ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ДАҢҚЫН АСПАНДАТҚАН АЛЫП

89Балнұр АХМЕТ

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі, дарынды актер Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына орай мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан талантты тұлғаның туған-туыстары мен мәдениет майталмандары қатысты. Қазақ өнерінің даңқын аспандатқан алыптар тобының өкілі, театр және кино майталманына арналған кешті Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы мен КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов сөз сөйлеп ашты.     

– Алматы қаласы әкімдігі өмірін өнерге арнаған Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойын айрықша атап өтуді ұйғарды. Бұл мерейлі мерекемен дарынды тұлғаның туған-туыстарын қала әкімі Бауыржан Байбектің атынан құттықтаймын. Қала басшысы биыл шаһарымыздағы ізгі шаралардың қатарында Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы, Кәукен Кенжетаев пен ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдығы және Жұмекен Нәжімеденовтің мерейтойы тәрізді 20-ға жуық мерейтойды кең көлемде атап өтуді тапсырды. Кәукен Кенжетаев қазақ өнері мен мәдениетін, тілін сақтап қалу үшін ерен еңбек етіп, үлкен қайраткерлік көрсетті. Өмірі өнегеге толы тұлғаның  өнердегі салып кеткен сара жолын қазіргі таңда оның шәкірттері жалғастырып келеді. Жыл өткен сайын оның бейнесі қазақ өнерінде биіктей береді, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Сахна төрінде аты аңызға айналған атақты театр тарланы Асанәлі Әшімов өнер шебері туралы өз естеліктерімен ой бөлісті.

– Кәукен  ағамыз – тарихи тұлға, сонау ірі могикандардың соңғы тұяғының бірі. Ол дүниеге келген Баянауыл өлкесі – Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов тәрізді ұлы тұлғаларды туғызған киелі мекен. Кәукен ағамыз қазақ халқының жан-жақты дамуына еңбек еткен осы ұлы адамдардың жалғасы іспетті. Ол көңілі кіршіксіз, шыныдай таза, керемет адам еді. Ұлылардың ішінде ұлы болу үшін табиғаты таза болуы керек. Өмірінің соңғы күндерінде Әшірбек Сығай екеуміз ауруханаға барған сәтімізде, оның маған қарап: «Аман бол, аман бол, аман бол!» дегені әлі есімде. Бұл оның маған айтқан ең соңғы сөзі еді. Ол өмірді сүйетін жан еді. Жарық дүниені қию деген, әрине, қиын. Ол өзінің өнерімен халықтың жүрегіне жол тапты. Кәукен аға мен Шабал апайды 1957 жылдан бастап білемін. Отбасымызбен араласып, талай рет үйлерінде болдық. Кезінде екеуміз «Тұлпардың ізі» деген фильмге бірге түстік. Кәукен аға туралы өзімнің есте­ліктерімде де жазғанмын. Кәукен Кенжетаев қазақ өнерінің тарихында, туған халқының жүрегінде мәңгі қалады. Қазақ өнерінде Кәукен Кенжетаев мәңгі жасай берсін! – деді КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Салтанатты шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған шаһар басшысы Бауыржан Байбекке алғыс білдірген К.Кенжетаевтың немересі Әсел Кенжетаева қала әкіміне табыстау үшін Мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлына өзінің «100 лет признания» атты кітабын тарту етті.

Кеште Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен Талғат Күзембаев, Рамазан Стамғазиев, Ербол Айтбаев, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Айсәуле Қайырзина, Бақытгүл Бисенбаева, Жасұлан Қоңыров және басқа сахна саңлақтары өнер көрсетті. Мерейтойлық кеште Кәукен Кенжетаевтың кезінде өзі сүйіп орындаған әндері мен сүйсініп тыңдаған күйлері орындалды. Әсем ән мен күйге толы кеште өнер тарланының өмірі мен өнері туралы сыр шертетін деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Қазақ өнерінде өшпес із қалдырған дарын иесіне арналған кеш соңында Алматы қаласы әкімдігінің атынан Ықылас гүлі табысталды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *