Батырлар туралы мультфильмдер көптеп шығарылса

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханадағы «Дөңгелек үстел» басында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылаған басқосу болып өтті. «Мәдени мұра» – өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлттың табиғи болмысын іздеудің даңғыл жолы. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақ өзінің арғы тегін, бабаларының өркениетке қосқан үлесін әлемге паш етуіне жол көрсететін бағдаршам», – деп бастады кіріспе сөзін «Дөңгелек үстелді» жүргізуші, кітапханадан шығатын «РБНСГ – Вести» газетінің редакторы Нұрлан ӘБДІБЕК.

Асхат БАЙҰЗАҚОВ, кітапхана директоры:

– Аң стилі – феномен. Көшпен­ді­лердің жан-жануарларды бейнелеуде алтынмен әшкейлеп жасаған заттары металл өңдеудің күрделі технологиясын меңгергендігін көрсетеді. Мәселен, Алматы облысынан табылған «Жалаулы алтыны» ішінде мынадай бір қызықты сюжет бар. Түн. Аспанда жұлдыздар. Жусап жатқан бұғылар. Шетінде қара­уылда тұрған теке. Үлкейткіш құралмен қарағанда, жусап жатқан жануарлардың көзі түнде жанып тұрғаны көрінген. Яғни аң стилі – өзінің кезінде көріністі образ­ды берумен де, металл өңдеумен де әлі де өзіндік орны бар өнер екені әлемде мойындалған құбылыс. Ал енді осы өнердің шыңы ретінде Алтын адамды айтуға болады.

 

Әбетхан ТОҚТАҒАН, зағип ақын:

– Мен өзім Шығыс Қазақстанда, Зайсан жерінде туып-өстім. Бүкіл түркі баласының алғашқы қонысы Алтай жері дегенде, мені мақтаныш сезім баурайды. Берел қорғанының бір өзі неге тұрады?! Біздің түп аталарымыз Алтайда алғаш темір өндіріпті. Біздің мыңжылдықтың басында осы Алтайда түркі қағанаттары пайда болды. Түркілер Алтайдан жан-жаққа тарады деген көзқарас бар. Орта ғасыр тарихында түркілер құрған мемлекеттердің алатын орны өте маңызды. Сол Алтайда қазақтар әлі тұрады.  Ішкі Қытайдан жібек артқан керуендер Алтайды асып, Орта Азияға, одан әрі Еуропаға жеткен.

Мүбарак ШӘКІР, композитор, кітапхана ардагері:

– Әбеке, дұрыс айтасыз. Жібек жолы ғасырлар бойы Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда қарым-қатынас жолы болды. Ортада ұлы дала жатты. Ұлы далада Жібек жолының мыңдаған соқпағы болды. Яғни біздің жерімізге осы Жібек жолы арқылы батыстың да, шығыстың да мәдениеті келіп, біз арқылы оларға түркі даласының озық мәдени жетістіктері тарады. Қазіргі кезде Елбасының бастама көтеруімен Жібек жолын қайта тірілту мақсатын Қытай мен Ресей, сонымен қатар, көптеген батыс елі қолдап, күрежол салынып бітті деуге болады.

 

Мақсұт ТАЙЫНҰЛЫ, кітапхана директорының орынбасары:

– Алатаудың бауыры дүние жүзін­дегі, бүгінде тұқымы мыңға жеткен алманың тарихи отаны ретінде дәлел­деніп отыр. Яғни алманың генетикалық түрі, алманың атасы – сиверстің жабайы алма түрі әлі күнге дейін біздің тауларда өсіп тұр екен. Оны көрген шетелдік ғалымдар таң-тамаша қалып отыр. Кезінде Ұлы Жібек жолымен әлемге тараған. Қаламыздың Алматы атануы да тегін емес екен. Сонымен, регел қызғал­дақтары туралы да осыны айтар едік. Қазір Қазақтанда өсіп тұрған қызғалдақ­тардың 35 түрі әлемдегі үш мың тұқым қызғалдақтың басым көпшілігінің тегі саналады екен. Біздің алдымызда осы қызғалдақ пен алманы өзінің табиғи отанында заман талабына сай өсіріп баптап, дүниежүзілік нарыққа шығару міндеті тұр. Онда әлемге тарататын Жібек жолы да қайта тіріледі. Мұның бәрі бүгінгі жастарды әлем нарығына бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуді аға ұрпақтың алдына міндеттеп отыр.

 

Алмас ҚЫСТАУБАЕВ, кітапханашы:

– Қазір үйдегі сәбилердің тілі теле­дидардағы орысша мультфильмдерді көріп, орысша шығып жатыр. Бұл шаруаны мемлекеттік деңгейде қолға алып, түп-тамырымыз туралы анима­циялық фильмдер, ересек көрермендерге арналған көркем фильмдерді көптеп шығару да осы мақалада айтылған міндеттердің орындалу жолдарының бірі. Көпшілікке ғылыми-деректі фильм­дерден көрі көркем фильмдер өтімді. Кинолардың басым көпшілігінде Еуропа елдерінің ата-бабалары айрықша батыр етіп көрсетіледі. Біз де осы үрдісті пайдалануымыз қажет. Кино – әлемнің назарын аударатын құрал.

 

Фархат ЮСУПДЖАНОВ, «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымының президенті:

– Осы көтерілген мәселелердің біз­ге – зағиптарға жеткізілу жолдары қарасты­рылса. Мәселен, Алтын адам және басқа қазба құндылықтарының макеттері жасал­са. Біз көре алмаған­дықтан, ол макеттерді қолмен ұстап се­зінетін едік. Өкінішке орай, бұл тақы­рыптарға жи­налған бай құжат­тарға біздің қолымыз жетпей отыр. Сондай-ақ, Елбасы көтер­ген энцикло­педияға біз де атсалысар едік. Энцикло­педияның брайль нұсқасы және сөйлейтін фор­матта шығарылса деген ойым бар.

 

Захра МАХАНОВА,

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 

республикалық кітапхана қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *