АНАМА ЖАҚҚАН, АҒАЙЫНҒА, АУЫЛҒА ҰНАҒАН…

Адам өмірі­нің мәні мен мағы­насы неде?  Әри­не, тірлігінде ор­нықты отба­сын құрып, оның тү­тінін түзу ұшыр­уында, ағайын-туыстың да, көпшіліктің де алғысын алып, сый-құрметіне бөленуінде болса керек. Артында айта жүрерліктей игі істерінің, ізгі іздерінің қалуында болса керек. Өзінің пәнилік ғұмырын осын­дай оңды сипатта өткізген жалпыға жағымды жанның бірі, туған жеңгем Седеп Смағұлқызы  Елеусізова еді. Ақпанның алғашқы онкүндігінде, 80 жасында қайтыс болған ол кісінің ара­мыздан біржолата алыстап, келместің кемесіне мініп кеткеніне қырық күн.

…Асыл анам Смайылқызы Қалыш апам 1993 жылы дүние сал­ған  еді. Ал туған бауырым Елеусізов Көктал (ұзақ уақыт қаржыгерлік қызмет атқарған, кеудесінде «СССР халықтық бақылау жүйесінің үздігі» төсбелгісі жарқы­раған, қазақтың қайраткер қызының бірі Қатжан Спамбетова басқарған тұста Жамбыл облыстық қаржы бөлімі ғимара­тындағы «Құрмет тақтасынан» суреті түспеген) 2000 жылы өмірден өткен. Енді, міне, жеңешем де өзіме аса қымбат жандардың, оның ішінде көкемнің, яғни шалының соңынан 19 жылдан кейін бақилыққа аттанды.

…Жеңешем біздің үйге келін болып түскенде мен 5 жаста едім. Уақытта еш тоқтау жоқ қой, содан бері алпыс бір жылдан асыпты.

Седеп жеңгем алдымен анама жақты, ағайынға, ауылға ұнады. 6 ұл-қызды – Бақыт, Қайрат, Бағила, Меруерт, Сара, Мәдинаны дүниеге әкелді. Бүгінде бәрі де өскен, өнген, өмірден өз жолын тапқан.

Сонымен қатар, нағыз шаруа­ның адамы еді. Мойынқұм ауданын­дағы «Көктерек» қой совхозының Комин­терн бөлімшесінде, кейін оның негізінде құрылған Хантау  совхо­зында (қазіргі Биназар батыр ауылы) ол істемеген жұмыс жоқ деуге бо­лады. Мал төлдегенде сақманға бар­ды, қызылша баптады, жүгері өсірді, қаракөл қозы терісін сұрыптады… осылай жалғаса береді. Әйтеуір  жұмыс десе жанын сала­тын,  еңбек  десе ерінбейтін, әр­дайым аптықпай жүріп алдан көрінетін. Сол кезде  ғой, абыройы  асып, «Халық­тар достығы» орденімен наград­талғаны!

Көпшіл, қоғамшыл, қайырымды, адал еді. Бәрімізге барынша қамқор болды. Ұл-қыздарына ұдайы ақылын айтып, береке-бірлікке шақыратын. Немере, шөбере сүйді. Ширек  ға­сыр­дан  бері, балаларының арқасын­да, нағыз Алматы тұрғыны атанып, қала тұрмысының игілігін көрді.

Бірақ елге жиі барып тұрды. Аға­йын-туыстың, құда-жегжаттың жақсы­лығынан да, басқа жағдайы­нан да мүлдем қалмайтын, марқұм. Әсіресе, Шуда тұратын туған әпкем – алтын тәтем Күлзағирамен көп сырласатын.

…Ауылдағы анам Қалыш пен Көктал көкемнің мәңгілік мекенінің тура  қасына  апарып, ақ жуып, арулап жерледік. Жатқан жерің жайлы, има­ның жолдас болсын, ардақты жеңеше!

Ақ пейілді жеңешем,

Анамнан кем демес ем.

Асыл жанды адамға

Жарасады теңесем.

Жер-бесікте жата бергін,

Өзіңді еш ұмытпаймыз.

Пейіште нұр шаша бергін,

Атыңды әр кез ұлықтаймыз!

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *