Алматы құрлықтық додалардың орталығына айналды

Ермұхамед МӘУЛЕН

1991 жылға дейiн қазақ спортшыларының халықаралық ареналарындағы жеңiсiнде Кеңес Одағының әнұраны ойнап, туы көкке к6терiлетiн. Күллi ғаламды Өнерiмен тәнтi етiп, қазақ деген халықтың 6кiлi екендiгiн спортшыларымыз баршаның алдында көрсете алмай келген болатын. Ал, Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi 20 жыл iшiнде Қазақстанды бiршама жұрт бiлiп жатса, әлемiнiң кейбiр түпкiрiндегi елдер бiздi спортшыларымыздың Олимпиада мен Әлем бiрiншiлiктерiнде көрсеткен жанкештiлiктерi мен қайсарлықтарының арқасында таниды. Алматы қаласы және оның спортшыларының 20 жылдың iшiнде ел спортында атқарған шаруалары қандай?

Алғашқы жылдардың ауырлығын Алматы көтерген

Мемлекеттiң әнұраны мен оның туы екi ғана жағдайда көкке көтерiледi. Бiрiншiсi – мемлекеттiң президентi шет елге iс-сапармен барған жағдайында, екiншiсi – халықаралық жарыста спортшының чемпион атанған кезiнде. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары Қазақстан спортында қиын кезеңдер болды. Кеңес кезiндегi спорт мектептерi ыдырап, өңiрлердегi олимпиадалық даярлау орталықтары өте мүшкiл халде қалды. Бiрақ, сол жылдары Алматыдағы спорт базаларының өз пайдасы тидi. Осы күнге дейiнгi спорттағы жетiстiктердi санасақ та, спортшыларымыздың медальдар жиынтығын есептесек те, Алматы қаласының бұл жерде алатын орны ерекше. «Медеу» мен «Шымбұлақ» кешендерiн толығымен пайдаланған Қазақстан спортшылары қысқы спортта өздерiн барша әлемге таныта алатындай жағдайға жеттi. Мысалы, қысқы спорт түрлерiнен өткен 1994 жылғы Лиллехамердегi Олимпиада ойындарында 3 медаль еншiледiк. Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиаданың алтын медалiн сол кезде шаңғышы Владимир Смирнов сыйлаған болатын. Қалған екi күмiстiң де иегерi осы даңқты шаңғышымыз екендiгiн айта кеткен жөн. 2 жылдан кейiн өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан қатысқан спортшылардың басым көпшiлiгiн Алматы қаласының намысын қорғап шыққан 40 спортшы құрағанын осы күнi мақтана айтуға болады. 1996 жылғы Атлантадағы жазғы ойындарға Қазақстан атынан кеткен спортшылардың iшiнде Алматы қаласының үлес салмағы өте жоғары едi. АҚШ-та өткен додада екi мәрте күмiс жүлде еншiлеген Сергей Беляев Қазақстан үшiн маңызды медальдарды алып бердi. Беляевтiң Алматыдағы «Отан» спорт кешенiнде жаттығып, құралайды көзге атқан мерген болып шыққанына күллi әлем көз жеткiздi. Одан кейiнiректе өткен халықаралық жарыстарда Сергей жұбайы Галина екеуi талай мәрте жүлдегер атанып жатты.

Қазақстан тарихындағы аса сәттi бола қоймаған қысқы Олимпиадалық ойын Нагано қаласында 1998 жылы өттi. Мұнда 2 қоланы қанағат тұтып қайтқан Қазақстан командасында Людмила Прокашева мен Владимир Смирновты атап өтер едiк. Олар бiр-бiрден қола жүлдегер атанды. Осы жылдары Қазақстандағы спорттың жағдайы күрт төмендеп кеткен тұс едi. Халықаралық дәрежедегi жарыстарда спортшыларымыз айтарлықтай жетiстiктерге жетпейтiн. Ал, қысқы спортта тiптi тоқырау болды.

Алматыда жаттығатын Прокашева конькимен жүгiру спортының 5000 метр қашықтығында көп спортшыны артта қалдырды. Қазақстанның Олимпиадалық құрамы тек Алматыда бар жағдаймен ғана жаттығатын. Басқа өңiрлерге қарағанда, Алматыда қысқы спортқа арналған жағдай әрқашан болатын. Үнемi қысқы спорт түрлерiнен Қазақстан атын шығарған жеңiмпаздар Алматы маңындағы спорттық базаларда жаттығушы едi. Мысалы, кейбiр спорт түрлерiнiң спортшылары таза табиғи жағдайды пайдалануға мәжбүр болған кездер де кездескен. Соның салдары болса керек, Солт-Лэйк-Ситиде өткен 2002 жылғы қысқы Олимпиадада елiмiз спортшыларының қоржынында бiрде-бiр медаль болмай қайтты. Оның есесiне, бiзде жазғы спорт аяқтан тiк тұра бастады. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы ойындарда Қазақстан жалпыкомандалық бейресми есепте 22- орыннан табылды. Қазақстан командасы бұрын-соңды мұнша биiкке көтерiлiп көрмеген-тiн. Бұл жетiстiк iшiнде алматылық Ольга Шишигинаның тосқауылдар арқылы жүгiруде 100 метр қашықтықты бағындырғанын да қоса кетуiмiз қажет. Жеңiл атлетикадағы жеңiс Қазақстанның сол ойындардағы алғашқы алтын медалi болатын. Қазақстан атынан барған көптеген алматылық жеңiл атлеттер арасында Шишигинаның жеңiсi ғасырлар тоғысындағы айтулы жетiстiк едi.

Спорт нысандарын салу – жеңiске жол бастау

ХХI ғасырдың бас кезiнде Қазақстанда спортқа деген бетбұрыс айрықша байқала басталды. Мемлекет тарапынан жеткiлiктi қолдау көрсетiлiп, спортшыларымызға жағдайлар жасалынды. Осындай игi шаралардың аясында спорттық нысандар салу iсi де алға басты. 2005 жылы Алматы қаласы VII Қысқы Азия ойындарын өткiзу құқығын жеңiп алды. Бұл ел спортындағы ең елеулi оқиғалардың бiрi болды. Елбасының қолдауымен Азиада ойындарының өтуiне керектi құрылыс толыққанды жүзеге асты. Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» таулы қыраты толықтай қайта жөндеудi бастан өткердi. «Балуан Шолақ» спорт кешенi танымастай қайта өзгерiп, халықаралық талаптарға сай етiлдi. Сондай-ақ, Алматы маңынан шаңғы-биатлон стадионы мен «Табаған» спорт кешенi бой көтердi. Ал трамплин кешенiн көрген мамандар оны әлемдегi үздiк нысандардың алғашқы қатарына қосты. Азиада ойындарының қаламызда өтуi туризм, спорт, мәдениет салаларының дамуына да үлкен әсерiн бердi. Алматыдағы осы спорт нысандары Азиададан кейiн пайдалануға берiлiп, мұнда iрi-iрi Әлем, Азия бiрiншiлiктерi мен кубоктары ұйымдастырылды. Спорттық шаралардың арқасында Алматы атағы сан тарапқа жайылды. Азиада кезiнде Халықаралық Олимпиадалық комитеттiң төрағасы Жак Рогге қонақта болып, Алматыдағы қысқы спортқа жасалынған жағдайға оң бағасын бердi. Осының арқасы болар, Алматы Қысқы Азия ойындарын еш мiнсiз өткiзгеннен кейiн 2017 жылы Бүкiләлемдiк Қысқы Универсиаданы өткiзу құқына ие болды. Әлемдiк спорт тарихына көз жүгiртер болсаңыз, Универсиада өткiзген қалалар араға бiрнеше жыл салып қысқы Олимпиада ойындарын өткiзген. Егер де Алматы қаласы Универсиаданы жоғарғы деңгейде өткiзе алса, онда қаламыз бүкiл әлемдi өзiне қаратып, қысқы ойындардың астанасы болуы ықтимал. Универсиада өткiзуге Алматыда барлық жағдай бар. Десе де, қысқы спорттың техникалық түрлерiне керектi нысандар салу әлi жоспарда.

Азиада нысандары – қала мақтанышы

Соңғы жылдардың көлемiнде Алматыда бой көтерген спорт кешендерi қала көркiне әр қоса түстi. Мысалы, Ресейдегi ұшқыш шаңғышылар өз бiрiншiлiктерiн Алматыдағы трамплин кешенiнде өткiзудi жоспарлап отыр. Жылдың кез-келген мезгiлiнде жарыс ұйымдастыра алатын қасиетi бар бұл кешенде Әлем бiрiншiлiгi де өтiп үлгердi. Алдағы уақытта жаһанның аты аңызға айналған ұшқыш шаңғышылары Алматыны төңiректейтiн болады. «Медеу» мұз айдынында 2 айдан кейiн допты хоккейден Әлем бiрiншiлiгi өткелi отыр. Халықаралық бенди қауымдастығының өкiлдерi Алматының бұл доданы жақсы деңгейде өткiзе алатынына кәмiл сенедi. «Шымбұлақ» пен «Табаған» спорт кешендерi де алдағы уақытта құрлықтық бiрiншiлiктердi қабылдауға дайын. Ақбұлақтағы шаңғы-биатлон стадионында келер жылы Әлем бiрiншiлiгiнiң әр қашықтықтағы спринтерлiк, бөлiмдiк, iз қуып жарысу секiлдi түрлерiн жинақтаған Әлем кубогы өтедi деп болжануда. Егер бұл жарыс Алматыда өтетiн болса, онда биатлон спортына қызығатын жанкүйер қауым мен еуропалық баспасөз өкiлдерiнiң қаламызға келуi ықтимал. Себебi, биатлон – қысқы спорттың төресi. Сондықтан да Еуропада бұл спортқа көп көңiл бөледi. Биатлонның 1 аптадай уақытқа созылатын бiр кезегiн «Еуроспорт» секiлдi бүкiл әлемге таралатын телеарналар өз эфирлерiнен көрсетпек. Бұл – әрине, Олимпиадаға қол созғалы отырған Алматы қаласы үшiн алға қарай жасаған үлкен қадам болар едi.

Тәуелсiздiк алғанымызға 15 жыл толғанда бiз Азиаданы өткiземiз деп жар салған болатынбыз. Ендi 20 жылдықтың қарсаңында Бүкiләлемдiк универсиаданы өткiзетiнiмiздi естiдiк. Дәл осындай қарқынмен дами берсек, жақын болашақта Олимпиаданың астанасы болу бақытына да ие болып қалармыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *