Алаштың ардақтысы – Иса Тергеусізұлы

Медеу ауданындағы №172 мектеп-гимназиясында «Алаштың ардақтысы – Иса Тергеусізұлы» тақырыбында тарихи-тағылымды кеш өтті. Кешке тарих ғылымының докторы, профессор, академик Мәмбет Қойгелдиев шақырылды.
Алаш қайраткері Иса Тергеусізұлына арналған бұл шарада мектеп оқушылары өздерінің зор қызығушылығы мен белсенділігін таныта білді. Музыка пәнінің мұғалімі Дастан Қабыловтың жетекшілігімен «Мың бала» домбырашылар оркестрі Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі мен Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін орындап, қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Алаштың біртуар азаматтарының шығармашылығынан 9 және 9 «ә» сынып оқушылары Әнуарбек Арайлым, Зәкіржан Еңлік, Әбзелбекова Айзере, Дүйсехан Сағи, 8 «б» сынып оқушысы Сқадыл Мағжан өлеңдер оқыды, сонымен қатар тарих беттерінен алынған Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы ғалым, ақын Иса Тергеусізұлы жайлы жинақталған мәліметтермен 8-сынып оқушылары Жайлаубек Тоғжан, Нұрғазы Мерей, Сәрсенбай Мирас таныстырып өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Сұлтанғазиеваның, тарих пәнінің мұғалімі Молдаш Мақпалдың жетекшілігімен «Жетісу – жәннатым» атты шағын көріністі 7 «в» сынып оқушылары сахналады. Әуелете шырқалған Диана Қашқын-баеваның «Туған өлкем» әні кештің әсерін арттыра түсті. Алаш арыстары жайлы бейнетүсірілімнен көрермендер өткен тарихқа біршама шолу жасады. Мектеп кітапханашысы Жанна Дауытова Алаш арыстары, олардың ішінде Иса Тергеусізұлы жайлы тың деректері бар кітаптар көрмесін ұйымдастырды.
Кеш соңында Алматы қаласының Білім басқармасының бас маманы Қарлығаш Аханқызы сөз сөйлеп, өзінің ыстық лебізін және алғысын білдірді. Қорытынды сөз сөйлеген мектеп-гимназия директоры Т.Т.Қазыбаев Алаш ардақтыларының қатарынан орын алған тұлғасы туралы өте аз деректер табылған Иса Тергеусізұлы жайлы кешке қатысып отырған жас ұрпаққа жан-жақты тың мағлұматтар бере отырып, барлық қатысушы қонақтар мен оқушыларға, кешті ұйымдастырған пән мұғалімдеріне өзінің ризашылығын білдірді.

Н.ҚОСАЕВА,
Г.НҰҚАЕВА,
№172 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімдері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *