Қазақстан халқы қанша болды?

Өздеріңізге белгілі, келер жылы елімізде әр он жыл сайын өтіп тұратын халықтың ұлттық санағы жүргізі­летін болады. Соған орай, қазірдің өзінде оған дайындық жұ­мыс­тары басталып кетті. Тіпті, осыған орай елі­мізде санақ­тың жа­ңа әдістемесін алғаш­қы сынақ бары­сы Ақмола және Шы­ғыс Қазақ­стан облыс­­тарында өткізілетін болып бел­гіленді. Де­генмен, қазір бәрімізді «Ел халқы қаншаға жетті?» деген сұрақ­тың маза­лайтыны анық.

Әрине, осы соңғы он жыл уақыт аралығында тиісті мекемелер ел халқының санын санап-біліп отыратыны белгілі. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық Экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәлі­меттері бойынша, 2018 жылы 1 ақпанда Қазақстан халқының саны 18 млн. 177,7 мың адамды құраған көрінеді. Бұл ретте еліміз­дегі барлық қала тұрғын­дарының саны 10 439,6 мың (57,4 пайыз), ал ауыл халқы 7 738, мың (42,6 пайыз) адам болған екен.

Осыған байланысты  қазір өткен жылдарға қарағанда республикада туу көрсеткіші біршама жоғары екендігі байқа­лады. Мы­салы, тек биылғы жылдың қаңтар айында ғана елімізде өмір есігін жаңадан 33,3 мың сәби ашқан. Ал бұл 2017 жылғы қаңтардағы көрсеткіштен 4,4 пайызға көп. Сөйтіп, еліміздегі туудың жалпы көрсеткіші мың балаға шаққанда 21,42 жаңа туыл­ған нәрестеден келген. Нәтижесінде, биыл­ғы қаңтарда  ел халқының табиғи өсімі өткен жылғы сәйкес кезбен салыс­тыр­ғанда 2,5 мың адамға не­месе 13,1 пайызға көбейіп, 21,5 мың адамды құраған.

Әрине, «өмір барда өлім бар» демекші, өкініш­ке қарай, бір жыл ішінде елде 1 жасқа дейінгі 317 нәрес­тенің өлімі тіркелген. Нәтижесінде, соның ал­дын­­дағы жылға қарағанда нәресте шетінеуі 7,1 пайыз­ға көбейген. Ал мұның басты себебі, босануға орай түрлі жағдайлардың туын­дауынан мүмкін болған. Содан да 2017-2018 қаңтар аралығында елімізде 146 сәби шетінеп, бұл был­тырғы жылғы нәресте­лер арасындағы өлім-жітімнің  46,1 пайызын құраған екен. Соның ішінде туабітті ауытқулар салда­рынан – 64 сәби (20,2 пайыз), ты­ныс алу орган­дары ауру­лары­нан – 29 (9,1 пайыз), жазатайым оқиға­лардан, улану мен жара­қаттан – 11 (3,5 пайыз) сәби қайтыс болған. Осылай былтыр әр мың баланың 9,53-і өмірден беймезгіл кеткен.

Сондай-ақ, халық са­нының өсіп-кемуіне көші-қон жағдайлар да әсер ететіні белгілі. Мысалы, биылғы қаңтарда елімізге тұрақты тұруға келгендер былтырғы жылғы қаңтарға қарағанда 1 360 адамға (9,2 пайызға) кеміп кеткен. Ал енді елден біржолата көшіп кеткендердің саны 2 258 адамға (34,9 пайыз) жетіп, келгендерден кет­кендердің санын асыра түскен. Бұл ретте, негізгі көшіп-қону үрдісі ТМД елдерімен болғаны бай­қалған. Атап айтқанда, соңғы бір жылда Қазақ­станға ТМД елдері­нен келгендер үлесі 78,1 пайызды құраса, елімізден достастық елдеріне көш­кендер қатары 86,7 пайыз болған. Сондай-ақ, өңір­аралық көші-қон үрдісінде жалпы ішкі көшіп-қону­шылар саны 33,3 пайызды құраған. Бұл тұрғыда, негізінен Астана тұрғын­дарының саны 1 058 адам­ға, ал Алматы қаласы халқы­ның саны 3 549 адамға көбейгенін атап өткен жөн.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *