Баланың таным дүниесі шексіз

Рая ЕСКЕНДІР

 

Әуезов ауданындағы Гүлжахан Беспаева басшылық ететін №47 бөбекжай-балабақша шаңырағында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласы аясында «Мектепке дейінгі бүлдіршіндердің танымдық қызығушылығын «Таным» білім беру саласы арқылы қалыптастыру» деп аталатын аудандағы бөбекжай-бала­бақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің қатысуымен семинар болып өтті.

Бүгінгі балабақшалардың мақсаты да, міндеті де өте жауапты. Қоғамда болып жатқан түрлі саяси оқиғалардан бастап, жаңартылған білім мазмұны, қала өміріндегі басқа да шаралардың барлығына үн қосып, белсенділікпен атсалысып отырады. Осы басқосуда бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлжахан Тоқташбайқызы жаңа бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар легімен таныстырып, ата-ана мен балабақша арасындағы берік байланыс туралы әңгімеледі. Отбасы – балалар үшін ең үлкен мектеп. Сон­дықтан балақайлар да өз ата-ана­ларынан үлгі алып, көргенін қайта­лайды. Осы ретте ата-аналар мен балақай­лардың бірлесе жасаған ойын­шықтары, суреттері мен қолөнер бұйым­дарынан тұратын көрме сөзіміздің дәлелі болды.

Баланың жүрегіне жол тауып, тілін таба білетін Әсел Малғаздарованың әрбір оқу-қызметін әріптестері қызыға тамашалап, көп нәрсе үйреніп қайтады. «Күнбағыс» екінші кішкентайлар тобының тәрбиеленушілерімен өткізген «Қар туралы не білеміз?» атты оқу қызметі де қызықты әрі танымды болды. Шыны керек, көбіміз қыс келсе қар жауатынын, сосын оның еритінін, түсінің ақ, өзінің ұлпа екенін ғана білеміз. Ал тәрбиеші өз оқу қызметінде сол қардың қайдан, қалай пайда болатынынан бастап, оның құрамын зерттеп балаларға көрсетті.

Ересектер де бұл оқу қызметінен көп жәйға қанықты. Ал тәжірибелі тәрбиеші Света Қожахметова өзінің ортаншы тобымен электр энергиясының, оттың, жарықтың шығу тарихына ар­нал­ған оқу қызметін ұсынды. Тақы­рыптың өте күрделі екендігіне қара­мастан, тереңге бойлап ашып көрсете білді. Балақайлар да электр энергиясын үнемдеу, пайдалану туралы көп мәлімет алды. Тәрбиеші Алма Нұрма­ған­бето­ваның мектеп жасындағы балалардың таным дүниесінің кеңдігі, шексіздігіне арналған оқу қызметі де бүлдіршін­дердің қызығушылығын арттырды. Семинар соңында Әуезов аудандық білім бөлімінің өкілдері Р.Бай­ғұлбекова, О.Дектярева сөз кезе­гін алып, пікір­лерін білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *