«Ай мен Айша»

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры атақты жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» сахналанды.

Спектакльді қоюшы-режиссер ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Тарази, режис­сердің көмекшісі Ү.Сейтімбет, қоюшы-суретшісі М.Сапаров, режиссердің ассис­тенті Г.Жақыпова, композиторы Ш.Базар­құлова. 

Рая ЕСКЕНДІР

Соңғы кездері театр репертуарынан көрінбей кеткен спектакльді көруге келген көрерменнің қарасы қалың болды. Жазушы бұл шығарма арқылы бір ғана отбасының емес, бүкіл қазақ халқының басындағы қасіретті көрсеткен.

Ауылдың қоңырқай тіршілігімен бастал­ған спектакльдің басында қолына домбыра алып, өлеңдетіп отырған Мұрта­заны НКВД-ның шабармандары келіп, қолын қайырып, сүйрей жөнеледі. Айдалып бара жатқан Мұртаза қайтып оралмасын сезді ме екен, «Айша, балаларға ие бол! Отымды өшірме!» деп айқайлап, соңғы сөзін айтып бара жатқандай. Белгісіз бағытқа кеткендердің соңынан аңырай ұмтылған Айшаның күреске толы өмірі де осы тұстан басталады.

Қарапайым қазақ әйелі Айша күйбең тіршілікпен ғана қалып кетпей, қызыл империямен де өз тағдыры арқылы күресе білген жан. Үш баланың анасы да, панасы да болған Айша бүкіл қазақ әйелінің тұтас образы.

«Халық жауы» атанған жазықсыз Мұртазаны сүйреп, айдауға жөнелткен Тасбет (Жандарбек Садырбаев) арқылы әділетсіз, қап-қара түнек, соғыс салған ылаң ап-анық бейнеленген.

Айшаның қайынағасы Мамай мен жеңгесі Қамқа қасіретке толы тағдырды бейнелеп, соғыстан оралмаған ұлдары Орақтың шаңырағын сақтап қалу жолын­дағы жан-күйзелістеріне көрермендер де бірге мұңайып, қамығып отырды.

«Келін кетіп қалса, бізге Әскербек жоқ қой. Орақтың оты өшеді» деген Мамай қарт кіші ұлы Нұрперзентті жеңгесі Тотияға икемдеп, жан-тәнімен беріле кірісетін тұсына да көрермен бей-жай қарамайды.

Жесір әйелдің, жас әйелдің күйін бейнелеген Тотия (Ботагөз Жақыпбекова) бүкіл қазақ даласының мұңы іспетті. Жас келіншектің күйіп-жанып, опат болған күйеуін іздеп шарқ ұрған сәті де нанымды шыққан.

Бесіктегі қаннен-қаперсіз жатқан Әскербегін тербетіп үнсіз, көзін алысқа қадап отыратын Тотияның ойында не бар? Режиссер осы бір көрініс арқылы да бір шаңырақ астында тұрып жатқан жандар­дың ішкі мұңдарын дөп басып көрсете білген.

Барысханның өжет мінезі, оның ақиқат жолын таңдап, келешек үшін күрес жолына шығуы оқиғаның дара сипатына айналған. Мәселен, Айша мен Барысхан Айша бибі мазарына түнеген кездегі «Жеріңе, анаңа, қарындасыңа жау тисе, қолында өлмеймін бе…» деген нық шешімі немесе Айшаның «Мұртазаның оты өшпейді, соңыңда ұрпа­ғың бар» деп баласын бауырына қысып тұрып айтқан сөздері көрерменнің үмітін оятып, келер күннің тап-таза нұрын сезінгеніндей шуақ сыйлайды.

«Анамның аты Айша еді. Түсімде ылғи балалық шағымды, туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді» деген жазушы Шерхан Мұртазаның толғамы көрерменнің көңіліне мұң, көзіне жас толтырса, «Адам­дар да Ай сияқты мейірімді болса ғой…» деген Айшаның үнін естіген көрерменнің Айшаға деген, Шерхан Мұртазаға деген сағынышы ұлғая түседі.

Айшаны бейнелеген белгілі актриса Дария Жүсіптің спектакль соңында да образдан шыға алмай тұрғанын байқадық. Әйел рөлін үздік сомдаған Дарияның шеберлігіне бұл жолы тағы да тәнті болдық.

Барысхан – Елжан Тұрыс, Айдай – Саяжан Құлымбетова, Мамай – Айдос Бектемір, Нұрперзент – Мерей Мұхтарұлы, Қамқа – Гүлнар Жақыпова, Мұртаза – Жалғас Толғанбай сомдаған кейіпкерлер­дің барлығы да тіршілік үшін, өмір жалғас­тығы үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен жандардың ерлігіне қойылған мәңгілік ескерткіш.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *