ол жазушының «Сушы» әңгімесіндегі Жаманқұлға ұқсап «Құрттай болған немені бойыммен бассам да бірдеңе етермін» деп, бойы құрттай болғанымен, төбелеске пәле Мұртташпен алысып-жұлыспайды, иә болмаса, «Шашубай» әңгімесіндегі там саламын деп әбігерге түсіп, «ши қалпағының маңдайы желкесіне қарап, ала шалбардың екі балағы бірдей қонышының сыртына шығып», шаршап-шалдығып, кеңкелес боп, «әйелін апа деп қала жаздаған» Шашубай сияқты аптықпайды. «Қорашылар» әңгімесіндегі момын Жақып секілді қапаланып: «Осыларға ерегіскенде бар ма, бір баламды Жылқыайдардай бригадир, екіншісін Сунақбайдай тракторшы етермін-ау. Бұлармен мен сонда сөйлесермін. Сонда білер мына Жақыптың кім екенін», – деп іштей торықпайды да.

Өйткені, ол – ақын. Оның мұңы, оның арманы, оның қуанышы мен қайғысы мүлде басқа. Ол, Ертілеуді айтамыз да, ауылдан төрт шақырым жердегі биік төбенің бауырынан шығып жатқан Қарабұлақты Үлкен анамыз деп қастерлейді. Сондықтан да, қыстың көзі қырауда қасындағы Қошқарбайға: «Екеуміз Қарабұлақтың басына барып қайтайықшы», – деп қолқа салады.

«Жаңа жауған қалың қарды омбылай кешіп» бұлақтың басына жеткен соң, ол шалқасынан жатқан күйі, майда қоңыр үнмен өлең оқи бастады:

  Жаным менің…

       Мынау жарық дүниеде

       Өзгермейтін не бар екен, білдің бе?

       Алтын арай күннің де,

       Ай қалқытқан түннің де

       Тұрғаны ғой мәңгілік

       Тұрлауы ғой жаңғырып.

Қошқарбай ақынның өлең оқығанын бұрын-соңды көрген жоқ-ты. Сондықтан ол Ертілеудің айдалада жатып өлең оқығанын әуелгіде ерсілеу қабылдаса да, келе-келе қызығуы, елігуі басым болды.

       Жаным менің…

       Биік көктен билеп, ойнап жауған қар

       Қанат қағып қара жерге жетеді.

       Бірақ, бұл да баянсыз:

       Көбелек боп келеді,

       Көз жасы боп кетеді,

       Көрген түстей өтеді.

«Биік көктен билеп, ойнап жауған қар» дейді. «Мынау керемет қой! Қандай әдемі айтады. Ә… Мынау Ертілеу шын ақын екен…».

Міне, осы әңгімедегі кейіпкер Қошқарбай таңғалып отырған өлеңнің авторы әлгінде ғана «Алмагүл» шағын ауданынан түсіп қалған ақын Есенбай Дүйсенбай…

* * *

Әл-Фараби даңғылы мен Водозаборная көшесінің қиылысындағы биік, сәнді үйлердің ат шаптырымдай ауласына кіреберісте шлагбаум тұр. Ал оның жанында күзет бөдкесі. Қайсар ағам бізді осы бөдкенің алдынан күтіп алды да, Қалекеңнің үйіне қарай бастай жөнелді.

Қашан келсең де есікті күлімсіреп ашып, жадырап қарсы алатын жылы жүзді, ақ көңіл Нағима апайды көргенде өз басым туған әпкемнің үйіне қыдырып келгендей қатты қуанамын.

Нағима апай – Қалекеңнің құдай қосқан қосағы. Қазығұрт өлкесінің перзенті. Тау қойнауындағы Қақпақ ауылында туып-өскен ерекше бір мейірімді жан.

Біздің осы Нағима апай елдегі барлық апа–әпкелеріміздің ең бір жақсы мінездері мен қасиеттерін бір бойына жинақтап, Алатаудың бөктеріне ала келгендей әсер қалдырады. Сондықтан да, ол кісіні көргенде әрдайым көңілім тасып, бір жауырынымды Қазығұртқа, бір жауырынымды Алатауға сүйегендей арқаланып қалатыным бар.

Бұл, сірә, біздің жүрегіміздегі туған жерге, қасиетті Қазығұрт тауына деген перзенттік ұлы махаббатымыздың шуағына шомылған ең бір ізгі, ең бір игі сезіміміз бен бір-бірімізге деген қалтқысыз сеніміміз болса керек-ау…

Қалекең біраздан бері төсек тартып жатыр екен. Бірімізден соң біріміз тізіліп кірген бізді көріп, жастықтан басын көтерді. Осы сәтте босағада сәл іркіліп қалған Нағима апай: «Амандасқан кезде аттарыңды атап айтпасаңдар, танымай қалуы да мүмкін», – деп құлағыма ақырын ғана сыбырлап, ескертіп үлгерді.

Мен селк ете қалдым. «Қайран Қалеке, мынау қоғамның, әсіресе, сонау бір кездері қазақ руханиятының ақ ордасындай  болған Жазушылар одағының ұзақ жылдар бойы отымен кіріп, күлімен шығып, күндіз-түні тыным таппай, шығармашылық өкілдеріне қолынан келген бар жақсылығын жасаған арыстай азамат, енді міне, сіз де мына өмірдің өткінші екенін есіңізге алып, тозығы жеткен денсаулықтың құлы боп, төсекке таңылып қалғаныңыз ба?!»  – деген бір ой жүрегімді қатты шымшып өткендей болды.

Әйткенмен, әуелде төсектен басын қинала көтеріп, көзін әрең ашқан Қалекең өзінің қаламдас әріптестерін көргенде боп-боз тартқан жүзіне қан жүгіріп, өңі жылып, өне бойындағы ендігі қалған бар күш-қуатын өз қолына жиып алғандай еді.

– Оу, Тынымбай, – деді қиналып үн қатса да, күлімсірей қарсы алып. –Қалайсыңдар…

– Жақсымыз, Қалеке!.. – Тынымбай аға Қалекеңнің еті қашып, сүйегі ғана қалған арық, әлсіз қолын қос алақанымен аялай сипап, көңіл толқынын әзер басып тұр.

Содан соң асыл ағаның көңілін аулағысы келгендей: – Оу, бұ не жатыс? – деп қойды қалжыңдағандай болып. Бірақ, үні қарлығып, ішкі дүниесінде қозғалып жатқан бір жанартаудың оттай ыстық лебін сездіріп өтті.

– Е-е, – деді Қалекең ақырын ғана. – Басқа істейтін тірлік қалмаған соң… жатырмыз да… Өздерің жақсы білесіңдер, мына жүрекке… бірнеше рет операция жасаттым. Бірақ, енді ол да көмектеспейтін сияқты…

Біз терезенің алдына қойылған орындықтарға қаз-қатар тізіліп, отыра бастадық. Екі арада бірер минутқа созылған аз ғана үнсіздік орнады. Бірақ, бұл өзі, сәл  созыла түссе, түбі жоқ бір терең шыңырауға  айналып кететіндей ауыр үнсіздік еді.

Соны сезіп, Тынымбай аға:

– Қалеке, сізбен баяғыдай кең-мол отырып, әңгімелесуге келдік, – деді. – Біздің көңілімізге қарап, бір-екі рюмка коньяк тартып жіберейік десеңіз, оған да қарсы емеспіз.

Қалекең жымиып отырған күйі басын изеп, көзін жұмып:

– Ішеміз, – деді ақырын ғана. – Өзім де сендерді сағынып, әрең шыдап жатырмын ғой…

Осы кезде:

– Дастарқан дайын, – деген Нағима апайдың ақжарқын даусы естілді. – Қазір асты да, шайды да осында алып келемін. Қалекеңмен әңгімелесіп отырып ішерсіңдер…

– Жо-жоқ, – Қалекең енді басын шайқады. – Сол бөлмеде тұра берсін. Қозғама… Қазір мен де сонда барамын.

– Оу, – деді онсыз да аясы кең, бота көздері шарасынан шыға жаздаған Нағима апай таңқалып, – Қалеке-ау, өзің қайтіп барасың?

– Үндеме, – деді Қалекең жымиып отырған қалпы, – мұндай жігіттер келгенде мен орнымнан қарғып тұрып, жүгіріп кетемін.

Сөйтті де, төсектен тұрмақ болып, қозғала бастады.

– О тоба! – Нағима апай енді өз көзіме өзім сенейін бе, сенбейін бе дегендей бізге қарады.

– Жігіттерді төргі үйге баста!.. – деді Қалекең. – Мен өзім қазір, ептеп-септеп соңдарыңнан жетермін!..

Аздан соң біз расында да, кең дастарқанның басында Қалекеңді ортаға алып, арқа-жарқа боп, шүйіркелесіп отырдық. Сол күні ағамыз аяқ астынан тәуір болып, біраздан бері өзін қозғалтпай, төсекке таңып тастаған ауыр сырқатты жеңіп, құлан-таза айығып кеткендей көрінді. Менің басыма, тіпті, ол кісі Нағима апайға еркелеп, бізге дейінгі көңілін сұрай келген адамдарды өп-өтірік жыға танымаған болып, қалжыңдап жатқан шығар-ау дегендей бір қызық ой да үйірілді…

* * *

Кейін бір реті келгенде, Тынымбай ағадан «Бұлақ» әңгімесінің қалай жазылғанын және ондағы бас кейіпкер Ертілеу ақынның прототипі кім екенін сұрап білдім.

– Е-е, ол біздің Қызылорда жақта тұратын бір жігіт еді ғой, – деп езу тартты жазушы. – Қазір қартайып қалды. Аты-жөні… Балашбек деген азамат. Көп оқушы еді… Көп білетін. Және оның елден ерекше бір қызық мінездері бар-тұғын. Маған әңгіме жазуға түрткі болған да сол мінезі ғой…

Қызылордадағы радиокомитетте істеп жүрген кезім. Бір күні жұмысқа Балашбек іздеп келіп тұр. Өзі әлденеге ренішті. «Редакциядағы жігіттерге барып, «Ақ кемені» оқыдыңдар ма? – деп сұрасам, бір де-біреуі білмейді. Жаңа естігендей көздерін ашып-жұмады», – дейді.

Ойбай-ау, ол кезде Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» енді ғана жарыққа шыққан уақыт емес пе. Атын естігенім болмаса, менің де оны әлі оқымаған кезім. Ішім қылп ете қалды, – деп күледі Тынымбай аға.

Ал мен болсам, жазушының «Бұлақ» әңгімесіндегі:

«Бұл жолы ол Қошқарбайға жүдеу әрі көңілсіз көрінді.

– Ауданға барып қайттым, – деді ол әңгімесін өзі бастап. – Барғаны бар болсын. Батпақтап көшеде әрі жүрдім, бері жүрдім де, кері қайттым. Әлі «Ақ кемені» ешқайсысы оқымапты. Түсінесің бе? Ешқайсысы…

Ертілеу әлденеден тауы шағылған кісіше біраз үнсіз тұрды. Қошқарбайдың да басы салбырап кетті. Ол тап қазір Ертілеу басқаны емес, өзін кінәлап тұрғандай сезінді.

– Оқымадық-ау деп күйзеліп те отырған ешкім жоқ. Бір-бір столда шеттерінен керіліп отыр. Мына қоғам туралы, біз туралы жұрт не деп жатыр? Бұл дүниеде не жаңалық, не жақсылық бар деген ой құлақтарына кіріп те шықпайды. Солай, бауырым, ауданға бекер-ақ барған екенмін, таусылып, шаршап қайттым.

Ол қазір де төңірегіне бей-жай ғана көз салып, көңілсіз, шаршау күйде тұрды. Сонан соң көп бөгелуге де ықыласы болмаған Қошқарбаймен самарқау қоштасты да, үйіне қарай беттеді» деген жолдарды есіме алып тұрдым.

Міне, әңгіме қайда жатыр! Суреткер жазушы өз жерлесінің баяғы бір қызық мінезін әңгімеге арқау ете отырып, жалпы, адамзат, қоғам туралы қандай-қандай терең ойларға жетелейді десеңізші. – Баяғы жас кезімізде, Қызылордада біз бір үйді жалдап тұрып жаттық, – дейді Тынымбай аға өткен күндерге көз жібергендей ойлы жанарын алысқа қадап. – Пәтер иесі, ары кетсе, бізден бірер жас қана үлкен, епті, пысық жігіт еді. Бір күні үйге мені іздеп келген Балашбекті көрді де, шүйіркелесе кетті. Сөйтсе, екеуі бір мектепте оқыған екен. Әлгі, пәтер иесі: «Анау есіңде ме, мынау есіңде ме?» деп әркімді бір сұрайды. Бірақ, Балашекеңнің есінде ештеңе қалмапты. Жарытып жауап беріп жатқаны шамалы.Тек әйтеуір, мектепте оқығанын ғана ұмытпаған сияқты. Әрі-беріден соң оған әлгі жігіт кейістік білдіргендей боп: «Өй, немене, өзіңнен басқаның бәрін ұмытып қалғансың ба?!» демей ме. Сонда Балашбектің де оған шүйіліп: «Әй, сен менен ананы білесің бе, мынаны білесің бе деп неменесіне сұрай бересің. Олар түгілі, мен мектеп директорының өзін менсінбейтінмін ол кезде. Өйткені, мен… мен мектепте қабырға газетінің редакторы едім ғой!» дегені бар емес пе?!

Енді менің есіме Тынымбай ағаның «Бұлақ» әңгімесіндегі мына бір жолдар түседі.

«Қошқарбай Ертілеуді бала кезінен білетін. Екеуі бір мектепте оқыды. Бірақ, етене араласқан емес-ті. Өйткені, Ертілеу бір класс жоғары оқитын. Оның үстіне, ол сегізінші класқа жетер-жетпестен-ақ «ақын бала» атанды. Мектептің қабырға газеті Ертілеудің өлеңінсіз шықпайтын болды. Ол-ол ма, Ертілеудің өлеңдері кейде аудандық газеттің жарты бетін түгел алып шығушы еді.

Ауыл балалары түгел Ертілеуді пір тұтатын. Бәрінің де Ертілеуге ұқсап жүргісі, күлгісі келетін. Көпшілігі Ертілеу сияқты ақын боламыз деп әрдеңені шатпақтайтынды шығарды. Балалар түгілі, оны мұғалімдердің өзі де сыйлаушы еді. Ертілеудің кейде мектеп директорының өзімен коридорда терезесі тең адамша сөйлесіп жүргенін көріп, Қошқарбай талай рет таңқалған. Таңқалмағанда қайтсін. Сол директор мектепте Қошқарбай деген баланың бар екенін де білмеуші еді».

Міне, нағыз өмірден алынған деталь көркем әңгімеде құбылып, оқырманға езу тартқызып, ойнап тұр емес пе.

– Ақынның бейнесін толыққанды аша түсу үшін оның өлеңдерінен үзінді келтіру де қажет болды емес пе, – дейді Тынымбай аға. – Әсіресе, олардың – Қошқарбай екеуінің қыстыгүні Қарабұлақтың басына барып, көктемді, жазды аңсап, өмір, тіршілік туралы толғанатын сәтінде ақынның асқақ сезімін, шабытын көрсету үшін мен Балашбектің өзінен бастап, жиырма-отызға жуық ақынның өлеңдерін ақтардым. Қарадым. Іздедім. Сөйтіп, Ес-ағаңның өлеңдеріне жолықтым ғой.

Жаным менің…

       Жадыраған жаз болса,

       Ашық аспан сіркіреп,

       Асау өзен күркіреп,

       Жалын атып жарқын бақ,

       Қаз келеді-ау қаңқылдап.

       … Бұл да көпке бара алмас…

       Ашық аспан бұлттанар,

       Асау өзен мұз болар,

       Жас қызыл гүл сарғаяр,

Қаздар қайтып жоғалар, – деген секілді жолдар менің әңгімемдегі оқиғамен, кейіпкердің көңіл-күйімен үйлесе кеткендей көрінді…

* * *

Енді менің есіме Тынымбай ағаның «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеу ақынның Қошқарбайға қарап: «Мен өз өлеңімнің даусын естуге іңкәр болдым. Сондықтан да мен сені ертіп, ауылдан әдейі ұзап кеттім. Аспан, қыламықтап жауған қар, сонан соң Үлкен анамыз таңдады. Мың да бір рақмет. Тынысым кеңіп, рақаттанып қалдым. Ақын үшін өлең оқудың не екенін сен білмейсің–ау… Білмейсің ғой… – Ертілеудің даусы дірілдеп кетті. – Мен бақытсыз емеспін. Өзім сүйген пәннен сабақ беремін. Шәкірттерімді де жақсы көремін. Бұдан артық мен үшін не керек? Тек өлеңім…» деп айтқан сөздері оралады.

Иә, бұл – тек сөз ғана емес, ішқұса боп жүрген ақынның жан сыры. Ол оны әбден қиналған кезде, өзін қатты сыйлайтын, өсек тасымайтын, бірақ, мынау дүниеде поэзия атты сұлу әлемнің бар екенінен мүлде хабары жоқ, «Бұрын неге өлең оқымағанмын. Ақындардың өлең оқығанын неге тыңдамағанмын», – деп отырған Қошқарбайға ғана айтады.

Бұл өзі, жалпы, ақындарға тән, жо-жоқ, тек ақындарға ғана емес-ау, бүкіл адамзатқа тән мұң болса керек.

Сондықтан да, «Бұлақты» оқыған жан өзі ақын болмаса да, Ертілеудің азабын, қайғысын жақсы түсінеді. Өйткені, мына өмірдің қызығы тек ішіп-жеу, ойнап-күлуде ғана емес екенін ақылы бар адамзат баласы баяғыдан бері біледі, сол себепті, одан әлдеқайда биік, бұлақ секілді таза, мөлдір дүниені аңсайды емес пе.

* * *

286Көп ұзамай, Қалекең дүниеден өтті деген қаралы хабар келіп жетті. Біз бір-бірімізге қарап: «Апыр-ай, әнеугүні барғанымызда әлі тың сияқты еді, – дегендей мұңайып, көзімізге жас алдық. – Айналайын, асыл ағамыз өзінің көңілі жақын інілерін көргенде төсектен басын көтеріп, жанын қинаған ауруды бір сәтке болса да жеңіп, соңғы рет тіл қатысып қалайын дегені екен-ау!..».

Араға бірер жыл салып, Ес-ағаң да мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Сол баяғы Розыбақиев көшесінің бойындағы аялдаманың тұсынан  өткен сайын тағы да бір көрініп қалатындай көпке дейін алаңдап жүрдім. Кей-кейде ішімнен: «Үнемі жып-жинақы, тап-таза боп жүретін ақын ағамыз шын мәнінде де мынау дүниедегі сирек кездесетін рухани  саф тазалықтың бір тамшысындай екен-ау», – деп ойлап қоямын.

Сондай бір мұңлы сәттерде көз алдыма өзім бұрын-соңды көрмеген Қарабұлақ елестегендей болады. Оның суы алыстан арнайы іздеп барып, мейірін қандыра ішкен жандарға шығармашылық шабыт, күш-қуат сыйлап жататын тәрізді.

Тынымбай ағаның «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеудің Қошқарбайға не үшін қыс ортасында: «Қарабұлақтың басына барып қайтайықшы», – дегенін де енді анық түсінгендей боламын. Өйткені, ықылым заманнан бері тазалық тек тазалықты ғана аңсайды екен ғой…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *