АЯҚҚА ҚАРАП СӨЙЛЕЙТІН БАСШЫ

Үлкен ұжымшардың төраға­сы Сайман Медетті осымен үшінші рет шақыртып отыр. Ол жас жігітке осы жолы барын айтып, қажет болса, жалынып та көрмек. Өйткені, шаруашы­лықтағы төрт түлік мал күн сайын емес, сағат сайын өсіп, көбейіп келеді. Мұның сорына соны бағатын адам жоқ. Ал Медет болса, кешегі шопанның баласы. Әркім «шаруаға мы­ғым, тиянақты» деп мақтап жүр. Соған да қызығады.

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Кабинет есігі жәймен ашылып, Медет келіп кірді. Сайманның ежелгі әдеті – келген адамның аяқ киіміне қарап отырып сөйлесетін. Ол Медеттің келгенін көне қызыл бәтеңкесінен таныды. Әңгіме аяқтала берген тұста ғана ананың аяғына, содан соң бел, кеудесіне, ең соңында жүзіне қарайтын. Онда да тапсырма алушының риза, риза емес екендігін жүзінен тану үшін солай ететін.

–       Ә, Медет шырағым, келдің бе? Ана орындыққа отыр, – деді алып дене­сіне, қара дағы бар бұж-бұж бетіне мүлде жараспайтын жұмсақ үнмен. – Апаңмен ақылдастың ба? Ол не дейді?

Медет именшектеп келіп, орын­дықтың шетіне отырды. Қақырынып, кеуіп қалған тамағын жібітті. Дауысын әзер шығарып:

– Апам бұрын жеке қой бағып көрген жоқсың. Тәжірибең аз. Ұжым­ның бір қора қойын қырып алып, сотта­лып кетпейсің бе деп отыр, – деді.

–       Апаң оттап… кешір, апаң әйел­дігіне салып, қара аспанды суалдырып отыр. Тепсе, темір үзетін жігітсің. Ол қақпас… кешір, ол әйел сенің қой бағып, табыс тапқаныңа, самостоя­тель­ный жігіт болғаныңа қуанбай ма? Сот­талам деген жаман сөзді айтпа. Отарда алты жүз тоқты болады. Бір жылда соның жүзі өлсе де, нешауа. «Табиғи апаттан қаза тапты» деп акт жасау менің қолымда. Қалған бес жүзін аман сақ­тасаң болды. Қысқасы, былай, Медет­жан. Марқұм әкең Әспет менімен құрдас еді. Совхозда мен директор, ол атақты шопан болды. Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерін алды. Енді Социа­листік Еңбек Ері атағына ұсынып жүр­генімде СССР-дің шаңырағы шайқалып, ортасына түсті. Сөйтіп, ол атақты ала алмады. Сен болсаң, сондай әкенің тәр­биесін шет жағалап болса да көргенсің. Өзіңді шаруақор, пысық деп ел мақтайды. Шынымды айтсам, бір отар тоқтыны бағатын адам табылмай тұр. Осы ауылдың жастары шетінен ақымақ, енеңді ұрайындар. Ақымақ болмаса, мойындарына қамыт киіп, базар аралап, арба сүйреп кете ме? Сол арба сүйре­гіш­тердің бойында ауылға деген мыс­қалдай сүйіспеншілік, патриотизм деген сезім жоқ. Құдайға шүкір, қазір ауылда жұмыс жетеді. Уйма деуге бола­ды. Трактор, комбайн, мәшине айдай­сың ба, пожалыста! Жылқы, сиыр, қой бағасың ба, добро пожаловать! Құры­лыс салғың келе ме, давай, кел де кірісе бер.

Ал саған айтарым, тәуекел ет те қойды бақ. Астыңа осы ауылдағы ең таңдаулы атты мінгіземін. Үлкен ұлым қызметте, ол қазір атқа мінбейді. Соның күміс ер-тоқымын тегін беремін. Ең маңыздысы – төрт-бес жыл қой бақ­саң, жоғары оқу орнына ұжым атынан жолдама беремін. Тегін оқисың. Оқуыңды бітіріп келген соң зоотехник пе, мал дәрігері ме боласың. Түбінде менің орнымды басып, ұжымды сен басқарасың.

Сайман үгіт-насихат сөздерінің қалай әсер еткенін аңдамақ болып Медеттің жүзіне барлай қарады. Жігіт­тің жүзінде бұрынғыдай қарсылық реңі жоқ сияқты. Бірақ бірдеңені айта алмай, күбіжіктеп тұрған сыңайы бар. Соны түсінген тәжірибелі басшы:

– Бас жарылып, қол сынса да, ойыңды ашып айт, – деді.

–       Аға, айтсам бар ғой… мен үйленбекші едім.

Мынаны естігенде Сайман балаша қуанып, қолын шапалақтап жіберді.

–       Әп-бәрекелде! Міне, жігіт деген осындай решительный болар. Үйлен, тоқтаусыз үйлен! Бұрын совхозда «Ком­сомол тойы» деген болатын. Қорық­па, тойыңды сондай етіп ұжым атынан жасаймыз. Айтқаным – айтқан, кейін келіншегің екеуіңе де оқуға жолдама беремін. Қандай тамаша, кәрі шешеңді қойға сүйретпей, жас келін­шегіңмен барасың. Біле-білсең, қой бағу — полный романтика! Жайнаған жасыл жайлау, айнала мүлгіген орман. Аққу қонған көл. Жайлаудың жанға жайлы ауасы қандай! Айлы түн. Самалы ескен қыр басында келіншегіңді құшақтап, сырласып отырып, қой күзету. Түу, неткен рақат еді! Өзім-ақ қой бағып кетер ем, әттең, жасы құрғыр…

– Бәрі дұрыс қой, – деді Медет даусы төменшіктеп, мен қой бағуға қарсы емеспін. Бірақ соған алатын келіншегім көне ме? Өзі дөй бастықтың қызы еді. Оның үстіне биыл оқуға кетем деп жүрген. Әкесі қарсы болмаса…

– Әй, енеңді…

– Енеден боқтамаңыз, – деді жігіт бірінші рет даусын көтеріп. – Келіншегім естісе, ренжиді.

– Кешір, Медет. Сол алатын қызың өзіңді сүйе ме?

– Сүйеді, мен де…

– Онда какой разгавор, сені шын сүйсе, оқуын қоя тұрсын. Ол оқуға кетсе, сен мұнда қалсаң, махаббаттарың тот басып қалуы мүмкін. Шын сүйсе, қой емес, шошқа бағуға да арланбас. Давай, тап бүгін үйлен.

–       Қайдам, – деді жігіт күміл­жіп. – Өзі әкесінен қатты қорқады. Әкесінен аса алмай жүрмесе…

Сайман ұзақ жыл бойы бастық болып, елге үкімін жүргізіп қалған ұр көкірек, киіп-жарма мінезіне басып:

–       Әкесі дөкей болмақ түгілі, патша болса да маған алып кел, өзім сөйле­семін. Қыз келіссе болды, әкесінің көмейіне құм құямын, – деді.

Бірер сағаттан кейін Медет болашақ келіншегін ертіп, Сайманның кабинетіне қайта келіп кірді. Сайман ескі әдетімен екеуінің аяғына қарап отырып, сөйлеп кетті. Алдында Медетке берген уәде­лерін айтып өтті. Махаббатқа адал, берік болуларына тілек білдірді. Оның айтуынша, шын ғашықтардың бірге көрген қиыншылығының өзі бақыт екен. Сайман ұзын-сонар насихат сөздерін сарқа келіп:

– Қарағым, Медетпен қосылып, шаңырақ көтеріп, қой бағуға келісесің бе? –  деп сұрады. – Жалтақтамай шы­ныңды айт!

–       Иә, папа, келісемін, – деді қыз анық дауыспен.

Сайманның құлағының үңгірінде атом бомбасы жарылғандай болды. Өз құлағына өзі сенбей, қазан басын оқыс көтеріп алды. Құлақ деген түк емес екен. Өз көзіне сенер-сенбесін білмей отыр.

Медеттің қасында төмен қарап, биыл шет елге оқуға жібермек болып, бар­лық құжаттарын дайындап қойған ең сүйікті, еркетотайы – кенже қызы тұр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close