БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ

Алматы әкімдігі көпбалалы аналарды қолдау бойынша бес жүйелі шараларды ұсынды

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына – 20 жыл. Еліміздің жетекші партиясы жиырма жыл­дың бедерінде үлкен белестен өтті. Оның бәрі өзімен біте қайнаса өмір сүріп келе жатқан халықтың көз алдында.

Кеше Алматы қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Алматы қала­лық филиалының төрағасы Бауыржан Байбектің төрағалы­ғымен еліміздің әлеуметтік-саяси дамуында өзіндік қолтаңбасы бар «Нұр Отан» партиясы Алматы қа­лалық филиалының кезектен тыс XXІІІ конференциясы болып өтті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Нақты істер партиясы

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конферен­ция­сында тұрмысы төмен көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы, адрестік көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту сынды қолдау көрсету жүйесінің бірқатар қалалық іс-шарасын атап өтті.

Ол алқалы жиындағы сөзінде қолдауға зәру тұрғындарға адрестік тікелей және жанама әлеуметтік көмек көрсету партия­ның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Қысқа мерзім ішінде көмек қажет ететін жандардың барлығын толық анық­тап, тіпті әр отбасын аралап, оларға бірінші кезекте не қажет екенін білген жөн. Сонымен қатар, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің жеке Жол картасын жасауға тиіспіз. Бұл бір реттік акция емес, бұл іспен біз жүйелі түрде айналысамыз», – деді Бауыржан Байбек.

Көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестердің, реабили­тациялық көмектің, қарапайым адами жүздесудің қажет екенін ескере отырып, мегаполис әкімі қалалық «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруды және көп­ба­лалы аналардың осы аттас орталығын құруды ұсынды. Бұл «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналар жұмыспен қамтылады.

Тұрғын үй – көпбалалы аналар үшін ең өзекті мәселе. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, алғашқы жарнамалық қаржыны төлеуге олардың мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар үшін алғашқы жарна төлемін субсидиялау қарастыры­латын болады.

«Көпбалалы отбасылардың өткір проблемаларының бірі – коммуналдық қыз­мет төлемі. Қалада қолдау көрсету бо­йын­ша түрлі төлемдердің кең спектрі қалыптасқан. Дегенмен, көпбалалы отбасы­ларға көрсетілетін түрлі өтемақылар көлемін тағы бір қарап шығып, олардың үйлеріне ыстық және суық су есептегіш қон­дырғыларын орнатуға кететін шығын­дарды да назарға алған жөн», – деді Б.Байбек.

Елбасы айтқандай, «Нұр Отан» халық­тың колдауына ие болған нақты істер партиясы. Мегаполис басшысы мүгедек балалар­ды үйде оқыту және өмірлік қиын жағдай туған кезде бір реттік көмек ретінде беріле­тін адрестік әлеуметтік төлемдердің көлемін ұлғайту мәселесін қарастыруды тапсырды. Бауыржан Байбек тұрмысы төмен көпба­лалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға жұмса­латын шығынға төлемақы беру мәселесін зерттеуді де ұсынды.

«Адрестік көмекке, белгілі болғандай, жұмыспен қамту және оқыту формасы енеді. Сондықтан тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайтып, стипендия төлейтін қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырған жөн», – деп атап өтті ол.

Әлеуметтік әл-ауқат, Стратегия және бюджет басқар­маларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс істеу және нақтылы ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Айта кетерлігі, Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл санап арта түсуде. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаржы денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

«Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Олардың ұсыныстарының барлығы жергілікті атқару органдарында оң шешімін тауып, қалада іске асуда.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша балабақшалардың төлемдері 27 мың теңгеден 15 мыңға азайды. Бұл мақсат үшін бюджеттен жыл сайын 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мем­лекеттік тапсырыс есебінен балабақшадағы орындар саны 3 есе артты немесе 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, балабақша орындарын субсидиялау үшін жыл сайын 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл көрсеткіш үш жыл ішінде 2 есеге өсті.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың 11-сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Мұндай қажеттіліктерге қала жыл сайын 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлуде. Тұрмысы төмен отбасылардың 4 мыңнан астам балаларының тегін демалысын ұйымдастыруға жыл сайын 230 млн. теңге қарастырылған.

Бұлардан өзге, соңғы төрт жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары, ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Партия ұсынысы бойынша түрлі өтемақылар төленуде. Мысалы, 2,3 мың отбасыға, оның ішінде көпбалалы отба­сылар да бар, коммуналдық қызмет шығындары өндіріліп берілді. Осы санаттағы тұрғындардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінгі күні 1000-нан астам отбасыға 50 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.

Бұлардан өзге, өткен жылы партияның қалалық Бюро­сында қала монополистерін тексерген прокуратураның құжаттары көпшіліктің қатысуымен қаралған болатын. Нәтижесінде заңсыз есептелген 4,5 млрд. теңге қаржы тұтынушыларға қайтарылды.

Жалпы, үш жыл ішінде тарифтерді көтермей, ұстап тұру үшін 6 млрд. теңге бөлінді, 800 шақырым желі жөнделді. Қазіргі кезде 1,5 млн. адам немесе қала тұрғындарының 80%-ы коммуналдық қызметті төменгі тариф бойынша төлеуде. Егер әкімдік субсидия бөлмегенде тұрғындар үш жыл бойына тек жылудың өзіне 35%-ға көп төлейтін еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада ПИК-тер қызметінің, лифттің тарифтері азайды. Комму­налдық төлемнің басым бөлігін жылуға ақы төлеу құрай­тындықтан партияның ұсынысы бойынша жылумен қам­тамасыз ететіндер шығынын компенсациялау үшін әкімдік резервтен 1,5 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған болатын. Нәтижесінде жылумен қамтамасыз ету тарифі 18%-ға азайды. Сөйтіп, алматылықтардың қолына төмендетілген тарифтер бойынша есептелген жаңа төлемдердің түбіртегі тиді.

 

Қолдау көрсету қоры құрылады

Конференцияда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиа­лы фракциясының жетекшісі Мұрат Әділхановтың Алматыда әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі топтарға қолдау көрсету Қорын құру жөніндегі ұсынысы бірден қолдау тапты. Жақсы жаңалыққа үн қосқан алматылық бизнес­мендер демнің арасында 35 миллионға жуық теңге жинады.

Бастамашы өз сөзінде «Бақытты отбасы» жаңа қоғам­дық қорының көмекке зәру жандарға атаулы көмек ретінде берілетін демеушілер қаржысынан құрылатынын айтты.

«Әрине, қазір жалпы әлем бойынша бизнес үшін күрделі жағдай қалыптасқан. Дегенмен, әркім көмек қолын созуға дайын деп ойлаймын. Мен өзім көпбалалы отбасында өстім, сондықтан олардың жағдайын жақсы білемін. Біз қазір жеке көмек көрсетудеміз, ал бұл аз. Демек, бірігіп, қалалық үлкен қор құру қажет, сонда ғана біз көп отбасыларды қамти аламыз», – деді Мұрат Әділханов.

Иә, бұл бастамаға алматылық бизнесмендер бірден қолдау білдірді. Олардың арасында Мұрат Әділхановтың өзі, «Q3 Worldwіde» инвестициялық холдингтің бас директоры Қайрат Құдайберген, «Kassanov Іnvestment group» президенті Зиятдин Касанов, «Metall Prom» ЖШС бас директоры Абдухалил Долкунтай, «Алматыинжстрой» АҚ-ның бас директоры Асхат Шілікбаев және басқалары бар.

Мұрат Әділханов қордың барынша ашық болатынын айтты. Барлық шығын құрамына депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер мен тұрмысы төмен отбасылар өкілдері енген бақылау кеңесінің назарында болады. Қазақстандық журналист әрі көпбалалы аналардың құқығын қорғаушы Сәуле Әбединоваға Қордың бақылау кеңесінің мүшесі болу ұсынылды.

 

Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет

Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген Ауғанстан соғысының аяқталғанына биыл – 30 жыл. Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернацио­налдық міндетін атқарды. Олардың 924-і қаза тапты, 21 азамат хабар-ошарсыз кеткен, ал мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.

«Нұр Отанның» кешегі қалалық кезектен тыс конфе­ренциясында Алматы қаласының әкімі Б.Байбек Ауған соғы­сына қатысушы 2716 жауынгерге 100 мың теңгеден қаржы бөлінетіндігін айтты. Күні бүгінге дейін Алматыда ауғандық жауынгерлердің тізімін актуализациялау жұмысы жалғасып келеді. Таяуда ғана тағы 43 отбасы анықталды.

«Жақын күндері біз Ауғанстан соғысының аяқтал­ғанына 30 жыл толған даталы күнді атап өтеміз. Өкінішке орай, күні кеше ғана Ауған соғысының ардагері,177-арнайы жасақ отрядының командирі, аты аңызға айналып, халық арасында «Қара майор» атанған, отставкадағы полковник Борис Керімбаев өмірден озды. Оның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Жуырда Ауған соғысына қатысушы 2716 жауынгерге 271 млн. теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Бұған қоса айтарымыз, Жеңіс күніне орай ауғандық ардагерлерге бір реттік көмек ретінде 50 мың теңге берілетін болады. Осы мақсаттар үшін біз 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлеміз», – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы қалада Ұлы Отан соғысына қатысушыларға бір рет берілетін әлеуметтік көмектің 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге, ал оларға теңелгендерге берілетін 30 мың теңге қаржылай көмектің 50 мыңға өске­нін атап өтті. ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметті төлеуге берілетін ай сайынғы көмек 16,5 мың теңгеге дейін артты.

Алматыда өткен жылдан бері «Белсенді ұзақ өмір» Жол картасы қолға алынған. Оның мақсаты – адал еңбек еткен аға ұрпақты қоғамдық іске кеңінен тарту, олардың спортпен айналысуына, мәдени тынығып, рухани кемел­денуіне, ұрпақтар үндестігін қалыптастыруға ықпал ету.

Жоба аясында қалада «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылған. Мұнда кітапхана, фитнес-зал, шахмат және басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Қазіргі кезде орталыққа 3 мың адам келіп жүр. Оның үстіне 800-ден астам зейнеткер түрлі фитнес-клубтарға тегін кіреді. Бұдан өзге, тағы 56 әлеуметтік клуб жұмыс істейді, бұл орындарға 4,5 мың қарт уақытын бөліп жүр.

 

Қатарымыз тағы да толықты

Партияның мерейтойы қарсаңында  алматылық бірнеше зиялы азамат «Нұр Отанның» мүшелігіне салта­натты түрде қабылданды. Атап айтсақ, кино және театр актері, кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсынов; ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және қоюшы- суретші, «Хабар» телеарнасының продюсері және режис­сері, «Елбасы жолы» және «Қазақ хандығы» көркем фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдрашев; «Миссис Қазақстан», бизнесвумен, алты баланың анасы, бірнеше қайырымдылық жобасының авторы Момынбаева Виктория; «Базис-А» корпорациясы басқармасының төрағасы, еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірінің жетекшісі Павел Белович; үш тілде білім беретін «Сұлу-Жан» мектепке дейінгі балалар мекемесінің директоры Айсұлу Оспановаға партия билеттерін Алматы қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек табыстады.

Қашан да халықпен бірге, қанаттаса жүретін «Нұр Отан» партиясы бұл жолы тағы да бірнеше баланы қуантты. Нақтырақ айтсақ, көпбалалы отбасынан шыққан, тұрмысы төмендеу, сондай-ақ, талай байқау, олимпиа­даларда оза шауып, үздік атанып, жарқырап жүрген білімге құштар жастарға жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік беретін оқу гранттарын табыстады. Шаһар басшысының өз қолынан алған сертификаттарына біздің алматылық 20 ұл-қызымыз жүздері балбұл жанып ерекше қуанды. Осы бір салтанатты іс-шарадан қанаттанып шыққандары анық. Олар – біздің болашақ!

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, кино және театр актері:

– Менің жасым қазір 67-де. Бұл неге осынша жасқа келіп партия қатарына өтіп жатыр дей көрмеңіздер. Мен осы Алматыға әлі оң-солын танып үлгермеген жастық шағымда келіп едім. Алматы бізді жатырқаған жоқ, бірден құшағына алды. Оқытты, тоқытты, рухани байытты, азамат етті. Осында отбасын құрып, өсіп-өндім. Кезінде әке-шешемізді де осында көшіріп әкеліп едік. Жақсы өмір сүрді. Осында жерледік. Сондықтан мен Алматыны қай қалада, қай мемлекетте жүрмейін, ерекше сағынып тұрамын. Отаныма асығып тұрамын. Ал Отанға қызмет ету жас талғамайды. Мен бүгін «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданғанымды, сол саптан табылғанымды тағы бір жетістігім деп санаймын.

Әрине, бізді тербеген, тербеткен баяғы Алматы жүрегімізде. Ал қазіргі Алматы тіпті көркем. Көшелері кең. Аулалары жап-жарық. Ел-жұрт демалатын саябағы көп. Көше толған жалт-жұлт еткен жастар. Тәуелсіз Қазақстанды алға сүйрейтін де сол жастар. Мен жастарға сенемін!

«Нұр Отан» партиясының халыққа жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Қазір ғана өздеріңіз де құлағдар бол­дыңыздар, шаһар басшысы Бауыржан Байбек  «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруды және мега­полистің тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларын қол­дауға арналған жеке Жол картасын жасауды тапсырды. Ол әлеуметтік қолдауға зәру жандарға тікелей және жанама көмек көрсету партияның негізгі міндеттерінің бірі екенін де атап өтті. Мен де көпбалалы отбасынан шық­қан азаматпын. Анамыз екі ұл, сегіз қызды өмірге әкел­ген. Көп болған жақсы. Көпбалалы үйдің өрендері мейі­рімді, қайырымды, жүректері ізгілікке толы болады. Сондықтан барлық баланың бақытты болғанын қалаймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *