АРЗАН БАҒАДА САПАЛЫ ӨНIМ АЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ, ЖӘРМЕҢКЕГЕ КЕЛIҢIЗ!

Айкерiм РАИСҚЫЗЫ

Жуырда Астана алаңында Алматы облысына қарасты 19 аудан мен Талдықорған, Текелi қалаларының тауар өндiрушiлерi қатысқан ауылшаруашылық жәрмеңкесi болып өттi. Азық-түлiк бағасын тұрақтандыру мен бағаның негiзсiз өсуiнiң алдын алу мақсатында көктемнiң алғашқы күндерi өткiзiлген бұл шара қала халқын арзан бағамен бiр қуантты. Жәрмеңкеде бағалар әдеттегiден 15-20 пайызға төмен болды. Мұны жәрмеңкеге келген қала Әкiмi Ахметжан Есiмов те байқап, жәрмеңкеде  қойылған өнiм бағалары базардағы бағадан едәуiр арзан екенiн атап өттi.

Саудаға құны 115 млн теңге болатын 230 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнiмдерi түстi. 54 түрлi азық-түлiктiң бағасы қала дүкендерi мен базар бағаларынан 15-20 пайызға төмен. Мәселен, ет өнiмдерi 800-900, картоп – 80, сәбiз – 80, қырыққабат – 120 теңге. Сондай-ақ, бұл жолы жәрмеңке көркiн қымыз, шұбат, құрт секiлдi сүт өнiмдерi кiргiздi.

Қарасай ауданы ауылшаруашылық бөлiмiнiң бас экономисi С.Жарқынбаев жәрмеңкеден халықтың ұтары, бiрiншiден, арзан баға мен таза өнiм болса, екiншiден, тұтынушы өнiмдi арадағы делдалсыз, тiкелей тауар өндiрушiден алу мүмкiндiгiне ие болатынын айтты. Ал, сатушыларға жәрмеңкеде сауда орны тегiн берiлген және олар сауда жасауға қажеттi заттармен толық қамтамасыз етiлген.

Еңбекшi ауданына қарасты Қырбалтабай село округiнiң әкiмi Б.Құсайынов та өз ойымен бөлiсiп, таңертеңгi 8:00- ден түскi 11:00-ге дейiн ауылдан әкелiнген 200 келi сиыр етi мен 150 келi қой етiнiң 70 пайызының өтiп кеткенiн, сондай-ақ, таза өнiмдi арзан етiп сатып, қала халқына көмектесуге дайын екендiктерiн алға тартты.

Айта кетейiк, осыған дейiнгi жәрмеңкелерде тауар бағасының көрсетiлмегенiн газетiмiздiң алдыңғы нөмiрлерiнде берген болатынбыз. Дегенмен, бұл жолы саудаға қойылған барлық өнiмнiң бағасы жеке-жеке жазылып iлiнiптi, топтастырылып та көрсетiлген қағаз бар. Сатушылар мұны тұрақты бағаның дәлелi деуде.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесi қалалық әкiмдiкте өткен жылды қорытындылау жиналысына  ұласты. Өз кезегiнде сөз алған қала Әкiмi Ахметжан Есiмов жәрмеңке өткiзудiң тауар бағасын тұрақтандырудағы ұтымды қадам екенiн атап өттi.

«Мұның алып шаһар үшiн де пайдасы зор. Облыс пен Алматы қаласы алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықта болып, азық-түлiк бағасын тұрақтандыру жағынан бiрiгiп әрекет жасамақ», – дедi ол өз сөзiнде.

Алматы облысының ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру көрсеткiшi 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 11 пайызға артып, республика бойынша жетекшi орынға шыққан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *