Алматылықтардың бір күні қалай өтеді?

Пендеміз ғой… Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, уақыттың қалай зымырап жатқанын байқамаймыз. Қарасаңыз, кешегі тұлымшағы желбіреген ойын баласы бүгінде ел ағасына айналған. Ал сол ағалар аймақты аузына қаратар ақсақал болыпты. Кейде, тіпті керісінше… Арамызда елінің жоғын түгендемек түгілі, отбасындағы тірлігіне әмірін жүргізе алмайтын, пендеәуи дүниелерден ары аспайтын жандар да бар. Дегенмен, кім болсаңыз да уақыт бәрімізге ортақ. Бірақ уақыт бізбен санаспайды, оның қайта айналып келмейтіні де анық. Демек, сағат тілінің әрбір жүрісі бір күнді құрайды. Ал сол күндер кейін біздің өміріміз болып саналады. Ендеше, біз әр күніміздің бағасын білеміз бе? Жалпы, алматылықтардың бір күні қалай өтеді?..

Алтыншаш апа, зейнеткер:

Бүгінгінің ері де, әйелі де жылтыраған дүниенің соңында жүр

– Е-е-е, балам, «үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген. Бүгінде үш жылдығын емес, үш күндігін ойлап бас қатырмайтын­дардың қатары көбейді ғой. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ бүгінгінің ері де, әйелі де жылтыраған дүниенің соңында жүр. «Қайтсем ақшаны көп табамын?» деген оймен жанталасып күн кешіп жатыр. Сонда үйдегі баланың жайын кім ойлайды? Олардың болашағына кім жауап бермек? Бала рухани азық алу үшін отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Бүгінде оны түсіне­тін ата-ана некен-саяқ. Біле білсең, зерделі адам бүгінгісін ғана емес, ертеңгісін, тіпті, бақилық болғаннан кейінгі жайын да ойлап, соның қамын жейді. Біз сондай шақ­тамыз қазір. Бүгінде жасым 70-тен асты. Қызығы­мыз – немерелерімнің бал тілімен бақытқа бөлену, «қызметіміз» – сол немерелерімді жас шыбықтай майысып тұрған кезінде имандылыққа, адамгерші­лікке баулу.

 

Ерлан ҚОСАҚБАЕВ, кәсіпкер:

Бір аптаға арнап жоспар құрамын

– Мың құбылған дүниеде күн сайын түрлі оқиғалар болып жататыны заңдылық қой. Сондықтан біздің бір күніміз бір күні­мізге ұқсамауы мүмкін. Менің түсінігімде, адам бір күнімен ғана өмір сүрмеуі тиіс. Болашағын ойлаған адам артында саналы, салиқалы ұрпақ қалдыруымен бағаланса керек. Ал ол отбасындағы тәрбиемен тіке­лей байланысты. Сондықтан мен балала­рыма жүрген жерлерінде жақсылық жасау­дан шаршамауды айтып отырамын. Ол дегеніңіз, тіпті, көшеден өте алмай тұрған қарияны немесе баланы өткізіп жіберу секілді қарапайым ғана амалдардан тұруы мүмкін. Үйімнің төрінде домбыра ілулі тұр. Кейде жұмыстан шаршап келгенде бала­ларым кезек-кезек күй тартып, бәріміз қосы­лып ән шырқаймыз. Бұл да тәрбиенің бір саласы. Өнерді серік етіп өскен бала жаман болмас. Егер балаларыңа дер кезінде ізгіліктің дәнін сеуіп, дұрыс бағыт сілтеп отырсаң, ондай баладан елін-жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ өсіп шығатыны анық. Ал жалпы өз басым, бір аптаға арнап жоспар құрамын. Сол жоспарым ойдағы­дай орындалып жатса, әр күнімнің баға­сын білгенім деп есептеймін.

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, «Қазтелеком» АҚ-ның маманы:

Сағаттап «пробкада» тұратын уақытқа жаным ашиды

– Адам – өз өмірінің қожайыны. Оны кім қалай өткізем десе де өз еркі. Сондық­тан мүмкіндігінше, жақсы істерді көбірек жасап, күнімізді нұрландыра түссек деумен жүреміз. Дегенмен, өзгелер секілді мен де таңертең кетіп, кешке келемін. Бар уақы­тым жұмыста өтеді. Кешкілік, көшедегі көлік тығыны жүйкеңді тоздырғаны болмаса, әр күніме шүкір деймін. Кейде сағаттап «пробкада» тұратын уақытқа жаным ашиды. Бір-біріне жол бермей, балағаттап, тіпті, көліктен түсе салып, жаға жыртысып жатқан ағайынға қарап қарным ашады. Сонда мен Алма­тымның мейірімге шөлдеп тұрғанына көзім жете түседі… «Біз күнде көлікпен жарыс­қанша, неге жақсы­лық жасап жарыспаймыз, осы?!» деген ой мазалайды мені…

 

Шынар ЯКУБАХУНОВА, «ЦОССУ №1» ҚМБ-ның әлеуметтік жұмыстар бойын­ша маманы:

Жастықтың бір күні – бүкіл өміріңе азық

– Ғабиден Мұстафин «Ойсыз күнім жоқ, бірақ ол ойдың бәрі ертеңге жарай ма, жарамай ма білмеймін» депті бір әңгі­месінде. Атамыз айтпақшы, мен де ойға көп берілемін. Әсіресе, жастарға болаша­ғың үшін пайдалы іспен айналыс дегім келеді. Мұхаметжан Тазабектің айтқан сөзі бар еді: «Жастық шақты барынша өзіңе қолайлы, өзіңе ыңғайлы болған өнердің үстінде еңбектен. Ол спорт бола ма, ол кәсіп бола ма, математик, инженер бола ма, қазақ оны бір ауыз сөзбен өнер деген. Бүгінде қарап отырсақ, жасы ұлғайған адам көп. Бірақ жөн айтып, екі ажыра­сайын деп жатқан жастың басын қоса алмайды, ағайынның арасына алауыздық түссе, соны тоқтата алмай жатады. Қар­тайған адамның барлығы қария болмайды. Қартайған сайын жұрт олардан алыс  болуға, ұзақ жасаған өсімдік секілді одан құтылуға асығады екен. Қарт, жақсы қария болудың астарында үлгілі жастық жатыр» деп. Бұл, менің ойымша жастықтың бір күні – бүкіл өміріңе азық дегенді білдіреді.

 

Нұрдәулет ДИҚАМБАЙ, Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың магис­транты:

Өткенге өкінбей, болашақтан қорықпай өмір сүру керек!

– Қазіргі кезде уақыттың қадірін біліп жатқандар шамалы ғой. Барлығы теле­фонға тәуелді. Көпшілігіміз инстаграмда отырып алып, біреудің өмірін қызықтап, өзіңе қатысы жоқ, мүлде танымайтын, бөгде адамға лайк басқышпыз. Өзгенің мінін теруге құмармыз. Бұлай уақытты мақ­сат­­сыз пайдалану – сенің әр күніңді босқа өткізуге әкеліп жатыр емес пе? Биыл­ғы Жастар жылы бізге көп мүмкіндік беріп отыр. Жас­тардың мәселелері ең жоғары деңгейге қойы­лып жатқанына қуанып жатырмыз. Сон­дықтан әр күніміз ілім үйреніп, білім алумен жалғасын табуда. Шынында да, уақыт деген… күн, апта, ай, жыл… болып зымырап өтіп жатыр. Енді оны қусаң да жете алмай­сың. Сол себепті, әрбір күніңді пайдалы істерге арнаған дұрыс қой. Жақсы өмір сүру үшін өзімді тәрбиелеуден шаршаған емеспін. Барлық адам бақытқа лайық. Ал бақытты адам деп өткенге өкін­бейтін, болашағынан қорықпайтын және біреудің өміріне араласпайтын адамды айтамыз.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *