АЛМАТЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ НӨМІРІ БІРІНШІ АСТАНАСЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ

Зиялының сөзі

a_nauk

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, химия ғылымының докторы, профессор, академик:

Алматы зиялы қауымның нӨмірі бірінші астанасы болып қала береді

–Алматы мың жылдан бері жасап келеді. Бұл қаланың тарихы тым тереңде жатқандығын әлем ғалымдарының өзі мойындап отыр. Яғни, бұл ғылыми негізделген. Алматыны тереңдеп зерттейтін болсақ, мұның тарихы 3-4 мыңнан да асып кетуі мүмкін. Өйткені, Алатаудың баурайындағы мынадай көрікті, сулы, нулы, адамдардың өмір сүруіне қолайлы аймаққа адамзат баласының о бастан, ерте заманнан қызықпауы мүмкін емес. Кезінде бәзбіреулер: «Алматыны орыстар келіп салды, ол кезде қаланың аты Верный аталды» деп жүрді. Тіпті, қаланың тарихын осыдан бастайық дегендер де болды. Біріншіден, орыстар айдалаға келіп қала тұрғызған жоқ. Бұрыннан адамдар тұрып келе жатқан жерге келіп, үйлер сала бастады. Демек, мұнда о бастан адамдар мекендеген. Верныйға дейін мұнда қала болған. Ел-жұрт тіршілік еткен. Кейін орыстардың әскерлері, басқыншылары тұратын үйлер салынды. Қаланың тарихын осы кезден бастай салу әділеттікке жатпайды. Егер олай ететін болсақ, Мәскеуді де кезінде Тоқтамыс хан жаулап алды. Сонда Мәскеудің құрылған уақыты Тоқтамыс батыр жаулап алғаннан басталуы керек пе? Жоқ! Ол аз десеңіз, кезінде Бату хан да, Француз қолбасшысы Наполеон да Мәскеуді басып алды. Енді Мәскеу тарихы солардан басталмайды ғой. Сол секілді Алматының да тарихы Верный деп аталған кезден емес, тым әріден басталады. Мәселен, Тараз қаласының құрылғанына 2 мың жыл өтті деп белгіленді. Өзеннің бойына, таудың жағасына адамдар қызықпай тұра алмайды. Тіпті, керек десеңіз, ол қаланың да тарихы 2 мың жыл емес, одан да әріден басталады. Алғаш Тәуелсіздік алғанда Түркістан­ның құрылғанына 1,5 мың жыл өткенін дәлелдедік. Бірақ, қазіргі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесіне қарай­тын болсақ, оның да құрылғанына кем дегенде 3 мың жыл өткені дәлелденіп отыр. Сондықтан біз тарихы­мызды терең зерттеп, өзіміздің үлесімізді ешкімге жібермей, ғылыми негізде дәлелденген жұмыстары­мызды әлемге мойындатып, болашақ ұрпақ­қа айтып отыруымыз керек. Бұл ретте Алматының құрылғанына мың жыл өткенін әлемге мойындатқанымызға мен шын жүректен қуаныштымын. Мың жасаған шаһардың тұрғындарын осы айтулы мерекемен құттықтаймын!

Екіншіден, зиялы қауымның басым көпші­лігі Алматыда шоғырланған. Үкімет адамдарының отырған жерін астана деп айта беруге болмайды. Өйткені, астана деген тек қана Үкімет адамдарының шоғырланған қаласы­мен өлшенбейді. Зиялы қауым, сол халық­тың маңдайалды ұл-қыздары жиналған жерді астана деуіміз керек. Қазір енді Қазақстанның орталығы Астана қаласына көшті. Бұл саяси жағдайларға байланысты өте дұрыс шешім болды. Себебі, Қазақ­станның территориясы өте үлкен. Егер ел аумағы кішкентай ғана болатын болса, онда оның астанасының қай шетінде болғанының маңызы жоқ. Ал бірақ, біздің жеріміз кең. Сондықтан оның орталықтан басқарылғаны жөн деп есептеймін. Бірақ, Астананы мен қазір зиялы қауымның орталығы деп айта алмаймын. Ол үшін кем дегенде 30-40 жыл өтуі керек. Қазір ол жақта театр, жоғары оқу орындары, ғылым ордалары ашылып жатыр. Оның бәрі дұрыс. Осылай бірте-бірте зиялы қауым өкілдері қалыптасатыны сөзсіз. Дегенмен, Алматы­ның рөлі әлі азайған жоқ. Алматы зиялы қауым­ның нөмірі бірінші астанасы болып қала береді. Ұлттық Ғылым академиясы – осында, Қазақ Ұлттық университеті – осында, Ұлттық техникалық университет те, Аграрлық универ­ситет те, тіпті, педагог­тарды дайындай­тын жоғары оқу орны да – осында, қарап тұрса­ңыз, әлі де нағыз «сен тұр, мен атайын­дар­дың» басым көбі осы қаладан шығады. Сондықтан Алматы­ның мәртебесі ешқашан төмендемейді. Былай қарап тұрсаңыз, бұл Түркиядағы Анкара мен Стамбұл қалалары секілді болады. Онда Стамбұл өзінің рөлін ешқа­шан жоғалтқан емес. Өйткені, ол қалада әлі күнге дейін түріктердің зиялы қауымы отыр. Сол секілді алаш арыстарының ізі қал­ған, қазақтың қаймақтары отырған Алма­тының рөлі ешқа­шан азаймайды. Алматының мың жылдығымен шаһар тұрғындарын шын жүректен құттықтай­мын. Жасай бер, жайнай бер, Алматы!!!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close