Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің шекарасында шешілмеген түйін жоқ

– дедi Нұрсұлтан Назарбаев

 

Орталық Азия елдері басшы­ларының консультативтік жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өтті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев брифинг барысында Орталық Азия елдері көшбасшы­ларының қатысуымен өткен консуль­тативтік жұмыс кездесуінің нәти­желері туралы айтты.

 

– Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында өтті. Біз күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пайымды да сындарлы ой-пікірлерімізді ортаға салдық, – деп түйіндеген  Мемлекет басшысы Орталық Азияның барлық елдері Ресей Федерациясымен белсенді экономикалық ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. «Біз өңірдің көлік-логистика жүйесін екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да бірлесе қалыптастырамыз. Сонымен бірге, ішкі өңірлік проблемаларымызды біз үшін ешкім шешіп бермейтінін түсінеміз. Осыған орай базалық басымдықтарды анықтап, келешектің жоспарын жасадық», – деді Елбасы.

 

ӨҢІРЛІК ҚАУІПСІЗДІК ПЕН АУҒАНСТАНДАҒЫ АХУАЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖҮРГІЗІЛГЕН КЕЛІССӨЗДЕР  НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

 

Орталық Азияның барлық елі Ауғанстандағы саяси-экономикалық даму және саяси мәселелерді реттеуге қолдау көрсету үшін өздерінің үлесін қосуда. Біз өзара күш-жігерімізді  жұмылдыра отырып,  Ауған­с­тан проблемасын халықаралық деңгейде талқылауды жалғастыруға келістік. Қазақ­стан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бұл бағыттағы жұмыстарды халықаралық дәрежеде белсенді жүргізіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол біздің еліміз өңір елдерінің қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасында бесжақты тұрақты консульта­циялар жүргізу тетігін жасауды ұсынғанын атап өтті. «Бұл келісілген ұстанымдарды іске асыра отырып, өңір қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша тұрақты диалог жасап тұруға мүмкіндік береді. Бес ел арасындағы шекараны делимитациялау және демаркация­лау жұмыстарын аяқтау ісі негізгі бағыт болып саналады. Осыған байланысты делегация басшылары өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту мақсатымен бұл үдерісті жылдамдатудың қажет екендігін мақұлдады», – деді Мемлекет басшысы.

 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛДАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ  ТУРАЛЫ

 

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелеріне тоқталып, өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын және одан әрі ілгерілеуге әлеуеті толық жететінін айтты.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 10 жылда Орталық Азия елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 6,2 пайызды құрады. Бұл сол кезеңдегі 2,6 пайыздық орташа көрсеткіштен асып түседі. Өңір елдерінің сыртқы саудасында да өсім болғаны байқалды, – деді Қазақстан Прези­денті.

Мемлекет басшысы өзара сауда көлемінің өсуі Орталық Азия елдеріндегі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізгенін, жұмыс кездесуі барысында өңірлік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін шаралар қарастырылғанын айтты.

– Елдеріміз арасындағы өзара сауда жасау ісінде тауарлардың номенклатурасын кеңейту қажет. Біздің экспорт-импорт операцияларымызға қатысты салыстырмалы статистикалық мәліметтер бұл бағытта зор мүмкіндіктер бар екенін дәлелдейді. Елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастық пен инвесторларды бірлесе қорғау ісін жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы экономиканы жаңа инновациялық-цифрлық платформаға көшіру қажеттігіне тоқталып, транзиттік тасымалдаулар кезінде тарифтік саясатты оңтайландырудың және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев транс­шекаралық су ресурстарын пайдалану мәселе­лерін ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет және барлық тараптың мүд­делерін сақтау негізінде шешудің маңызды екеніне назар аударды. Консультативтік кездесу барысында өңірдегі экономикалық ынтымақ­тастықты ілгерілету мақсатымен вице-премьерлер деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс қарастырыл­ғанын айтты. «Қар­қынды даму үшін ішкі өңірлік қаржы­ландыру көздерін қалыптастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

 

МӘДЕНИ-ГУМАНИТАРЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ТУРАЛЫ

 

Елбасы  мәдени-гуманитарлық байла­ныстар өңірлік өзара іс-қимылды күшей­тудің маңызды факторы болып саналатынын айтты.

– Біз осы бағыттағы ынтымақтас­тығымызды одан әрі арттыру жөнінде уағ­даластық. Ғылым және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды дамыту үшін Қазақстан өңірдегі елдердің студенттерін оқуға қабыл­дауға дайын. Спорт және туризм саласында ортақ спорт шараларын өткізуді жандан­дырып, Орталық Азияның біріккен туристік бағдарын әзірлеуге мүмкіндігіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Алқалы басқосу соңында Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына айтарлықтай серпін беретініне сенім артты.

– Ең бастысы, бізде ортақ түсіністік қалыптасты, сондай-ақ серіктестігімізді нығайтуға және бір-бірімізге қолдау көрсетуге ниеттіміз. Сондықтан біз мұндай кездесулерді жыл сайын тұрақты түрде, барлығымызға ортақ ұлы Наурыз мерекесі қарсаңында өткізу жөнінде уағдаластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

                «Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *