Ахметжан ЕСIМОВ: 20 жыл бұрын дәл 10-желтоқсанда осы Бас сарайда тұңғыш Президенттi ұлықтау рәсiмi болған едi Берiк СӘДУАҚАС

Түбегейлi күрделi жөндеу және қайта құрылымдау жұмыстарына Елбасының өзi жоғары баға берген Республика сарайының беташарын Тәуелсiздiкке арналған салтанатты жиын ашты. Мерекелiк басқосуға жиналған қала жұртшылығының алдында қала Әкiмi Ахметжан Есiмов құттықтау сөз сөйлеп, өткен 20 жыл бедерiндегi айтулы оқиғаларға шолу жасады.Қала тұрғындары мен қонақтарын ең алдымен азаттық мерейтойымен құттықтаған шаһар басшысы 10-желтоқсан – ел Тәуелсiздiгi шежiресiндегi ерекше маңызы бар тарихи дата екендiгiн атап өттi.

«Қазақстан халқы үшiн тарихтың кезкелген сынағына дайынмын»

– Тура 20 жыл бұрын дәл осы зәулiм ғимаратта Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң ұлықтау рәсiмi өткен болатын. Бүгiнгi мерекелiк шараны жақсылыққа жорып, осы басқосуды сол даталы күнге орайластырып отырмыз. Тарих парағына айналған сол бiр ұлықтау салтанатында Нұрсұлтан Әбiшұлы ерекше тебiренiп тұрып, «Gз тағдырларыңызды маған бiрауыздан сенiп тапсырғандарыңыз үшiн сiздерге шын жүректен ризашылығымды бiлдiремiн. Отаным үшiн, туған жерiм үшiн, Қазақстан халқы үшiн тарихтың кез-келген сынағына дайынмын. Осы жолда мен бiрiншi кезекте бiздiң дана жұртымызға, оның бостандықсүйгiш дара болмысына, ата-бабалар рухына арқа сүйейтiн боламын. Тарих көшi ұзақ, асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, келешекте елiмiздiң дәулеттi де сәулеттi болатынына кәмiл сенемiн. Сенiмнен айрылмайық», – деген едi. Бүгiн Елбасы сол антына адал, елi сенiмiне кәмiл болды. Бiрi бастап, екiншiсi қостап, бүгiнгi дәулеттi өмiрге қол жеткiздi. Әсiресе, алматылықтар үшiн бұл жетiстiктер айрықша ыстық. Gйткенi, сiздер елiмiздегi iске асып жатқан ұлы iстердiң куәгерi ғана емес, белсендi қайраткерлердiң қатарындасыздар. Тәуелсiздiк шежiресiндегi барлық өзгерiстер осы қаладан бастау алды. Алғаш еркiн елдiң декларациясы осы шаһардан бүкiл әлемге паш етiлдi. Төл теңгемiз дербес экономикамызды айқындады, еркiндiк әкелдi. Ата Заңнан бастап, негiзгi заңнамалық құжаттар Алматыда қабылданды. Президентiмiздiң алыс болашаққа бағдарланған «2030» стратегиялық жоспары да сол жылдардың жемiсi. Осындай ұлы оқиғалардың қатарында Алматыда орын алған Желтоқсан ызғарын айрықша атап өткен жөн. Елбасы ол туралы «Тарихтың ойлы-қырлы белестерiнде халықтың жүрегiнде сақталып, жадында қалатын, қоғамдық дамуына ерекше әсер етiп, ұлттық сана-сезiмге қозғау беретiн аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшiн сондай мәнi терең оқиғаның бiрi – 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi» деген болатын. Биыл бұл оқиғаға 25 жыл толып отыр. Алматыда бұл бағытта көптеген шаралар атап өтiлдi.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жетi жылында атқарылған қыруар шаруаның нәтижесiнде бiз «Алматы – Тәуелсiздiктiң алтын бесiгi» деп зор ықыласпен айта аламыз. Елбасы 1997 жылы Астанаға аттанып бара жатып, «Бiз Алматыға сыймай бара жатқан жоқпыз, қимай кетiп бара жатырмыз», – деген едi. Бұл сөз, бiрiншiден, алматылықтарға үлкен күш бередi, екiншiден, Мемлекет басшысының қолдауын, ерекше iлтипатын сездiредi. Соның нәтижесiнде жаңа өрлеу жолына түстiк. Ең алдымен қаланың экономикалық әлеуетi артып, елiмiздегi ең iрi қаржы орталығына айналдық. Қазiр бiз iшкi жалпы өнiм өндiруден, салық жинаудан, орташа жалақы көрсеткiшi тұрғысынан, орта және шағын кәсiпкерлiктi дамытудан, қызмет көрсету мен сауда айналымынан республикада алдыңғы орындамыз. Ұлттық мәдениетiмiз, тiлiмiз бен дiлiмiз өркендеп жатыр. Қазақ тiлiне деген құрмет пен сенiм күн сайын күшейiп келедi. Қазiр Алматыда таза қазақ тiлiндегi мектептер 50-ге жеттi. 20 жыл бұрын қазақ тiлiнде оқитын оқушылар 8 мың болса, бүгiнде 70 мыңнан асып отыр. Әсiресе, өзге ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлге деген құлшынысы ерекше. Бұл Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деген сөзiнiң нақты дәлелi. Осындай көптеген қол жеткен жетiстiктерге алматылықтардың да қосқан үлесi бiр төбе.

Алматының экономикалық қуаты Ташкенттен — 4,5, Омскiден — 2 есе жоғары

Бүгiнгi таңда Алматы қаласының экономикалық күш-қуаты 20 жыл бұрынғы көрсеткiштен әлдеқайда жоғары. Мына мысалдарды айтсақ та жеткiлiктi: iшкi жалпы өнiмнiң деңгейi Ташкент қаласынан 4,5 есе, Омскi облысынан 2 есе, ал Новосiбiр қаласынан 1,5 есе жоғары. Егер IЖG-нiң адам басына шаққандағы үлесiне келсек, қалада ол 19 мың доллардың мөлшерiнде. Бұл дегенiмiз, Чехия мен Оңтүстiк Кореядағы шамамен деңгейлес деген сөз. Алматыда орташа табыс пен жалақы көлемi соңғы 10 жылда 5 есеге өстi. Қазiргi таңда Алматы қаласы Орта Азиядағы ең iрi экономикалық әлеуеттi шаһар және осы аймақтағы экономикалық өсу динамикасының барометрiне айналып отыр. Соңғы жылдары бой түзеген құрылыс нысандары әлемдiк стандарттардың барлық талаптарына жауап бередi.

Байқаған шығарсыздар, өздерiңiз бүгiнгi жиналып отырған Республика Сарайы түгелдей қайта күрделi жөндеуден өттi. 1970 жылы пайдалануға берiлген мәдениет ошағы 40 жылдан берi жөндеу көрмеген едi. Ендi қараңыздар, сiздердiң игiлiктерiңiзде мүлдем жаңа кейiптегi құлпырған мәдениет нысаны. Алматыда жаңаша жұмыс iстейтiн алматылықтар ғана тұрады. Сол үшiн құрылысшыларға алғыс айтамын, бүгiн оларға мемлекет марапатын да тапсырдым.

Кеше ғана метрополитен көлiгiн ашқанда Елбасы «бiз ендi әлемдегi айшықты 40 елдiң қатарынан орын алдық» деп едi. Расында да метро тек көлiк кептелiсiн ғана жеңiлдетпейдi, сонымен қатар жаңа мәдениеттiң қозғаушысына, қалыптасуына себепшi болады. Сарапшылардың пайымдауынша, Алматы метросының инфрақұрылымы көптеген елдердiң метросынан әлдеқайда озық әрi тиiмдi. Алматылықтар жерасты көлiгiне бiрден бауыр басып алды. Бүгiнде тәулiгiне 30 мыңнан 40 мыңға дейiн жолаушы осы метроны пайдалануда. Алдағы уақытта мұндағы жолаушылар өсе беретiн болады. Gйткенi, 2 жылдан кейiн батыс бағытта тағы 2 станса ел игiлiгiне ұсынылады.

Шаһар шаруашылығындағы оң өзгерiстердi зерделеген қала Әкiмi Ахметжан Есiмов, сондай-ақ, әлеуметтiк саладағы қол жеткен жетiстiктердi де атап өттi.

Салтанатты жиыннан кейiн елiмiздiң өнер шеберлерi дүркiрете ән-думанды шалқытты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *