«Қазақтың інжу-маржаны»

Әсел ДАҒЖАН

Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі өзінің 85 жылдық мерейтойын Республика сарайында салтанатты түрде атап өтті.  

Тоқсанға келген жасында сахнаға шыққан қазақтың аты аңызға айналған күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенованы жиылған жұртшылық орнынан тік тұрып қарсы алды. Оркестрдің сүйемелдеуімен «Гәкку» әнін орындаған бекзат әншіге сүйсінбеген жұрт қалмады. Даусының бояуы әлі сол қалпында.

Үш мың көрермен жиналған залда оркестр ән мен күйді нәшіне келтіре орындап, шетелдік классикалық музыкадан шашу шашты.

Екі жарым сағатқа созылған концерттік бағдарламаның арасында бүтін бір дәуірдің әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев пен Әсет Бейсеуовтің әндерін оркестр сүйемелдеп, залдағы көрермендер өздері айтты.

Үлкен мерейтой болғандықтан концерт ресми құттықтауларға да кезек берді.

Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы Ғани Мұратов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын оқыса, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың құттықтауын Медеу ауданының әкімі жеткізді.

Елбасы  Н.Назарбаевтың «Қазақтың інжу-маржаны» деп атаған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің тарихы 1934 жылы 23 сәуірде ҚазКСР Ағарту халкомының №425 бұйрығы бойынша Ахмет Жұбановты оркестрдің дирижері мен көркемдік жетекшісі болып тағайындаған кезден басталады. 1944 жылы құрылғанына 10 жыл толуына орай оркестрге әйгілі күйші Құрманғазының аты беріледі. 1953 жылы Бухаресте Шамгон Қажығалиевтың жетекшілігімен аталған оркестр демократиялық жастар және студенттердің Бүкіләлемдік ІV фестивалінің лауреаты атанып, алтын медальмен марапатталды.

Айта кетейік, қазан айының соңында оркестр 85 жылдық мерейтойын Нұр-Сұлтан қаласында атап өтеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *