Биік үйдің қабырғасындағы суреттерге қалай қарайсыз?

Көбінесе биік үйлердің қабырғасына салынатын бейнелеу өнері бүгінде Алматы шаһарының әдемілігін еселей түскендей. Есіңізде болса, әлгі бір кездері шимай-шатпақ түсініксіз суреттерге көз сүрінуші еді. Бүгінде солардың орнын бейнелі көркем суреттер алмастыра бастапты. Мәселен, Абайдың бейнесі, көркем сөзі!  Астана төріндегі биік ғимараттың қасбетінен орын алған Сәкен Сейфуллиннің бейнесі. Ұлттық ою-өрнектер… Керемет емес пе?! Дәл осындай көркем дүниелерді Сіз байқадыңыз ба, оқырман? Байқасаңыз, нендей ой түйдіңіз? Жалпы, қаламызға «мурал» – «қабырғаға салынатын суреттер» керек пе? Пайдасы бар ма?

 

Гүлназ ҚҰРАНБЕК,

№36 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

 

Қаланы безендірудің креативті жолы

 

– Рас, бізде мурал, стирт-арт бағыты әлі толық дами қойған жоқ. Сол себепті де кейбіріміз көше өнерінің бұл түріне жатырқай қарауымыз мүмкін. Мынадай биік үйлердің қабырғасына сурет салу – кәсіби суретшілер болмаса, жай қарапайым адамның қолынан келе қоймас. Алматының біраз көшелерінен көрдім. Әдемі! Маған қатты ұнады. Суреттерде адамға ой салатын дүниелер бар! Қаламызға жаңаша әр беріп, керемет көңіл-күй сыйлап жүрген өнер иелеріне басымды иемін. Мен мұны қаланы безендірудің креативті жолы деп түсінемін.

 

Маржан ШӨКЕТАЕВА,

кәсіпкер:

 

Жақсы нәрсенің бәрін үйрену керек

 

– Алғаш үлкен көлемдегі туындыларды үйдің қабырғасынан көргенде таңқалғаным рас. Сол сәтте жүрегім ән салғандай ерекше көңіл-күйге бөленгенмін. Тіпті, шет елде жүргендей әсерде болғанмын. Несі бар, Алматымыз әлем қалаларынан еш кем емес. Аспанмен таласқан зәулім үйлер, биік ғимараттар, олардың сәулеттілігі, жасыл-желекпен көмкеріліп, гүлмен безендірілген көшелер бізде де бар. Шет елде ертеден дамып кеткен мурал-арт бағыты, яғни үйдің қабырғаларына салынатын суреттер бізге де жетті. Біле білсеңіз, тұрғын үй қабыр­ғаларындағы мұндай суреттер адам өміріне көп өзгеріс әкеліп, көңілін жайландыратын көрін­еді. Сондықтан көшенің көркіне көрік қосып, абыройын асқақтататын жақсы нәрсенің бәріне тосырқай қарамай, керісінше,  үйрену керек.

Кенжебек ДӘНЕБАЕВ,

әскери қызметкер:

 

Үйлерді шатастырмауға да пайдасы бар екен

 

– Бірде балам екеуміз келе жатып, Саин көшесінің бойындағы биік үйдің қабырғасына салынған Абай Құнанбаевтың суретін көрдік. Суреттің төменгі жағында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген ұлы ойшылдың сөзі жазылыпты. Тамсанып біраз қызықтап қарап тұрдық та, әрі қарай жүріп кеттік. Жол бойы Абайдың айтқан сөзін талқылап, адамгершілік, мейірімділік секілді адами қасиет жайында балам екеуміз көп әңгіме айттық. Ал әңгіме жол қысқартпай ма, үйге қалай жеткенімізді білмей қалдық. Қандай мағыналы сурет! Көркем дүние! Расында да, мұндай өнеріміз өзгенің емес, өз ұлтыңның жанына жақын болғаны қандай ғанибет! Халық игілігі үшін атқарылатын осындай жұмыстарға дән ризамын… Тіпті, үйлерді шатастырмауға да пайдасы бар екен. Әйтпесе, қаладағы үйлерді бір-бірінен ажырату қиын ғой.

 

Нұрбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,

№35 мектептің сурет пәнінің мұғалімі,

тәуелсіз суретші:

 

Жаңа қырынан танытатын тамаша тәсіл

 

Былтыр «Отардағы» әскери қалашыққа шақырту бойынша іссапармен барып, биік ғимараттардың қасбетіне әскери значоктардың суретін салып қайтқанбыз. Жалпы, суретші болу – шеберлік пен жауапкершілікті бірдей талап ететін мамандық. Үйде отырып немесе арнайы шеберханада отырып сурет салу бір басқа да, мынадай биіктікте, ел алдында жүріп жаңа бір туындыны дүниеге әкелу бір басқа. Өкініштісі, біз өнердің бұл түрін дұрыс бағалай алмай жатырмыз. Тіпті, кейбіріміз еріккеннің ермегі деп қабылдаймыз. Дәл осы өнер арқылы қазақ өнерінің қасиетін, ұлттық бояудың ерек­шелігін көрсетуге болады. Мәселен, қаламызда шаң басып, сүреңсіз сұр түс жамылған үйлер көп. Солардың қасбетін қазақтың батырлары мен ақындарының, көсемдері мен шешен­дерінің, би-бағландарының суреттерін салып, жарқыратып жіберуге болады. Сонда әлгі ешкім көңіл аудармайтын үй әп-сәтте-ақ ел қажет­тілігіне айналып шыға келмей ме? Егер өнердің бұл түрі санаңа жаңа ой әкелсе, серпіліс ту­дырса оған біз қуануымыз керек. Бұл Алма­тыны жаңа қырынан танытатын тамаша тәсіл!

 

Шынар НҰРДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

«ЦОССУ №1» ҚМБ-ның әлеуметтік жұмыстар бойынша маманы:

 

Бейнелеу өнерінің заманауи үлгісі деп түсінемін

 

– Иә, мен де кейбір үйлердің қабырғасы­нан, көлік тұрақтарының қоршауларынан мағынасыз суреттер мен түсініксіз жазуларды жиі көретінмін. Көшенің көркін бұзып тұратын мұндай «туындылар» үнемі көптің көңілінен шыға бермейді. Сондықтан мен қадағалаудан тыс салынатын көше өнерін құптай бермеймін. Ал керісінше, мынадай сәні мен мәні астасып жататын, жұртқа ой салатын суреттерді қуана қабылдаймын. Мұны бейнелеу өнерінің заманауи үлгісі деп түсінемін. Сондықтан қабырғадағы суреттер қала келбетіне әдемі әрі өзгеше көрік беріп қана қоймай, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеп, саламатты өмір салтын үндеуге септігін тигізеді деп есептеймін. Ал ұлттық тұрғыдағы тәрбиенің һәм әсемдіктің үлгісіне айналар, қоғамға пайдасын тигізер тың идеялар бізге қашанда керек!

 

Самал БЕКТАЙ,

пошта қызметкері:

 

Елге қызмет еткен тұлғалардың суреттері болса…

 

– Күні кеше дәл осы суреттерге қатысты біздің үйде қызу пікірталас болды. Ұлым «мәссаған, қалай салады екен?» деп таңқалды, жұбайым «ұлттық құндылықтарды көбірек насихаттаса…» деді. Ал мен қаланы безендіру мақсатында шаһар басшылығының дәл осы мурал тәсілін қолға алғандарына қуандым. Қараңызшы, Алматының ажарын аша түскендей… Қаланың сәніне сән қосып тұр. Әйтпесе, есіңізде ме, бір кездері Алматыда жалаңаш қыздар мен сыраны жарнамалаған суреттер қаптап кетіп еді ғой. Көшеде келе жатқанда менмұндалап тұратын мұндай көрініс көзге бірден түседі. Бірде ата-енеммен, бала-шағаммен келе жатып әлгі суреттің қасынан өткеніміз бар. Бала емес пе: «Анашым, мына суретке қарашы!» деп тақылдап болмайды. Ұялғаным-ай! Бұл алып шаһарға жарасатын келбет емес. Сондықтан Алматы көшелерінен барынша танымдық дүниелерді насихаттайтын, тәрбиелік мәні бар дүниелерді көп болғаны дұрыс.  Сондай-ақ, елге қызмет еткен ұлы тұл­ға­лардың суреттері де үнемі көптің назарында болса… нұр үстіне нұр болар еді. Мұның бәрі біздің келешек ұрпақ үшін өте қажет.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *