ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН ҚАЛАМГЕР

  • 3613Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл

Қазақстан Жазушылар одағында қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толу кұрметіне «Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты – тарих шындығы» атты дөңгелек үстел жиыны өткізілді. Жиынды басқарған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай биыл жазушы Ілияс Есенберлин жылына байланысты кең ауқымды мерекелік шаралар басталып кеткенін, бүгінгі жиын солардың алғашқысы екенін, алдағы кезде Алматы мен Астанада, туған жерінде, бүкіл елімізде өткізілетінін, қаламгер шығармашылығының дені қазақтың өткен тарихымен, қазақ хандығының құрылып, қанат жаюымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиын барысында биылғы жылы «Түрксой» Халықаралық ұйымы тарапынан марапатталған қазақ қаламгерлері қатарында болған  қазақтың көрнекті сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерияздан Елеукеновке «Тоқтағұл Сатылғанов атындағы «Халықаралық сыйлықтың» медалін салтанатты түрде табыс етті. «Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты – тарих шындығы» атты дөңгелек үстелде бір топ ақын-жазушылар мен ғалымдар өздерінің ойларымен бөлісті.

 Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы:

– Жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы қалайда атап өтілуге тиіс жазушы. Ол – қазақ әдебиетінде бетбұрыс жасаған, жаңалық алып келген аса талантты жазушы болды. Қаламгер «Жазушы» баспасында директор болып тұрғанда «Көшпенділер» трилогиясына редактор болдым. Ілияс Есенберлин үлкен әдебиетке кештеу, 50 жасында келді. Одан ертеректе әр жылдары өлең-дастандары, поэмалары, «Есіл жағасында» атты повесі жарық көрген болатын.

36141967 жылы «Айқас» романы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ілияс Есенберлиннің үлкен әдебиетке келуіне сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей ықпалы болды. Д.Қонаев Балқаш қаласында бас инженер болып тұрғанда еліміздің тау-кен институтын бітірген Ілияс Есенберлин инженер мамандығынан тәжірибеден өтуге келеді. Сол кезде жақын танысып, одан кейінгі жылдары да кездесіп тұрады. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғынан ауыр жарақат алған Ілияс Есенберлин орыс тіліне жүйрік болуының арқасында Орталық комитетте де жауапты қызмет атқарды. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бөлімінде істегенде Д.Қонаев Министрлер кеңесі төрағасының өнеркәсіп жөніндегі орынбасары болды. Одан кейін біраз уақыт қудаланып, киностудияда қатардағы аудармашы болып жүріп, Киров көшесінде серуендеп жүрген Д.Қонаевпен кездейсоқ кездесіп қалады. Дінмұхамед Ахметұлы жағдайын сұрап біліп, көмекшісіне арнайы тапсырма беріп, Орталық комитетте қабылдау өткізеді. «Сені бір жауапты қызметке жұмсасақ барамысың? Опера және балет театры директорлығының орны бос», – дейді. Ілияс Есенберлин: «Ол жер қыз-келіншектердің істейтін орны. Менің жасым оларға нұсқау беріп, жұмсауға келіңкіремейді. Егер маған шын қызмет бергіңіз келсе, «Жазушы» баспасы лайықты» деген өтініш айтады.

Республика басшысы «Жазушы» баспасы­ның директорын жоғарылатып жіберіп, орнына Ілияс Есенберлинді алып келеді. Бұл 1967 жылдың наурыз айы еді. Егер сол кезде бойдағы талантын байқаған Д.Қонаев тікелей араласпағанда Ілияс Есенберлин қазақ әдебие­тінде жарқырап көріне алмас еді. Міне, республика басшысының әдебиетке қаншалықты қамқор болғаны осыдан байқалады. «Қаһар» романын жазғанда қатарлас қаламгерлер мойындағысы келмеді. Ғабит пен Ғабидендер мойындағанмен, «Хан Кенеге» келгенде қарсы болды.

Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасына басшылық жасаған кезінде Мұхтар Мағауин, Рамазан Тоқтаров, Тұтқабай Иманбеков сияқты талантты жастарды, оның ішінде мен де бармын, қызметке шақырып, төңірегіне топтастыра білді. Қазақтың ерте тарихына, қазақ хандығына байланысты тарихи романдар жарық көрмеген қиын-қыстау кешегі кеңестік кезеңде Ілияс Есенберлин романдарының кедергіні жарып шығуына тілектес болып жүрдік. Сәтін салып, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Көш­пенділер», «Алтын орда» романдары қиын өткелді бұзып-жарып өтіп, оқырманға жол тартты. Оның соңынан Мұхтар Мағауиннің тарихи роман­дары, менің «Дарабоз» бен «Соңғы көш» романдарым баспадан шығып, сірескен сең қозғалғандай болды.

 

Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

– Біздің Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын қызығып оқығанымызға 40-50 жылдың жүзі болыпты. «Айқас», «Ғашықтар», «Алтын құс» романдарын жата-жастана оқыдық. Оқырманның жазушы романдарына қызығу­шылығы «Хан Кенеден» басталды. Ел арасында әсері өте үлкен болды. Өйткені, тарихи тақы­рыпқа ел сусап отырған кез еді. «Қаһар» шығармасында тарихи деректер өте мол болды. «Көшпенділер» романында тарихшылар бермеген, жазбаған құндылықтарды алып келді. Сон­дықтан да, оқырман қауым таза тарихи-монография­лық романдарға ерекше қызығу­шылық танытты. «Алтын орда» романында тарихи шындық пен көркемдік шеберлікті керемет ұштастыра білді.

Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толу құрметіне өткен «Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты – тарих шын­дығы» атты дөңгелек үстелде ғалымдар мен жазушылар Шерияздан Елеукенов, Нұрдәулет Ақыш, Сұлтанәлі Балғабаев, Ахметжан Ашири және өзге де азаматтар қаламгердің қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі туралы ойларын ортаға салды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close