АГРАРЛЫҚ МАМАНДАР ДАЙЫНДАУДЫҢ ЖОҒАРЫ ТАЛАБЫ

нарық жағдайында саланы дамытудың басты шартына айналып отыр

Қазақ халқы күнкөрісі мен тіршілігінің басты көзіне айналған мал шаруашылығымен атам заманнан бері айналысқаны белгілі. Өйткені, төрт түлік мал мінсе – көлігі, жесе – тамағы, ішсе – сусыны, кисе – киімі, тіпті тұтынса – бұйымы да мал өнімдері болған. Төрт түліктің мүйізі мен сүйегіне дейін бабаларымыз оңтайлы пайдалана білген. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында жастар, болашақ мамандар дайындау мәселелеріне аса зор мән беруді, халқымызға тән асыл қасиеттерді оларға сіңдіре отырып шаруаға қажетті маманның өндірісте жетіспей жатқандығын орынды атап өткен еді.  Осы саланың өркендеуіне көп жылдар бойы жан-жақты сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдарымыздың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ректорының кеңесшісі, мал өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі, ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбдірахман Молданазарұлы ОМБАЕВПЕН еліміздегі мал шаруашылығы ғылымы мен білімінің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы ой-пікір бөліскен едік.

 

Ғылым мен өндірістегі тәжірибемді жастарға үйреткім келеді

– Еңбек жолыңыздың 47 жылы Қазақ­станның аграрлық ғылымына, оның ішінде 25 жылы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарын басқаруға, оны ұйымдастыруға бағытталған екен. Оңтүстік өңірінің шал­ғайындағы Созақ ауданына әкім болып қызмет атқарған жылдары өтпелі қиын кезеңнен елді аман алып шығып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттырудағы, берекелі елдің ынтымақ-бірлігін сақтап қалудағы, ширек ғасыр бойы арнасы кепкен Шу өзенін ауданға алып келу­дегі, өзге де ерен істеріңізді сол өңірдің халқы әлі күнге айтып жүреді.  Бұл жылдары кеңестік жүйе тарап, жаңа жүйе орныға бас­таған кез еді. Ғалым, ғылыми саладан келген басшы ретінде алғашқы әкімдік жүйе енген сәтте тосырқап қалмай, бел шеше еңбек ете жүріп, ауыл шаруашылығында тың бастамалар көтере білдіңіз. Осы жылдың қазан айынан бастап өзіңіз 1966–1971 жылдары білім алған уни­верситетке ректордың кеңесшісі әрі мал өнімдерін өндіру технологиясы кафед­расының меңгерушісі қызметіне тағайын­далыпсыз. Құтты болсын! Ғылым саласындағы мұндай шешімге барудың себебі де бар болар?

– Әрине, мен үшін кезінде білім алып, мамандық иесі болған Қазақ ұлттық аграрлық университетінде (бұрынғы Алматы зоотех­никалық-малдәрігерлік және Қазақ ауыл шаруашылық институты негізінде құрылған) еңбек ету – үлкен бақыт. Өйткені, ол менің мамандық иесі болып еңбек жолымның бастауы, әрі қазірге дейінгі атақ-дәреже­лерімнің арқауы болды.  1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргеннен соң, еңбек жолымды Қазақстан Ауыл шаруашылығы  министрлігінің жолда­масымен Шымкент қаласында орналасқан Қазақ қаракөл шаруашылығын зерттеу инс­титутының аға лаборанты қызметінен бас­тадым. Содан кейін кіші ғылыми қызметкер, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, аға ғылыми қызметкер, зертхана, бөлім меңгерушісі, Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, бұрынғы қоғамдық жүйе өзгеріп, әкімшілік басқару орнаған кезде Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы, Созақ ауданының  алғашқы әкімі, Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры (2012–2018) қызметтерін атқардым.

Енді ғылымнан білім саласына ауысуыма келер болсақ, ғылымда «симбиоз» немесе «үйлесім» деген термин бар. Қай заманда да болмасын ғылым мен білімді бір-бірінен бөлектемеген. Білімсіз адам еш уақытта ғалым бола алмайды, ал ғылымсыз білім де болуы мүмкін емес. Ендеше, маған да ғылым саласында, өндірісте жинаған көп жылғы тәжірибемді енді ел болашағы – жас мамандарды тәрбиелеуге, үйретуге арнайтын да кез келді. Оны іске асыру әрине, күрделі де болар, бірақ оған белсене  бел буған жағдайым бар. Өйткені, мал шаруа­шылығындағы әлемдік ғылым алға кетті, ал оның жаңа бағыттарын студенттерге, магистранттарға, PhD докторанттарға жеткізу, үйрету, одан әрі олар арқылы шаруаға ендіру басты міндет болып тұр. Ал қазіргі жастарда білім мен ғылымға  деген талпыныс зор. Айта кетпегім, осы жылдың 11 қазаны мен 11 қарашасы аралығында мал өнімдерін өңдеу кафедрасында арнайы шақыру­мен Польшадан келген профессор Мариан Брзозовски студенттерге дәріс оқып, олардың біліміне ең жоғары баға берді. Болашақ маман­дардың тез ұғу, қабылдау, алғырлық сияқты қасиеттерін айта отырып, жалпы студенттер мен магист­ранттардың басым бөлігі ауылдан келген, бірақ білімге деген құштарлығы зор екендігін атап кетті. Бұл дегеніңіз, жастар­дың білімге, өзі таңдаған мамандыққа деген құштар­лығын көрсетеді. Тек тәрбиелеп, оқыта, үйрете білуіміз керек. Университет ұстаз-профес­сорларының  алдына қойған басты мақ­саты да білімді, ғылымды, өндірісті байланыс­тыра отырып, шаруаға қажетті маман дайындау. Ендеше, мен де осы ортаға жиған тәжірибемді, ғылымдағы ашқан жаңалықтарымды, әдіс-тәсілдерімді, әлемдік деңгейдегі селекциялық-технологиялық зерттеулерді мал шаруашылығы саласына маман дайындауға бағыттауға шешім қабылдадым.

– Қазіргі кезде университетте мал шаруа­шы­лығы мамандығы бойынша оқып жүрген студент, магистрант, докторанттардың білім алуы мен олардың жоғары білім алғаннан кейінгі тағ­дырының  қандай болмағы туралы көкейтесті мәселе байырғы ғалым-оқытушы ретінде сізді де толғандырмай қоймайтын болса керек?

– Әрине, осы жаңа қызметке тағайындау кезінде Қазақ аграрлық университетінің рек­торы, академик Тілектес Исабайұлы Есполов: «Әбеке, сіз тәжірибелі ғалымсыз, ширек ғасыр осы саланың ғылыми-зерттеу институттарын бас­қардыңыз, енді өзіңіз білім алған қара шаңы­раққа да қызмет істейтін кез келді. Елімізде 2011 жылдан бастап мал шаруашылығын өркен­дету, жетілдіру бағытында бірнеше жаңашыл бағдар­ламалар қабылданды. Тіпті, ірі қара мал шаруа­шылығы республиканың аграрлық бағы­тындағы негізгі сала болып белгіленді. Елімізде білікті де білімді кадр жетіспейді, сұраныс та баршылық. Ал респуб­ликадағы ауыл шаруашы­лығына, оның ішінде мал шаруа­шы­лығына қажетті маман дайындау негізінен біздің университетке бекітілген. Сондықтан да біз сізді арнайы мал өнімдерін өндіру кафед­ра­сына меңгеруші ретінде қабылдап отырмыз», –  деген болатын. Сонымен қатар, ол университет студенттері мен магистранттарының негізгі бөлігі ауыл жастары екендігін, олардың жүйелі білім алып, тәрбиелі маман болып шығуына аса зор мән беру керектігін атап өткен еді.

Жалпы, университеттің мал өнімдерін өндіру кафедрасында 271 студент (1-курста – 52, 2-курста – 57, 3-курста – 90, 4-курста – 72), 60 магистрант пен 24 PhD докторант оқиды. Олар малды өсіріп-көбейту, асылдан­дыру, күтіп-бағу, азықтандыру, шағылыстыру, семірту, бордақылау, селекциялық-генети­калық тәсілдерді тиімді қолдана отырып, малдың өнім сапасын арттыру, оның эконо­микалық тиімділігін жақсарту жолдары бойынша жан-жақты білім алып, оны өндіріс­тік жағдайда іс жүзіне асыруда тәжірибеден өтіп, шаруаға дайын маман болып барады. Кафедраның да негізгі міндетті жұмысы осы мақсатқа бағытталған.  Шаруаға қажетті маман дайындау университеттің негізгі міндеті, ал оның ары қарай алған білімін іс жүзінде атқаруы, қызметке орналасуы, оның болаша­ғынан кафедра бейхабар қалған емес. Оның бір айғағы – студенттер университет бітірер жылы өткізілетін мамандар аукционы. Оған респуб­ликаның түкпір-түкпірінен әр түрлі формадағы ауыл шаруашылық тауар өндіруші кәсіп­орындарының, фермерлік, шаруа  қожалық­тарының басшылары қатысып, университет бітірушілермен кездесіп, қажетті жас мамандарын таңдап алады. Сондықтан білімді-білікті маман дайындау университеттің басты мақсаты болса, ал жас маманды таңдап алу шаруашылық басшысының құқы. Рес­публи­када мал шаруашылығымен айналы­сатын тауар өндірушілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Ендеше, төрт түлік малды өсіріп, одан өнім өндіру технологиясын жетік білетін маманға деген қажеттілік те артып келеді.

– Естуімше, келесі 2019 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 90 жыл толады екен. Осынша жылдар еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласын білікті де білімді кадрлармен қамтып келген жоғары білім ордасының айтулы мерейтойы еліміз тарихындағы айтулы оқиғаның бірі деп ойлаймын. Осы орайда университеттің асқан асулары туралы айта кеткеніңіз жөн болар?

– Қазақ жері ежелден төрт түлік мал өсіруге тиімді болса, халқымыз ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесінің арқасында өрісін, тіршілік табиғатын, малдың қадыр-қасиетін әбден жетік білген. Әрине, оған бірден-бір негіз  болып саналатын жағдай Қазақстанның әлемдік деңгейде жайылым жер көлемі (187 млн.га.) бойынша 9 орында екендігі, әрі оның малды бағып-өсіруге тиімділігінде. Кезінде осы жағдай ескерілген де болуы керек, 1929 жылы Алматы қаласында зоотехникалық-малдәрігерлік институт құрылып, мал мамандары мен дәрігерлерін дайындайтын факультеттер ашылды. Сон­дықтан да университет үшін 2019 жыл тарихи ірі 90 жылдық мерейлі жыл. Осы жерде айта кетуім керек, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруа­шылығы институты ашылған, 2001 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік және Қазақ ауыл шаруашылығы институт­тарының негізінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылып, оның мәртебесі едәуір жоғары дәрежеге жетті. Университетіміз 90 жылдық мерейтойды кең көлемде атап өту іс-шарасына да кірісіп кетті. Университет ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың тікелей басшылығымен бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының Абай даңғылы бойында орналасқан екі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Тіпті, ғимараттардың сырт көрінісі ерекше бейнеленіп, айналасы көгалдандырылып, алаңдарына жаңа плиталар төселінді. Университет студенттері, магистранттары мен PhD докторлары, осында көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген ұстаздар, профессорлар әкімшіліктің мерейтой қарсаңындағы іс-шарасына ерекше ризашылығын білдіруде. Әрине, 90 жылдық тарихы бар, миллионға жуық әр саладағы ауылшаруашылығы мамандарын, жүздеген мемлекет, қоғам қайраткерлерін, жүздеген ғалымдар, академиктер, профессорлар дайындаған білім ордасының еліміздегі орны бөлек екендігі сөзсіз.

 

Мал шаруашылығының табыстылығын барынша арттыруға қол жеткізуіміз керек

 

– Өзіңіз тікелей араласып келе жатқан Қазақстанның мал шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулердің қазіргі жағдайы мен болашағы қандай деңгейде? Университет ғалымдары ғылыми зерттеулерге қатысады ма? Студенттерді, магистранттарды ғылымға баулу мәселесіне тоқтала кетсеңіз?

– Жалпы, бабаларымыз ғылыммен айналысуды инемен құдық қазумен теңестіреді. Ол орынды, халқымыздың даналығынан, жан дүниесінен шыққан асыл сөз. Ойлап қарасам, дана халқымыз атам заманнан бері мал шаруашылығы ғылымымен айналысқан. Оның айғағы қай жылы, қай ғасырда шыққаны белгісіз Еділбай қой тұқымының шығуы. Түптеп келгенде, Еділбай адамның аты ма, жердің аты ма, әлде Еділ өзеніне байланысты ма, ешкім білмейді. Бізге жазбаша жеткен мәлімет жоқ. Қыстың  аязы мен жаздың  ыстығына шыдамды, әрі етті, әрі майлы, әрі сүтті, қардың астындағы азығын тұяғымен тазалап жейтін қой тұқымын шығару – үлкен ғылыми жетістік. Сонымен қатар, еліміздегі жабе, адай жылқы тұқымдары, қос өркешті қазақ бактриан түйе тұқымы да бабаларымыздың ғасырлар бойғы зерттеулерінің нәтижесі. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, ұлы қазақ жерінде 1917 жылға дейін қой мен түйе саны өте көп болған. Ол уақытта мал санағының жазбаша мәліметі болмағандықтан оның есебін ешкім білмейді. 1832 жылы орыс зерттеушісі Алексей Левшин «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» атты кітабында «Осында (Қазақ жерінде) қой  саны адам сенгісіз өте көп, әлемде осындай мемлекет жоқ та болар», – деп жазды.

Мал өнімдеріне деген сұраныстың тұрақты өсуі мал шаруашылығы және ветеринария салалары жұмысының еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне жұмылдырылуын талап етеді. ФАО мәліметтері бойынша мал, адам қажеттілігінің тек 30 пайызы шамасын ғана қанағат­тандырады, ал 70 пайызы кедей халықтың түгелдей дерлік тіршілігі үй малдарына тәуелді. Сондықтан барынша сұранысқа ие малдың түрлеріне ірі және ұсақ мал, жылқы, түйе және құс жатады, себебі бұл малдардан халық сүт, ет және жеңіл өнеркәсіп үшін шикізат алады. Осыған байланысты ірі қара шаруашылығы саласында соңғы үш жылда жасалынған ғылыми жұмыстар: әлемдік стандарттарға сай асылдандыру үдерісін басқарудың ғылыми-негізделген жүйесі; малдың асыл тұқымдылық құндылығын анықтайтын жаңа әдістемелер аталық-бұқаларды ұрпағының сапасы бойынша бағалау; етті ірі қара шаруашылығы бойынша қазақтың ақбас сиыры тұқымының 5 зауыттық желісі шығарылды. Әулиекөл тұқымының 3 жаңа желісін шығару үшін селекциялық зерттеулер басталды. Оның ішінде 2 желі кіріспе будандастыру арқылы; сүтті ірі қара малының қараала тұқымының «Қаратомар» тұқымішілік түрі шықты. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы етті бұқалармен жергілікті малды сіңіре будандастыруды қолдану арқылы тұқымды жақсарту технологиясы жасалынды, азықтандырудың теңестірілген нормаларын және әр түрлі жыныс жастағы мал топтарын бағып-ұстау жұмыстарының жаңарған тәсілдерін пайдалана отырып, әр түрлі көлемдегі бордақылау алаңдары және кешендер жағдайында етті ірі қара мал төлдерін өсіру, жетілдіру, бордақылау технологияларының әдістері зерттелді. Кешенді генетикалық, малдың шығу тегін анықтайтын зерттеулердің нәтижесінде алғаш рет Қазақстанда мал тұқымдары және әр түрлі жыныс-жастағы сүтті және етті бағыттағы малдардың ДНҚ мәліметтері бойынша жалпы саны 8,0 мың үлгіге тең банк құрылды. Биотех­ноло­гиялық зерттеулер негізінде біржынысты эмбриондарды алу үшін ірі қара мал шаруашылығында жынысы бойынша ажыратылған ұрықтарды қолданудың әдістемелері жетілдірілді, оған 4 инновациялық патент алынды. Селекциялық жетістіктер және инновациялық өнертабыс асылтұқымды мал топтарында кеңінен қолданылады және ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерінің арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, етті ірі қара шаруашылығында қазақтың ақбас сиыры тұқымының Макет 6527, Адонис 3410, Микрон 619, зауыттық желілері бұқаларының ұрпақтары үлкен сұранысқа ие. Олардың саны қазіргі кезде Солтүстік және Орталық Қазақстанның аймағында 1500 бастан асады. Әулиекөл тұқымы асылтұқымды табандарының 70 пайызының тірілей салмағы жағынан 5–10 пайыз  артықшылығы бар, салмақ өсіміне барынша аз азық шығынын жұмсайтын, өсу қарқындылығы 8-9 пайызға дейін жоғары ұрпақтары құрайды. Етті ірі қара мал шаруашылығында селекциялық-асылдандыру жұмыстары бойынша ғылыммен қамтамасыз ету 50-ден астам шаруашылықтың мал табындарын қамтиды, оның ішінде аналық мал басы 80 мың басты құрайды. Сүтті ірі қара мал шаруашылығында индекстік бағалаудың жаңа әдістерін енгізу мақсатында 2015 жылы республи­камыздың 7 облысында орналасқан 19 шаруашылықта 2,1 мың бас асылтұқымды мал басы құрылды. 2016 жылдан бастап 15 мың бас сиыр бақылауда ұсталынып, өнім беруде. Қазіргі уақытта малдың асылтұқымдық құнды­лығы бойынша индекстік бағалаудың нормативтік құжаттары жасалынуда. Жалпы, еліміздің ғалымдары шет  елдерден сатып алынған етті және сүтті бағыттағы ірі қара малдарының Қазақстанның табиғи-ауа райы жағдайына қалыптасуын  зерттейді. Осы бағытта 2011–2018 жылдары республиканың әр аймағында жүйелі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ұсыныстар берілді.

Биязы жүнді қой шаруашылығында оңтүстік-шығыс аймақта, қазақтың биязы жүнді қой тұқымының Жаркент және Қаратал тұқымішілік сүлесі шығарылды. Жамбыл облысындағы «Пионер» асылтұқымды зауытында, жаңа, шөлейттік тұқымішілік қазақтың оңтүстік мериносының сүлесі, ал Алматы облысында – қазақтың арқар-мериносы қой тұқымының Нарынқол тұқымішілік эко-фенотипі шығарылды. Етті-майлы қой шаруашылығында Еділбай қой тұқымының құрылымына сәйкес, алты зауыттық желі, қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді тұқымында қарғалы қой сүлесінің ақ жүнді қой желісі өмірге келді. Ет өнімділігі бойынша құйрықты қойлар бәсекеге өте қабілетті екені мәлім. Бұл олардың ұшаларының жоғары сойыс сапасына, сонымен қатар табиғи жайылымда малдарды бағуға бейімділігіне, өнімнің өзіндік құнының төмен болуы ерекшеліктеріне байланысты. Оңтүстік Қазақстан жағдайында ордабасы құйрықты қой тұқымының етті-майлы өнімді қойларын шығару бойынша ғылыми зерттеулер аяқталды. Күрделі өндірістік будандастыру негізінде жергілікті қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы тұқымын еділбай (отандық) және гиссар (шетелдік) тұқымы қошқар­ларымен будандастыру, әрі қарай ұнамды бітімді малды «бірімен-бірін» жұптастыру аталық қошқарлардың тірілей салмағын – 110-123 кг., аналықтардың 68–80 кг., еркек тоқты қозылардың – 33-43 кг.-ға жетуін қамтамасыз етті. Асылтұқымды шаруашылықтарда өсірілетін ордабасы таза қанды асылтұқымды қой­ларының саны 35 мыңнан астам. Бұл қой тұқымының құнды белгілері келесідей: төлі ірі келеді, жас төлдің өсу қарқындылығы жоғары, тез жетіледі, малды бағудың түрлі жағдайларына бейім болып келеді. Ордабасы қой тұқымы Жамбыл, Атырау, Ақмола және Ақтөбе облыстарының шаруашылықтарында өсіріледі. Ешкі шаруашылығында: жүнді ешкі тұқымында ірі талшықты сүле, қазақтың қылшық жүнді ешкісі популяциясында – жіңішке түбітті және қалың түбітті сүлелері шығарылды.

Жылқы шаруашылығы саласында келесі селекция жетістіктері жүзеге асты:

– Мұғалжар тұқымында – Мейман, Сары-Айғыр, Мерген, Арал, Құлан айғырларының зауыттық желілері жалпы аталық ізбасын жалғастырушы айғырлар саны тұқымның таралым аумағында 300 басты құрайды;

– Көшім тұқымында – Ласковый, Байкал, Хитрец айғырларының желілері; олар жалғастырушы ретінде аналық табындардың асылтұқымдылығын және өнімділігін жақсарту үшін қарқынды қолданылады;

– Қазақтың «Жабы» тұқымында Памир, Браслет, Задорный, Замыран айғырларының желілеріне апробация жасалынды, олардың ұрпақтары 350 бастан асады.

Аталған селекциялық жетістіктер малдары өзімен қатарластардан тірілей салмағы бойынша 8–12 пайыз; сүттілігі бойынша 300–400 кг.; бордақыланған жас малдардың сою шығымы бойынша 3–5 пайыз басым түсті. Жылқы шаруашылығында жас құлындарды және жергілікті буаз биелерді екпе жайылымда күтіп бағудың жаңа элементін қолдана отырып, өнім өндірудің қарқынды технологиясы жасалынды.

Түйе шаруашылығында үштұқымды ротациялық будандастыруды қолдану арқылы шығарылған қазақ сүлесінің дромедарын тиімді пайдалану әдісі жүзеге асты. Тауарлы түйе шаруашылығында жоғары өнімді жаңа түйе генотиптерін: дромедар мен бактриан және дромедардың қазақ сүлесінің тұқымішілік гибридтерін кең түрде пайдалану іске асуда. Түйе сүтінен ашытқы сүт өнімдерін дайындау технологиясы жасалынды. Кең тараған сүт өнімдерін (шұбат, шұбатты сусын, биойогурт, балқаймақ) дайындаудың тиімді технологиясы ұсынылды. Ашытқы сүт өнімдерін өндірудің 5 техникалық шарттары, түйе сүтін өндіру мен алғашқы өңдеу технологиясы жаса­лынды. Болашағы бар негізгі аймақтарда өсірілетін түйе малының өнімділік және асылтұқымдылық дамуына байланысты оның гендік қоры анықталды.

Республикалық ғылыми бағдарламаларды орындауға университет ғалымдары, магистранттар мен PhD докто­ранттары қатысады. Соңғыларының ғылыми жұмыс­тарының тақырыптары ғылыми бағдарламалар мен жобалардың бір бөлігі болып есептелінеді. Универ­ситеттің ғалым ұстаздарының еліміздің мал шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен бірлесе жүргізілген зерттеулерінің нәтижесінде етті бағытындағы ірі қара малдың – әулиекөл; сүтті бағыттағы ірі қара малдың – алатау,  биязы жүнді қойдың – Оңтүстік Қазақ­стан мериносы; елтірілі қойдың – ақ қаракөл  тұқымы; етті-майлы қойдың – ордабасы; қылшық жүнді қойдың – дегерес тұқымдары шығарылды. Университет студенттері мен магистранттарына ғылыми жұмыспен айналысуларына, аса дарындыларына шет елдерде, еліміздің ғылыми-зерттеу институттарында білімдерін жалғастыруға, толықтыруға мүмкіншіліктер де жасалынған.

– Әбдірахман Молданазарұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет! Өзіңіз айтқандай, алдағы кезде де инемен құдық қазғандай ғылым саласындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз.

  «Ақшамның» анықтамасы

 Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев – отандық және халықаралық ғылыми ортаға белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ғылым, техника және білім саласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Халықаралық библиографиялық орталықтың Алтын белгісінің иегері, Моңғол Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы, Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі.

 

Әңгімелескен – Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close