Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Мейірімді адамдар – маңызды қолдау көрсетті

Рая ЕСКЕНДІР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қайырымдылық, волонтерлік ұйымдар мен бизнес-сектор өкілдерімен болған онлайн-кездесуге қатысты.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміз бетпе-бет келген қиын кезеңде шетте қалмай, Отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік пен ынтымақтастық танытқан әрбір адамға өзінің ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Президент өз сөзінде пандемия жағдайында еліміздегі қайырымдылық пен еріктілік жалпыұлттық ауқымды қабылдап, әлеуметтік нормаға айналғанын атап өтті.

¬– Осындай қиын кезеңде де ата-баба жолымен, асар дәстүрін сақтап қалғанымыз қуантады. Пандемия кезінде еріктілер қажырлы еңбек етті, олар батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Күндіз-түні дәрігерлер мен тәртіп сақшыларымен бірге еріктілер де вирустың таралуына қарсы күреске қатысты. Мейірімді адамдар ортақ іске өте маңызды қолдау көрсетті. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі істі мыңнан астам азамат қаржылай қолдады. Ортақ ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында біз жағдайды тұрақтандыра алдық. Осының бәрі халқымыздың бірлігінің бейбіт тірлігінің жарқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Онлайн-кездесуде Президент Волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттықты қолдау – мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы екенін атап өтті. Шындығында, волонтерлікпен айналысып, көмек көрсетудің өзі патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жариялаған еріктілер жылы белсенді азаматтардың басым көпшілігін игі істер қозғалысының айналасына біріктірді. Бұл тұрғыда қазақстандықтардың бастамасымен пайда болған көптеген қайырымдылық және волонтерлік жобалар осы сөзімізге дәлел болса керек.
– Біз қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде тартылған адамдар санының үнемі өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Волонтерлік қызметті қызметкерлердің еңбек өтілінде міндетті түрде есепке алу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, еріктілерге университеттер мен колледждерге түсу кезінде бірқатар артықшылықтар береді. Мен мұндай артықшылықты өте жақсы нәтижелер деп санаймын. Бұл сіздердің барлығыңыздың еңбектеріңіз екені сөзсіз, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы саяси пікірсайысында еріктілерді дамыту мақсатында халықаралық жұмылдыру жылын жариялау туралы бастама пандемияға қарсы іс-қимылдағы еріктілердің, қайырымдылық қорларының үлкен рөлін ескере отырып, қолдау табатынына және іске асырылатынына сенім білдірді. Волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуда Қазақстан прогрессивті халықаралық үрдістерден қалыс қалмайды. Еріктілер жылы бұл бағытқа айтарлықтай серпін берді.
– Волонтерлік қызмет осы жылмен аяқталмайды, ол әрине, алдағы уақытта да жалғасатын болады. Волонтерлік қызмет – мемлекет алдына қойған мақсаттарға бағытталған қозғалыс, бұл халықтың ұмтылыстарына бағытталған қозғалыс, – деді Президент.
Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қайырымдылық туралы заң әзірленуде.
Онлайн-кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар нақты заңды мәртебеге ие болуы тиіс, ол оларға жұмыс істеу үшін, оның ішінде мемлекетпен және бизнеспен жұмыс істеу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды. Мемлекеттік қызметтерді алу, инфрақұрылымды ұстау, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің тиімді құралдарын әзірлеу үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер мәселесі де маңызды, – деді.
Сонымен қатар, қазір заңнамада ірі бизнес пайдасынан 3% және қайырымдылық жобаларына жіберілетін орта және шағын бизнес пайдасынан 4% мөлшерінде салықтан босату көзделгені, алайда шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отырғанын да атап көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жағдайға талдау жасай келе тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Жалпы, бизнеске қаражатты қайырымдылыққа ашық түрде бағыттау ыңғайлы әрі тиімді болуы керектігін баса айтты.
– Қайырымдылық қорларына түсімдердің, сондай-ақ оларды одан әрі пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету қажет деп санаймын. Дәл қазір қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың тізілімін құру бастамасы алға тартылуда. Ақпаратқа толық қол жеткізуді және қайырымдылық жобалары арқылы өтетін барлық қаражаттың пайдаланылуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет, – деп тапсырды Президент. – Бізде тиісті ақпараттық жұмыс дұрыс жолға қойылмаған, адамдардың сенімін тудыратын механизмдер жасалмаған. Біз бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтар қалай және кімге көмектесуге болатынын білмейтінін жиі естіп, көріп жатамыз. Жеке қайырымдылықтың барлық түрлері дамуы керек. Шет елдердегідей жүйе құрылуы тиіс, онда іс жүзінде әрбір адам бастама көтеріп, өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға жұмсай алады. Егер адам осы кезеңнен өтсе, одан әрі оның ақшасы қайырымдылық мақсаттарға жұмсала ма деп алаңдауға мәжбүр болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында қайырымдылық жасаушылар мен белсенді азаматтар «Халық Алғысы» медальдарымен марапатталды.

Константин АВЕРШИН,
«Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты:
– Бұл кездесу бәрімізді бірлікке, ұйымшылдыққа үндеді. Көптеген маңызды мәселелер туралы айтылды. Әсіресе, әлемдік індет кезінде еліміз бетпе-бет келген қиыншылықтар туралы баса айтылды. Дәл осы кезде өз еріктерімен елге көмектескен еріктілердің ерлігі туралы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қайырымдылық қызметтің ашықтығын арттыру волонтерлікті дамыту мәселелері туралы да жан-жақты айтылды.

Лаура АХМЕТОВА,
«Дегдар» гуманитарлық қоры» корпоративтік қорының директоры:
– Біздің елімізде ғана емес, планетаның барлық бұрышындағы тұрып жатқан адамдар үшін қиын уақыт орын алып, біз сондай қиындықты бастан кешудеміз. Қазіргі біздің мақсатымыз – сол қиындықтан шығатын жолды іздестіру. Және барлық күш-жігерімізді індетті еңсеруге жұмылдыруға тиіспіз.
«Дегдар» қоры алдыңғылардың бірі болып, еліміздегі орын алған қиын жағдайға көмектесуге дайын тұрады. Аталмыш қордың осындай сауапты істермен айналысып келе жатқанына 19 жыл болған екен. Әлі де жобаларымыз ел игілігі үшін қызмет ете беретін болады.

Марат АЙТМАҒАНБЕТОВ,
«Болат Өтемұратов қоры» жекеменшік қорының директоры:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күрес кезінде қолдау көрсеткен барлық азаматтарға ризашылығын білдірді. Еліміздегі жарияланған «Еріктілер жылы» көптеген қайырымды істердің ұйытқысы болды. Қайырымдылықтың қайнар бұлағы іспетті деп атасақ та болады. Мемлекет басшысы тағы да көптеген тапсырмалар берді. Сәтін салса, біз бірлесе отырып, барлық қиындықты жеңеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *