АШУДЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢЕМІЗ?

Адамның қандай, яки кім екенін білу үшін оның ашуын шығару керек дейді ғұламалар. Яғни бұл сөздің астарында кикілжің мен ұрыс-керісте адамның беймәлім қырлары, шынайы келбеті жатыр деген сөз. Дегенмен, ашу деген не? Оған ыза, кейіс, реніш, араздық деген жалпы анықтамаларды тіркеп жатады. Алайда, бұлардың дерлігін көңілдің күйлері, құбылыстары, нәтижелі көріністері деп білеміз. Сайып келгенде, ашу – ол адамның оқыс мінезі, ішкі рухын билейтін қатер, ақылынан жұрдай қылатын дұшпан, санасын есуастандыратын тылсым жау, тұла бойдағы қасиеттің қасіреті! 

 Алла Тағала ақылды үш тай­паны жаратқан. Олар адам, періште, шайтан. Періште тек жақсылықты, шайтан тек жаман­дықты ғана ойлайды. Ал адамда осы екеуі де, яғни жақсылық та, жамандық та бар. Пендесіне келгенде ұлы Алла Тағала шебер­дің шебері, көркем Жаратушы. Ойлап қарасаң,  адамзат рухын жазира далаға, жүрегін жарқы­раған күнге, бойын жайқалған талға ұқсатқан. Ойын мезгілді жапыраққа, санасын жазға, ақылын тауға, құнды қасиеттерін бір-біріне ұқсаттырмай әсем бір дара табиғат етіп жаратқан. Ал ашу осы байлықтарды дүр сілкін­діретін құбылыс. Күшіне мінсе, адамның күнін тұтылдырып, талын қуратады, жапырағын сар­ғайтып, жазын күз етеді. Тауын құлатып, табиғатын жайпайды, даласын құлазытады. Құдды бір адам ішіне жасырынған қару, тіпті, алмас қылыш десем болады. Оның қайралынған өткір жүзі рухты сындырып, жүректі қатай­туы мүмкін. Ойды өзгертіп, сананы есіркетуі, ақылды өшіруі әбден мүмкін. Мәселен, қара жер сілкінісі ұйқыдан бас көтермейтін маубасты, ерінуден жалықпайтын жалқауды зыр жүгіртеді. Ол кезеңде адамнан қорықпайтындар Алладан қорқып, зәре-құттары қалмай, иманын бір сәтке иіреді. Алайда, аяғының асты неліктен сілкінді немесе ол Алланың ашуы мен қаһары екендігін білмейді де, ешбір ойламайды, көңіл бөлмейді де. Ашу да осы тәріздес, бойдағы барлық ағзаларды оқыс бір мезетте сілкіп тастайды. Ондайда ми шатысады, жүрек дірілдейді, тамыр солқылдайды, қол-аяқ қалшылдайды, дене қысымы көтеріледі. Ақылдан береке кетеді, ой желініп, ұйқы қашады. Тәбет жоғалады, жүйке ауруы өмірлік кеселге айналады, ағза тез қартая­ды. Бұл аздай, айналаға сүйкім­сіз, ұсқынсыз, парықсыз, шыдам­сыз, ұрысқақ, жек көрінішті кейіпте көрінеді. Ал енді ойлана берейік, ашудың адамзатқа берері бар ма, керегі бар ма?

Сонау дәуірлерде Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымыздың үстіне лас нәрсені төкті де, бір рулы ел таспен шөкелеп, елді-мекендеріне кіргізбеді. Басын жарып, маң­дайын қарс айырды. Алланың сөзін жеткізгенде құлақ аспаған­дар, жиіркене жек көрген сұсты көздер, кеудесінен итергендер, мазақ еткендер, кейіс сөзбен қарғағандар, мейірімін пайдалан­ғандар, қастандық жасағандар, өлтіруге асыққандар да болды. Ал сөз көтере алмай жүрген біздердің біреуімізге осы істердің кем деген­де бірі жасалынса, кім боламыз, қасиетімізді сақтай алар ма екенбіз?

Бір сахаба Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымыздан ақыл-кеңес сұрап, алдына келгенде «Ашу­ланба!» дегенді үш рет айтып қайырған. Алла Тағала Құран Кәрімде ашуын жұтқандарды ұлықтаған. Дүниедегі қақтығыс­тың баршасы осы ашудан бастау алады. Алайда, ашуды қай жерде қолданып, яки одан қайтқан дұрыс. Десек те, оның мұсыл­манға қажет орны, дін мен ар-ұятқа қатысты болғанда қолдан­ған орынды. Нәпсісі емес, Алла үшін ашуға берілу бар. Алайда, өз мәселесінде мұсылман кешірімді болғаны жөн.

Бірде Бәни Махзум руынан бір абыройлы әйелдің ұрлығы әшке­реленіп, қолға түседі. Жазасы – қол кесу. Сонда пайғамбарға (с.а.с) бір адам келіп ортаға түседі. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұған қатты ашуланғанда, ашуы жүзінен көрінеді. Себебі, бұл Алланың заңын тоқтату еді.

– Аллаға ант! Егер Мұхам­медтің қызы Фатима ұрлық істе­генде, сөзсіз қолын кесер едім, – дегені бар. Ал ибн Масғұд саха­баның біраз қаражаты ұрлан­ғанда:

– Егер ол осы дүниеге мұқтаж болса, онда сол қаражат оған береке әкелсін, бұйырсын. Ал егер ұрлығы нәпсі, үйреншікті әдеті үшін болса, онда осы соңғысы болсын, қойсын деген дұғада болған. Мінекей, ашуын Алла жолы­на төсеп, оны ақылға жыққан деген осындай болады. Әбу Ханифаның (р.а) ұстазы ибн Мүбәрактан «Жақсы мінезді толықтай бір ауыз сөзге сиғызып жинақтап бер» дегенінде «Ашуды тастау ең жоғарғы мінез!» дегені бар.

Ашу үстінде ер мен әйелдің ренішінде қандай мәміле көрудің жолы дінімізде көрсетілген. Бибі Фатима (р.а) анамыздың күйеуі­мен реніш сөзге келгенде, ашуын тарқату үшін Әлидің (р.а) үйден шығып, мешітке кетіп қалғаны бар. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбарымыз (с.а.с) күйеу баласына келгенде,  жан­жал­дың себебін сұрамайды. Кері­сінше, «Әбу Тураб» деп еркелетеді. «Ақыл айтайын, тыңда» демейді, «Ашуды кетіретін бір ғана сөзді білем» деп көркем түрде «Әғүзүні» үйретеді. Бұл жердегі нәзік мәсе­ле, ер мен әйел арасында түсін­беушілік орын алғанда, ерінің үйден шығып кетуі. Өйткені, ашу ер адамның әйеліне қол көтеруіне жағдай жасайды. Мұндайда ері үйінен шыққандағы барар жері де арақ-шарап орны емес, мешіт болғаны, әйелдің үйінде қалғаны абзалырақ. Себебі, кей әйелдер құрбылары мен ата-анасына қарай жүгіреді. Олар жұбатып, ашуларын басудың орнына, одан сайын дем беріп, қайрай түседі. Бұл қате қадам.

Бірде Ибраһим (а.с) пайғам­бардың үйіне құдайы қонақ болып отқа сиынушы (мәжуси) келеді. Қонағы төрдегі жанып тұрған отты көріп, оған иіліп сәжде жасайды. Оның бұл қылы­ғына ашуланған Ибраһим (а.с) үйінен оны қуып жібереді. Сонда Жаратқан Алла ашулы пайғам­барына:

– Сенің жат қылықты адамға осынша ашуланғаныңда, сонша­ма кәпірді жаратқан Мен ашулан­сам не болар еді? – деген екен.

Ашуды не қайырады, сабыр­лық па, салқын су ма? Негізінде, дәрет алудың, оның ішінде салқын сумен дәреттенудің адамзатқа берер маңызы өте зор. Себебі, тазалық, серпіліс, басылу, сал­қын­дау деген белгілерді бойдан байқауға болады. Одан басқа, хадисте ашуланған адам тұрып тұрса отырсын, отырса жатсын делінген. Яғни әрекеттену, сыртқа шығу, серуендеу, жүру, қимылдау. Тағы бір ұсыныс, оймен асығыс шешім қабылдамау, жауап беруді кейінге қалдыру, көңілді басқа жаққа аудару.

 

Нұрлан қажы Байжігітұлы,

дінтанушы, имам.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *