Алматым – ару, Астанам – кені ақылдың!

Үміт БИТЕНОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің және мәдениет саласының үздігі

 

  

ЖИЫРМАДАҒЫ АСТАНАМ

 

Көнім кеуіп, көңілім  шөлдегенде,

Қазақ едім көнбейтін  көлденеңге.

Көлеңкемнің өзінен күн  аңқыды,

Ару қалам, Астанам, сен  дегенде.

       

Ару қалам Астанам!

Сен дегенде,

Гүлдеп сортаң, шөп шықты  шөңгеден де.

Тікені де мап-мамық күйге еніп,

Момын кірпім айналды ол да өлеңге.

       

Ару қалам Астанам!

Бір сен десем,

Жұлдызың боп төбеңде түн сөнбес ем.

Қоңыраулы күймедей түзу  тартқан,

Қоңыр әуен тербейді жүрсем – көшең.

       

Ойға түсіп өткенің мың оралар,

Жоқ-ты деуге кім сенер мына  аралар:

Жиырма жасың көзді ашып-жұмғандай сәт –

Көк тіреп тұр көп күмбез,  мұнаралар.

       

Керек бұған ұлы ақыл, айла  қандай,

Жәй пенделік отырам жайға  қанбай.

Жапырағың өпкенде жүрегімді,

Нөсер алды ойнаймын  найзағайдай.

       

Мен өзіңнен осылай қуат алам,

Бауыр басып кеткендей туа, саған.

Кемпірқосақ малынған алуан  түспен,

Ақ бұлтыңды аймалап шыға  салам!

Ару қалам!

Астанам!

 

        АТТАНДЫРУ

 

Кәмелет жасқа толдыңдар,

Жаутаңдап енді қарай бермеңдер біз жаққа.

Балапан құстар-балғындар,

Қанат қағыңдар  қалалар жаққан ізгі отқа.

 

Қойыңдар мені. Жаз – елес.

Мағжанның мұңын жастанып жатам басыма.

Алаштың зары аз емес,

Айналып шыға келетін досы қасына.

                                        

Мен ғана ма екем өкпелі,

Басқалар да жіберіп алды есесін.

Өмір бұл – өзен өйткені,

Абайламасаң – ағысты жаяу кешесің.  

           

Өмір бұл – өзен екен деп,

Сендердей кезде жағалай жүзіп, жар астым.

Адасар едім – мекен боп

Тоқтатпағанда толқыны баяу Таластың.

 

Тұрақтамасам ауылға,

Батамды беріп сендерге қазір тұрар ма ем.

Танытқан бүкіл қауымға,

Туған жер, неткен қасиетті едің, құнарлы ең!

 

Бізге арман еді Алматы,

Алыстан аңсап, жырыма қостым жасқана…

Әлемге үлгі болды аты –

Еуразияның кіндігі енді –

 Астана!

 

Ұлтымның ұлы мұраты

Жетісу менен жалғаған Есіл еркесін,

Елбасымыздың қуаты –

Қаймықпай тартып келеді алға ел көшін.

 

Болашақтарыңды болжаумен,

Уайымдап талай ұйқысыз таңды атырдым.

Құшағын ашсын –балдәурен,

Алматым – ару, Астанам – кені ақылдың!

 

Қос қала енді  ол – алып,

Өз еріктерің – таңдауды жасау картадан.

Ой мен білімді мол алып,             

Оралсаңдар болды туған жерге қайтадан.

 

Кәмелет жасқа толдыңдар,

Жаутаңдап енді қарай бермеңдер біз жаққа.

Балапан құстар-балғындар,

Қанат қағыңдар қалалар жаққан ізгі отқа.

 

Қараңдар көзді суарып,

Келеді өсіп бірімен-бірі жараса.

Еркін ел-жұртым қуанып,

Екі үлкен қала ер жетті егіз балаша.

 

Сендер де егіз едіңдер,

Уақыттан біздей жүрмеңдер, бірақ ұтылып.

Қыранның қызы ем, Елім, көр,

Ұшырдым түлектерімді – томағаларын сыпырып!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close