Алан сыйлау дәстүрін тоқтату керек

Бұл туралы қалалық Мәдениет басқарма­сының басшысы Нұрлан Сыдықов айтты.

–       Туған күнге арыстанның аланын сыйлау сәнге айналды. 4 айдан соң ол «ойын­шық» керек болмай қалады. Оны қайда жібе­реді? Мәселе осыдан туындайды. Жануарға дұрыс күтім жасалыну керек. Адамдар жануар­­ларды өзінің жан рахаты немесе пайда үшін ұстауды доғаруы керек, – деді Н.Сыдықов Алматы зообағында өткен жиында.

Басқарма басшысы бүгіннен бастап зообақ ешқандай жануарды қолдан әрі құжатсыз қабылдамай­тынын жеткізді.

–             Құжатсыз, екпесіз, денсау­лығы туралы ресми дәйектерсіз еш­қан­дай жануар енді зообаққа қабыл­данбайды. Бұған дейін зообақтың жануарларды құжатсыз қабыл­дай­тынын естіген халық наразылық білдірген еді. Енді оған тосқауыл қоямыз, – деді Нұрлан Сыдықов.

 

Жануарлардың өлімі неден болғаны түсіндірілді

Осыдан бірер күн бұрын зообақ­та арыстанның абданы өлді деген хабарлама тараған еді. Осыған орай Алматы зообағының ғылыми қызмет­кері Юлия Дудкина жануар­лардың өлімі неден болғанын түсіндірді.

Гера есімді арыстанның абданы зообаққа 5 айлығында, яғни 2019 жыл­­дың 28 наурызында түскен екен.

–       Жануар Қазақстанға әкелін­генде барлық ветеринарлық ереже­лер өрескел бұзылған. Оның құ­жат­тары болмады. Жануардың генетикалық тарихын, оның ата-енесі қандай болғанын, кім баққа­нын біз анықтай алмадық, – деді Юлия Дудкина.

Жануардың төлқұжатын иелері ватсап арқылы жіберген.

–       Төлқұжаты болмады. CІTES (жабайы жануарларды халықара­лық тасымалдау туралы конвенция) органының рұқсат құжаттары да болмады. Тек құтыру ауруынан екпесі болған. Бұл да тек ватсап арқы­лы келді. Жануар зообаққа келгенде ауру жұқтырып келген, – деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуын­ша,  қан талдауынан кейін жануар­дың Панлейкопения дертіне (мысық обасы) шалдыққаны анықталыпты.

–       Жануар туа салысымен екпе алуы тиіс болатын. 21 күн ішінде карантинда жатуы шарт еді. Тәртіп бойынша біз жануарлардың генети­касын білуіміз міндетті. Туабітті ақау­лар жиі кездеседі. Ресейде сирек кездесетін жануарларды өсі­ріп, сатуды кәсіпке айналдырғандар өте көп. Олар жақын туыс жануар­ларды да будандастыра береді. Жануарлардың арасында туабітті ақаулар пайда болатыны содан. Олар осылай ақша табады. Ешқан­дай зообақ өз қолында өскен жануар­ды жеке адамдарға сатпайды. Яғни бұл жануар бізге қолдан келді, – деп түсіндірді деді Ю.Дудкина.

Бұдан өзге,  9 шілдеде Асоль есімді арыстанның абданы өлген. Бұл жануар да зообаққа 18 маусымда әкелінген.

–       Бұл жануардың да құжат­тары болмаған. Екпе, паразиттерге қарсы профилактикалық шара жасалмаған. Арыстан бізге әкел­генде 7-8 айлық болатын. Алайда, түрі 5 айлық күшікке ұқсады. Дамуында тежеу бары байқалатын. Орталық жүйке жүйесінің ауруы, бірқатар вирусты аурумен ауыра­тыны анықталды. Ұзақ жүре алмайтын, тырнақтары мен мұрты кесілмеген. Жануар негізінен фото­сессия бизнесі үшін пайдаланылған, – деп жалғастырды сөзін ол.

Арыстанның абдандарынан бөлек зообақта 7 шілдеде 18 жасар керіктің ұрғашысы Грация да өлді. Ветеринарлардың айтуынша, Гра­ция зообақта 18 жыл өмір сүрген.

–       Грация бізге 2003 жылы ОАР зообағынан келген болатын. Осы уақытқа дейін бұл жануар 7 керік туып берді. 18 жас керік үшін егде жас. Шағылысу кезінде керіктің еркегі Грацияны жарақаттап қой­ған. Соның кесірінен жануарда тромб пайда болды. Кейінірек ол үзіліп кетіп, жануар инфаркттан өлді, – деді зообақ басшылығы.

Қазір 19 жасар жолбарыс Рада мүшкіл халде жатқан көрінеді. Ветеринарлар эвтаназия қолдануды жоспарлап отыр. Себебі, жануар әбден қартайған.

–             Бұл жас та мысық тұқым­дастар үшін өте егде жас. Жабайы табиғатта жолбарыстар 15 жасқа дейін өмір сүреді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 17-18 жас. Уақыт өте келе оның азу тістері мұқалып кетті. Қазір жануарды адам көп жүретін жерден оқшаулап қойдық, – деді Ю.Дудкина.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *