Бас ғылыми қызметкер

(Эссе)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

 

Тегіне тартқан тарланбоз

 

Қанағат бар сөзінде,

Қиналмайды азапқа.

Қажы әкесі кезінде,

Қаржы бөлген «Қазаққа»!

(Тақырыптың тұздығы)

 

Бір орында ұзақ жыл бойы қызмет істеген кісілердің өмір жолын ел-жұрт сол мекеменің тари­хымен байланыстырады. Ақсақал деп ардақтайды, қария деп қадірлейді. Әрине, бір ұжымда бірер жыл ғана жұмыс істеп, өшпей­тін із, өлмейтін сөз қалды­руға болады. Бірақ көп жыл қыз­мет атқарған адамның ғұмырна­масы шежіредей көрінетіні рас. Ендеше, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында жарты ғасырдан астам уақыт бойы ғылыммен айналысып, қыруар іс тындырған ардақты ағаларды аялай білуіміз керек. Ғылым ордасына жер-көкті шулатқан жиырма бесінде келіп, сол жиырма бестің қызуын кетір­мей, қоламтасын өшірмей, жігерлі жетпіс беске, сергек сексенге дейін алып жеткен санаулы да саналы ағаларымыздың бірі Мұха­медрахым Жармұхамедұлы еді.

Құдай көпсінбесін, Әуезов институтының аға буыны Әуезов­тің көре алмаған жетпісін әлдеқа­шан артқа тастады. Тіл-аузы­мыз тасқа, олар жетпіс бесті де, сексенді де сергек қарсы алды. Арғы Мұхаңның дәуірін көрген бергі Мұхаң да солардың бірі болатын.

Жарты ғасырдың ішінде жас ғылыми қызметкерден бас ғылы­ми қызметкерге дейін жеткен әдебиеттанушы-ғалым Мұ­хамед­рахым Жармұхамед­ұлының ғылы­ми-шығар­машылық еңбектерін үш топқа бөліп қа­рас­тырған жөн. 1) Ежелгі мұра­лар туралы зерт­теулер; 2) Айтыс өнері туралы мақалалар; 3) Жеке тұлғалар туралы пор­трет­тік дүние­лер. Ол тарихтың қой­ны-қонышын түгел ақта­рып, рухани жәді­герліктерді ел-жұрт­пен таныстыру қиынға түсетін заманның өзін­де көне мұраны зерт­теп-зерделеуге құмартты. Төл әдебиетімізге тікелей қа­ты­сы бар тұлға­ларды түгелдеп, жаңа мәлі­меттер мен тың деректерді ғылыми айналымға қосты. Әдебиетші-ғалым Бұқар Қалқаманұлы, Қо­жа­бай Тоқсанбайұлы, Базар Оңдасұлы, Нұржан Наушабай­ұлы, Серәлі Еруәліұлы, Мұқан Балтекейұлы, Ыбырай Алтын­сарин, Мұхамедсәлім Кәшімов, Баймұхамед Бисенбинов, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Шөже Қаржаубайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Бұдабай Қабылұлы, Дулат Бабатайұлы, Әбубәкір Шоқанұлы сынды қазақ поэзиясы алыптарының шығар­ма­шы­лық өмірбаянын түзуге атсалысты. Ащы ішектей шұба­тылған осы тізімге қарап, әдебиет тарихында Мұхаңның қолы тиме­ген портреттік зерттеулер некен-саяқ екендігін аңғару қиын емес. Ал Қожа Ахмет Яссауи бабамыз халқымызға қайта оралып, хикметтері түркі жұртына түрікше де, қазақша да жан-жақты түсін­діріліп жатса, бұл өнегелі іске Мұхамедрахым Жармұхамедұлы да үлкен үлес қосты. Ол инсти­тутта дайындалған қазақ әдебиеті тарихының он томдығын жазу жобасына белсене қатысты. Халық ақындары туралы шығар­машылық портреттердің біразын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілі­сіне арналған өлеңдер туралы тарауды біздің кейіпкеріміз әзірледі.

Ғалым ғұмырының ащы сәт­тері де, тұщы сәттері де жетерлік. Ишанның баласы болғандықтан жастайынан қудаланып, тағдыр­дың ауыр соқпақтарынан өтті. Төлқұжатының туған жерін көр­сететін тұсына өзге өңір жазылды. Туған әкесін танытатын тұсқа әкесінің інісі Жармұхамедтің есімі тіркелді. Сөйтіп, туған әкесі – алаштың ардақтысы, әйгілі Ахмет ишан Оразайұлының аты-жөні әдебиеттанудың тарихынан ойып тұрып орын алған ұлының төлқұ­жатынан тыс қалды. Әйтпесе, біз бүгін Мұхамедрахым Ахметұлы Оразаев деген кісінің елеулі есімін ұлықтап отырар едік.

Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, про­фессор Файзолла Оразаев Ахмет ишан Оразайұлының екі рет Меккеге сапар шеккені, бір рет өзі барғаны, екінші рет кедейлерді жинап апарғаны, елді отырық­шылыққа бейімдеп, арық қазды­рып, жер жыртқызып, егін еккіз­гені туралы жазды. Ахметтің баласы Мұстафа Оразаев – Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығарған ағартушылар­дың бірі. Ол басылымды шығару ісін материалдық тұрғыдан қамта­масыз етуге жауапты болған. Елдегі әкесін газетті қаржылан­дыру жұмысына тартқан. Міне, осындай шуақты шаңырақтан өнеге  көрген Мұхаң алаш арыста­рының үлгісін жастайынан санасына сіңіріп өсті.

Мұхамедрахым аға кандидат­тығына да, докторлығына да, қанша ғасыр өтсе де құнын жоғалт­пайтын тақырыптарды таңдап алды. Он алтыншы жылғы көтеріліске байланысты туған өлең-жырлар, айтыстың арғы тегі мен дамуы турасындағы зерттеу­лер ғалымның ғылымдағы ел білетін екі белесіне көтерілуіне себеп болды. Бұл еңбектерге құрсаулы кезеңнің қасаң идеоло­гиясының көлеңкесі түскен жоқ. Замана сипатын өзгертіп, дәуір дөңгелегін ауыстырған сәтте де Мұхаңның осы зерттеулері мән-маңызын жоғалта қоймады.

Әрине, ағамызға докторлық  дәреже, профессорлық атақ жетпіс бес белеске жақындағанда кешігіңгіреп келді. Бірақ игіліктің ерте-кеші жоқ. Қайта салиқалы жасқа жеткен ғалымдардың осы­лайша ғылымның биігіне кемел­дік­пен көз салғаны дұрыс па деп қаламыз. Тегіне тартқан тарлан­боз, найзадай тіп-тік, әсем киініп, әдемі жүретін Мұхамедрахым Жармұхамедұлы бүкіл институ­тымыздың көз қуанышы еді. Неге екенін білмейміз, алда-жалда бөлімге ат басын бұрған төмен етектілер алдымен сол кісіге, содан кейін ғана бөлімнің басқа қызметкерлеріне – Ақжігіттің ажарына, Дарханның дидарына, Төренің тұрпатына көз салатын.

Жиырмасыншы ғасырдың басында ұлтымыздың ұраны болған «Қазақ» газетін шығару үшін қаржы тауып, демеушілік жасаған Ахмет ишан Оразай­ұлының ғылым қуған перзентінің мұрасын бастыруға енді бүгінгі ұрпақ демеуші болса да артықтық етпес еді. Бірақ қарапайым­дылығымен қадірлі Мұхаң қашан да  ешкімнің қолдау-көмегіне зәру болған емес.

Жетпістен асып, сексенге бет бұрған ағаларымыз қай кезде де институтымыздың айбары болды. Кешегі Мұхаң діңгегін тіктеген шаңыраққа қалтқысыз қызмет еткен сол ғалымдардың бірі біздің кейіпкеріміз еді.

 

 

Жігіт жасы – жетпіс бес

 

Сырбаз мінез – бір бағы,

Сөзі қандай, ой қандай?

Сал-серінің жұрнағы,

Сырда қалып қойғандай…

(Тақырыптың тұздығы)

 

Қос ғасыр ұштасқан тұста М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке келдім. Қазақ әдебиетінің тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері болдым. Бұл бөлімді ұзақ жылдар бойы асылдың сынығы, тектінің тұяғы Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева басқарған екен. Біз келген тұстағы бөлім меңгерушісі – Серікқазы Қорабай еді. Шағын шаңырақта өңкей танымал ғалым­дар шоғырланған-ды. Сыр­баз да сұлу Шәмшия апайдың бөлімге әр келгені – мереке. Қаби­болла Сыдиықов, Раушан Қалиева, Сәрсенбі Дәуітов сынды белгілі әдебиеттанушылар – осы бөлімнің бір-бір қазығы секілді. Солардың ішінде Мұхамедрахым Жармұхамедұлының орны бөлек. Қимыл-қозғалысы ешкімге ұқсамайды. Баяғының серілері секілді сырбаз. Жүріс-тұрысы жас жігіттей ширақ. Көп сөйлемейді. Артық-ауыс әңгімеге жоламайды. Тек ара-тұра әдемілеп бір жы­миып қояды.

Ұзамай Серікқазы Қорабай институт директорының орынба­сары болып тағайындалды да, оның орнына бөлім меңгеруші­лігіне мен бекітілдім. Сәл кейіні­рек мекемеге академик Сейіт Қасқабасов басшы болып келген соң Ежелгі әдебиет бөлімін құрып, бізге сол бөлімнің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Жаңа­шыл басшымыз сол жылы уни­верситеттің Шығыстану фа­куль­тетін бітірген талантты жастар­ды қызметке тартты. Сол жастардың ортасына тәлімгер ретінде Мұхамедрахым ағаны жіберді. Сөйтіп, Мұхаң екеуміз білек сыбанып, кілең бала-шаға­мен бірге қызу жұмыс жүргізе бастадық.

Ежелгі әдебиет бөлімі болған соң біз ерте замандағы рухани құндылықтарды қазбалауға тиісті едік. Ескіше ептеп оқи алатын, көне мұраны саралай білетін Мұхаң бұл салаға дайын болып шықты. Қандай тапсырма берсек те асқан жауапкершілікпен орын­дайды. Көп тіл білетін жас буын ырғалып-жырғалып жүргенде, ол кісі өзіне тиесілі шаруаны мерзімінен бұрын бітіріп қойып, келесісінің қамын ойлап отырады. Жетпіс бес жасына дейін жұмыс­қа қабілеті таңғаларлық болды. Жазуы маржандай, әр әрпі ақ қағазға төгіліп түседі. Кешке жұ­мыстан қайтарда үстелінің үстін тап-тұйнақтай етіп жинап кетеді. Әр заты өз орнында тұрады. Біз бұған керемет қызығамыз. Өйт­кені, мұндай ұқыптылық өзгемізде жоқ еді.

Ең қызығы, ол жасы ұлғай­ғанда докторлық диссертация қорғауға бел буды. Сірә, елдің бәрін құлшындырған Сейіт Қасқабасовтың жаңашылдығы әсер етсе керек. Бұл бір машақаты көп жұмыс. Докторлық диссерта­цияны жазып болған соң, оны қорғап шығып шығу үшін соның көлеміне жетеқабыл қосымша қағаз дайындауға тиіссің. Бұған ақсақал жасына әлдеқашан жеткен адам түгілі жігерлі жас­тардың да оңайлықпен шамасы келе бермейді. Сонымен қатар, қағазға ұқыптылық, табандылық пен тиянақтылық қажет. Мұха­медрахым аға осындай өткелдер­дің бәрінен сүрінбей өтті. Айтыс өлеңдерін зерттеп, оны ғылыми ортаның назарына ұсынып, талап­қа сәйкес мақалаларын жария­лап, бірнеше рет талқылауға түсіп, ақыры диссертациясын абырой­мен қорғап шықты. Бас-аяғы бір-екі жылда кандидаттығы мен докторлығын бірдей қорғап үлгеретін пысықайлардың қылы­ғы­на қарсы қоятын ерен еңбектің үлгісі еді бұл. Мұхаң осы ғылыми жұмысын қорғау үшін отыз жылдай толғатты. Ғылыми еңбегін аяқтаған соң әлдекімдердей шаршап-шалдығып қалған жоқ. Жылдам қимылдап, Жоғары аттестациялық комитетке құжат­тарын тапсырып тастады да, күн­делікті қалпына түсіп, жұмысына құлшына кірісті.

2003 жылы Мұхаңның жетпіс бес жылдығы таяп келе жатты. Шындығында, бұл оның құжат бойынша атап өтілетін мерейтойы еді. Ал өзі «1928 жылы емес, 1925 жылы туғанмын» дейтін. Біз, бөлім қызметкерлері, оған арнап тосын­сый жасауды ұйғардық. Әркім әр түрлі идея айтты. Біреу кітап, біреу қаламсап алып берейік десті. Ақыры, оны Жоғары аттестация­лық комитет бекітетін профессор атағына ұсынатын болдық. Мұны өзіне білдірмей іске асырғанды жөн көрдік. Сонымен құжат дайындау науқаны басталды да кетті. Бөлімнің жастары жаппай атсалысқан соң ешқандай кідіріс болған жоқ. Ақсақалдың барлық құжаттары үйінен жасырын жет­кізіліп, көшірмесі жасалып, хаттамалары жедел әзірленді.

Мұхаңның іс-қағаздарын алып, Сейіт Қасқабасовқа қол қойдыру үшін директордың каби­не­тіне кірсем, ол кісі: «Кеше ғана қорғаған жоқ па, неғып тездетіп жатырсыңдар?», – деп әзілдеп күледі. Ұзамай ЖАК-тан оның профессорлық аттестаты келді. Соны тапсыру үшін де тапқырлық таныту керек болды. Сол үшін Мұхаңа арнап әдемі былғары портфель алдық. Институттың ғылыми кеңесінде оның мерей­тойын атап өтіп, портфельді өзіне табыс еттік. Осы тұста жігіттердің бірі: «Мұха, ана портфеліңізді ашпайсыз ба? Ішінде не бар екен өзі?», – деп қалды. Мерейтой иесі сөмкені ашқан кезде оның ішінен профессор аттестаты шыға келді. Сондағы ақсақалдың қуанышын көрсеңіз…

Сөйтіп, оған атақ пен дәре­женің бәрі кеш келді. Кандидат­тық еңбегінен соң берілетін, доцент атағын алмастыратын аға ғылыми қызметкер атағын да қатарынан кейінірек алды. Мұхамедрахым Жармұхамедұлы өз қатарластары секілді тек жұмыс істегенді ғана білді. Инсти­туттың жоспарлы жобала­рын бірінен соң бірін атқарып, өмірдің өз ағысымен жүріп жатты. Сол жаңа бөлім құрылып, оған жастар жаппай жұмысқа алына­тын жылы белсенділігі қайта оянды. Сөйтіп, ерік-жігері, ішкі рухы мықты екенін көрсетті. Әдебиетші қауымнан әлдеқашан лайықты бағасын алып қойған ол жоғары ғылыми атақ-дәреже­леріне осылайша табандылықпен қол жеткізді. Мұхаңның мерей­тойын тойлайтын жылы оның сыртқы сипатына сүйсінген жас­тар жағы «Жүзіңе нұр құйылсын, Тойыңа жұрт жиылсын. Жігіт жасы – жетпіс бес, Біздерге де бұйырсын!» деп әндеткені есі­мізде…

 

 

«Бүгінде Мұхаңдардың бәрі мықты…»

 

Айбыны асқақ өр елдің,

Арналарын үзбеген.

Айтыс деген өнердің,

Арғы тегін іздеген.

(Тақырыптың тұздығы)

 

Көпке дейін Мұхаңның жетпіс бесінің жыры таусылған жоқ. Оның мерейтойын атап өткен сол ғылыми кеңес мәжілісінен кейін арнайы кеш ұйымдастырылды. Бұған бастамашы болған ақса­қал­дың өзі қызмет істейтін Ежелгі әдебиет бөлімінің жас қызмет­керлері еді. Бұлар – жастайынан бірнеше тіл игерген ұғымтал ұлан­дар. Шетінен жұлынып тұрған жігіттер Мұхаңа арнап қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік, парсы, ұйғыр тілдерінде құттық­тау әзірледі. Ақсақал кеш бойы жастарға сүйсініп қарады да отыр­ды. Шынында да, Сейіт Қас­қабасов тәуекелге бел байлап, қызметке шақырған сол тұстағы сары ауыз жастар тәжірибесіз­дігіне қарамастан тау қопарардай қайратты еді. Академик сірә да қателеспепті, бұлардың бәрі де кейін ғылыми еңбектерін дер кезінде қорғап шықты. Қазір солар елдің ең маңдайалды уни­верси­теттерінің бір-бір беделді кафед­раларының тізгінін ұстап отыр.

Осы жігіттер Мұхаңның мерей­тойында ақындар айтысын ұйымдастырды. Докторлық дис­сертациясын айтыстың тарихы­нан қорғаған ғалымның шығар­ма­шылық кешінде айтыс өнерінің дәріптелуі сондай жарасымды еді. Әдебиет және өнер институты болған соң екі ауыз өлең құра­майтындары бола ма?! Мекеме­міздің арқалы ақындарының арасындағы сөз сайысы сол жолы былайша өрбіді:

 

Бірінші ақын:

Жетпіс бес – жігіт жасы,

ердің жасы,

Сол ерді қадірлеген елдің жасы.

Ерінбей ертелі-кеш

еңбек еткен,

Елу жыл тамшылаған

тердің жасы.

 

Қазағым қанық екен бұл есімге,

Сондықтан ел-жұртының

жүр есінде.

Жайнаған жігіт жасы –

жетпіс беске,

Сен өзің кім келгенін білесің бе?

 

Екінші ақын:

Жетпістің бесеуіне ғалым келді,

Қызуы қайтпайтұғын

жалын келді.

Қырық жыл жұмыс

істеген шаңыраққа,

Ағамыз қайратының

бәрін берді.

 

Бүгінде Мұхаңдардың

 бәрі мықты,

Сөйлесе, ағынан

бір жарылыпты.

Жетпістен асып кеткен

ағаларым,

Мойындап көрген емес

кәрілікті.

Ақындар айтысында Мұхаң тақырыбынан ауытқымау жөнінде қатаң талап қойылғандықтан, жас перілер тек осы мәселенің төңірегінде ғана кеңінен көсілді. Олар өз тойында ақсақалдың көңі­лін көтеріп, мәртебесін арт­тыру керек екендігін жақсы түсін­ді. Бір-біріне сұрақ қойып, өзара жауап­тасып, сөз сайысы­ның қызықты болуына жол ашты. Біріншісінің: «Кім оны кәрілікпен таластырған? Жақсы ғой жаспен көңіл жарас­тырған. Осындай ағаң бар ма, жетпісінде, Айтыстың арғы тегін қарастырған?», – деген сауа­лына екінші ақын: «Сұрағың дей алмай­мын ұнамайды, Айтпа­са ақын көңіл шыдамайды. Тек қана айтыс­ты емес, арамызға, Әкелді Бұқар менен Бұдабайды!», – деп жауап беріп, ғибратты ғалымның жемісті еңбектерін жыр тілімен баяндап берді. Айтыс одан әрі былайша өрістеді:

Бірінші ақын:

Елу жыл еңбек жолы –

дара дастан,

Тарихты түгелдеуге араласқан.

Ақыры докторлығын

қорғап алды,

Жетпістен асқанына

қарамастан.

Ғалымдар бұл ордада

сұрыпталған,

Іздейді мұраларды ұмыт қалған.

Себебін сен осының білемісің,

Қорғамай неге ағамыз

жүріп қалған?

 

Екінші ақын:

Жетпісте кемеліне толған

шығар,

Бақ құсы сәл кешірек қонған

шығар.

Ишанның ұрпағы деп қуалаған,

Өкпесі өкіметке болған шығар.

 

Қолдарын мезгілден

кеш сермеген де,

Ешкімге ар-намысын

 бермеген де.

Қорғамай жүрер ме еді,

кім біледі.

Басшы боп Қасқабасов

келмегенде.

 

Ең соңында екі ақын қосылып былайша жырлады: «Ағайын жы­ры­мызды ұғып көргей, Қояйық біреумізді жығып бермей. Келсе де Мұхаң біздің жетпіс беске, Жүреді жиырмадағы жігіттердей! Ғұмыры – ағамыздың жатқан аңыз, Үнемі біз сізбенен мақтанамыз. Ендеше, қазақ деген халық үшін, Сексен­де, тоқсанда да тоқтамаңыз!». Осындай игі ниет, шынайы тілек Мұхамедра­хым ағаны ширықтыра түсті. Жастардың ортасында жанын салып жұмыс істеді. Соларға үнемі үлгі болды.

 

 

Ешқашан ескірмейтін еңбек

 

Күдік алмас көңілге,

Күйсе-дағы өзегі.

Көргені көп өмірде,

Көнелердің көзі еді…

(Тақырыптың тұздығы)

 

Мұхамедрахым Жармұ­хамед­ұлының кандидаттық еңбегіне 1916 жылғы көтеріліске байла­нысты өлең-жырлар арқау болға­нын жоғарыда айттық. Бұл тұста оның өзге әріптестері саясаттың ыңғайындағы түрлі мәселелерді шетінен қаузап жатты. Мәселен, «Колхоздастыру дәуіріндегі әде­биет», «Тың игеру кезіндегі әде­биет», «Қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбы», «Ұлт поэзия­сын­дағы жұмысшы жастар бейнесі» секілді ғылыми жоба­ларға алдыңғы кезекте мән беріл­гені рас-ты. Ал Мұхаң бұл ұлы дүрмекке ілесе қойған жоқ. Ол он алтыншы жылғы көтерілісті жырға қосқан ақындардың шығарма­ларын нысанаға алып, еркін көсілді. Сондықтан еңбекті жазып жүрген кезде де, қорғаған тұста да, одан кейін де абырой-беделі жоғары болды. Жаңа дәуір алмасып, бұрынғы заманның талап­тарына сай қорғалған талай диссерта­циялардың көк тиындық құны қалмаған кезде, Мұхаңның он алтыншы жыл туралы елеулі еңбегі алмас қылыштай жарқы­рап, бағасы арта түсті.

Тегінде, кеңестік дәуірде докторлық диссертация қорғау оңайлықпен жүзеге аспайтын еді. Ғылыми еңбектің бәрі Мәскеуде бекітілетін болған соң, бар әрекетің мен ниетіңді соған лайықтайсың. Құжаттар түгелдей орысшаға аударылады. Соның қиындығынан әбден ығыр болған Мұхаң қолын бір-ақ сілтеген. Тәуелсіздік таңы атқан соң сең бұзылды. Өз елімізде ғылыми еңбектерді бекітетін Жоғары аттестациялық комитет құрылды. Соған орай Қазақ елінің жас докторлары көбейе бастады. Осы оң өзгерістерді көріп жігерленген Мұхаң қаламын қолға алды.

Кейіпкеріміз бір кезде бастап қойған ақындар айтысының тарихына арналған докторлық диссертациясына қайта кірісті. Ғылыми кеңесшісі – ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай сөзі салмақты, ісі орнықты, өзі сергек, өзі ересек салиқалы шәкіртінің талабын үнемі құптап, оны жігерлендіріп отырды. «Айтыс – уәж, дәлелге құрылған екі қарсы­ластың ақындық сөз сайы­сы, өнер бәсекесі» деп негізгі анықтамасын беріп, бекзат жыр сайысының түп-төркініне үңілген Мұхаң елді елең еткізерлік талай мәлімет ұсынды. Ол айтыс дәс­түрі­нің қазақтан басқа қыр­ғыз, қарақалпақ, алтайлықтар ара­сында қанат жайғанын деректер арқылы дәлелдеді. «Айтыс бүгінгі түрік елінде де бар. Олар мұны «Атышмалар» деп атайды. Аты­нан көрініп тұрған­дай, бұл айтыс­тар атысу, жауласу мағынасын аңғартады» деп ой қорытты. Сонымен қатар, араб­тар­дың «Мұғаллақат» деп атала­тын өлең­дері қазақ суырыпсалма айтыс өнерінің бағзы дәстүріне ұқсас екенін мәлімдеді. Есте жоқ ескі замандағы сөз бәсекесінің алғаш­қы үлгілерін көрсетіп, оның қалып­тасуы мен даму жолдарын нақты айқындап берді. Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы әйгілі ақындар айтысының мән-маңызына баға берді. Бұл өнердің былайғы жұртшылық түгілі кәнігі әдебиетшілердің өзі бірден аңғара бермейтін түйткілді тұстарына тереңірек үңілді. Бүгінгі айтыскер­лердің фольклорлық дәстүрді қаншалықты жалғастырып жүрге­нін ғылыми тұрғыдан негіздеп түсіндірді.

Айтыс тарихының зерттеушісі өз тақырыбына тұсауланып, бөлмеде қамалып отыратын ғалым болған жоқ. Ол аяғы жеткен айтыс бәсекелерінің бәріне барды. Кейде көрермен, кейде қазылар алқасының мүшесі ретінде қаты­сып, жан алысып, жан беріскен жыр сайысынан оралымды ой, тиянақты түйін түйіп қайтты. Сөйтіп, ол айтыстың теориясы мен тәжірибесін бөле-жармай, қатар қарастырды. Кандидаттық еңбегі «Сарбаз поэзия», ал докторлық диссертациясы «Айтыс өлеңдері­нің арғы тегі мен дамуы» деген монографияларға айналып, қалың оқырманға жол тартты. Оның бұдан басқа да кітаптары жеткілікті.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директор мен оның орынбасарынан басқа ғалым-хатшы, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер, аға ғылы­ми қызметкер, ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер деген үлкенді-кішілі лауазымдар бар. Институттың басшылығы түгілі бөлім меңгерушісі болу да Мұхаң­ның маңдайына жазылмапты. Сәрі, өзі де соған аса қызыға қоймаған сияқты. Оның есесіне көп жылдар бойы институт кәсіп­одақ комитетінің төрағасы ретінде ғалымдардың мұң-мұқтажын өтеуге барынша күш салды. Бұл – қоғамдық жұмысы. Ал оның негізгі атқарған ең жоғары қыз­меті бас ғылыми қызметкер лауа­зымы болды. Бас ғылыми қызмет­кер – институттағы ғылым доктор­лары бекітілетін құрметті орынның бірі. Академиктер де, профессорлар да сол лауазымның міндеттерін атқарады.

Ғылымның еңбек торысы Мұхамедрахым Жармұхамед­ұлының бүкіл болмыс-бітімі осы қызметтің ажарын ашып тұра­тын­дай еді. Ол тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да бас ғылыми қызметкер болатын. Ел-жұрт әдебиет тарихына қатысты мәлімет алғысы келсе, Мұхаңа да жүгінетін. Көне жәдігерліктерге байланысты таласты мәселелер туындаған тұста, ақыл-кеңес сұрай­тын. Тіпті институт шежіре­сін түзгенде де сол кісіге қайыры­латын. Бас ғылыми қызметкер соның бәріне аспай-саспай, байыппен жауап беріп отырар еді. Жоспарда көзделген міндетті жазбаларын сапалы орындайтын. Жазуға отырғанда жастарды жолда қалдыратын. Ғылыми жоба­ларды атқару кезіндегі жауап­кершілігі елді сүйсіндіретін. Сөйтіп, ол институттағы бас ғылыми қызметкер лауазымының үлгілі бейнесіндей болды.

Жалпы, бүкіл ғұмырын ғы­лымға арнап, ғылыми-зерттеу институтында тапжылмай ұзақ жыл қызмет істеген жандар ерекше құрметтеуге лайық. Жарты ғасыр бойы қазақ әдебиетінің тарихын түзген Мұхамедрахым Жармұхамедов сондай тұғырлы тұлғалардың бірі еді. Ендеше, оның есімін де әдебиеттанумен тағдырын тоғыстырған ғибратты ғалымдар шоғырынан іздегеніміз жөн шығар…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close