«Қазақшаңыз қалай?» атты байқау өтті

Рая ЕСКЕНДІР

 

 

ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017–2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақса­тында қалалық Білім басқармасының қол­дауымен тағы да бір тілге құрмет көрсетудің үлгісін көрсеткен іс-шара болып өтті.

Жетісу ауданындағы №57 жалпы білім беретін мектепте қала мектептерінің 10-сыныбында оқитын өзге ұлт өкілдері ара­сында «Қазақшаңыз қалай?» атты таным­дық-зияткерлік 4 кезеңнен тұратын байқау өткен еді. Байқаудың салтанатты ашы­луында мектеп басшысы Ботагөз Жайлы­баева сөз кезегін алып, барлық мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп отырған қатысу­шыларға ризашылығын білдірді. Аталмыш байқаудың ұйымдастырушысы №57 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбану Тәуекелова іс-шараны тартымды етіп жүргізе білді.

Қашаннан сәлемсіз іс бастамайтын халық емеспіз бе? Қатысушы үміткерлер, ең алдымен, қазақ тілінде өздерін таныстырып, жұртшылықпен амандасу рәсімін жасады. Осыдан соң үміткерлер 16 ұяшықтың бірін таңдай отырып, байқаудың екінші тапсыр­масы «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғыру негізі» атты кезең бойынша, үш сұраққа жауап берді. Мұндағы берілген тапсырма қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, мәдениеті, елтану, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестердің мағына­сын ашып көрсету болды. «Туған жердің көрікті жерлері» атты кезең де өте тартысты әрі қызықты болды. Үміткерлер кез-келген ұяшықтың бірін таңдай отырып, ондағы географиялық суретке сипаттама берді.

Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхат жасай отырып, өздерінің білім көкжиек­терін кеңейтті. Мәселен, тарихи-археоло­гиялық ескерткіштер мен кесенелер, ұлттық саябақтар мен қорықтар қай жерде, қай өңірде орналасқан деген сауал төңірегінде біраз ойлануларына тура келді. Байқаудың соңғы шартына сай әрбір қатысушы бір ән немесе өлең оқулары тиіс болды. Қазақтың кең пейілі, сары даласы, ана тілі мен Отан туралы шығармаларды да өзге ұлт өкілдері тамылжыта орындап шықты.

Байқау қорытындысы бойынша, бірін­ші орынды Әуезов ауданындағы №153 мектептің 10-сынып оқушысы Мәлика Василова (жетекшісі М.Сиқымбаева), екінші орынды Бостандық ауданындағы №105 гимназияның 10-сынып оқушысы Тимур Ким (жетекшісі Н.Нүсіпқожаева) мен Жетісу ауданындағы №110 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Гүлзара Баширова (жетекшісі Г.Чегеубекова), үшінші орынды Алатау ауданындағы №160 мектептің 10-сынып оқушысы Назгум Ахме­това (жетекшісі И.Жетенова), Бостан­дық ауданындағы №94 мектептің 10-сынып оқушысы Алина Рощина (жетек­шісі Д.Абдрахманова) мен Түрксіб ауда­нындағы №78 мектеп оқушысы Жасмин Құштарбекқызы жеңіп алды.

Қалған қатысушы үміткерлерге Алғыс хаттар табыс етілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close