Ағаларыммен араласқанда…

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

 

ҚАДЫР АҒАНЫҢ БІР БАЛАЛАР АҚЫНЫНА БЕРГЕН БАҒАСЫ

және ондағы сұмдық ирония (кекесін, мысқыл) мен сарказм

 

Достарым, Қадыр аға бір жылдары, біз жас кезде, Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет еткен. Үлкендер жағы біледі. Сол жылдары ағаға көп барып, өлеңдерімді көрсетіп, ақыл-кеңесін тыңдап жүретінмін. Ол кісі кемшілігімді айтады, көрсетеді. Мен жөндеймін, қайта қарай­мын. Қысқасы, күзеймін, түзеймін! Ол туралы менің «Жалын» (1975) журналында жарияланған өлеңдерімдегі алғы сөзінде өзі жазған. Бұл реті келгендегі әңгіме.

Соны­мен, екеуміз Қадыр ағаның бөлмесінде отырғанбыз. Әдеттегідей, өлеңдерімді қарап, айтатынын айтып отырған. Бүгінде біреу білер, біреу білмес, бір кезде бөлмеге орыстың балалар ақыны Владимир Кушак кіріп келгені. Өзі көңілсіз. Біреуге өкпелі. Қысқа аман-саулықтан соң ол: «Қадиршик (осы сөзге қарағанда өздері қатарлас, көп­тен араласады-ау деп ойладым), қарашы, баспадағыларда ұят жоқ екен, мына кіта­бымды (қолындағы тілдей кітапты көрсетіп) тілдей етіп шығарыпты. Менің қалада жоқтығымды пайдаланған ғой», — деп баспадағыларды біраз жерге апарып тастады. Қадыр аға күле тыңдап отыр, мен әңгімеге аң-таңмын! Анау болған кезде, ағам күлкісін тыйды да, салмақты кейіпте:  «Володья, оның несіне ренжисің, көсеміміз Лениннің атақты «Апрель тезистері» кіта­бының көлемі де сенікіндей емес пе? Кітап­тың көлеміне қарама, ондағы шығарма­ларыңның салмағына қара. Сен Лениннен кемсің бе, сенікін де сондай етіп шығарған ғой» дегені. Оны естіген Кушак не дерін білмей, тұтыққан күйі Қадыр ағаға қарата қолын бір сілтеді де, есікті тарс ұрып, сыртқа шығып кетті. Екеуіміз жата келіп күлейік. Күлкіміз басылған соң, Қадыр аға: «Володья да қызық, өзінің өлеңінің қадыр-қасиеті сондай болса, баспа да солай шыға­рады иә!», — деп өлеңімді әрі қарай оқуға  кірісіп кетті. Міне, Қадыр аға кейбір ақындардың бағасын осындай ирония, сарказммен де бере салатын.

 

«Онда қожа болып кетесің…»

 

Бір жолы Қадыр ағамен бір топ жас ақындар мен заңгерлер Сарыағашқа сапар­лас болдық. Жол бастап барған заңгер жігіт Қадыр ағаның жалғыз өзін бір қожа жігіттің көлігіне отырғызған. Қалғанымыз бір көлікке екі-үшеуден отырғанбыз. Жол­да кезекті бір бекетте қымызданып алайық деп, сәл-пәл кешігіп келе жатқан Қадыр аға мінген көлікті күтіп тұрдық. Әне-міне дегенше, олар да келді. Қадыр аға көліктен түсіп бізге беттеді. Біз әлденелерді айтып күліп тұрғанбыз. Қадыр аға өзін сөз етіп тұр деп ойлады-ау деймін, келе: «Жігіт­тер, қас­тарыңда бір қожа жүрсе, тіл-көзден аман боласыңдар! Тіл-көз тимейді. Ауру-сырқаудан сау боласыңдар», — дегені. Ара­мыз­да небір айтқыш жігіттер бар, соның бірі «Қазығұрт» баспасының бастығы, ақын інім Темірғали: «Қадыр аға, егер, қасымда екі қожа жүрсе, не болады?», — дегені. Қадыр аға бір секунд мүдірмей: «Онда қожа бо­лып кетесің», — деді. Қадыр ағаның сонша тап­қыр, тез де мүдірмей жауап бергеніне сон­дай риза болып, жігіттер бір күлісіп алдық.

 

«Қадыр Мырза…» немесе «Қадыр ырза» туралы

 

Бір жолы, сонау Кеңес Одағы өрлеп тұрған кезде, «Көкбазардың» қасындағы атақты «Дәуір» баспасының жанындағы газет-журналдар үйінен қаламақы алғалы кезекке тұрғанмын. Аяқ астынан Қадыр аға Мырзалиевтің келіп қалғаны. Әрине, інілік ілтипатпен: «Қадыр аға: алдыма тұрып, алыңыз», — деймін ғой. Қадыр аға: «Аманхан, қаламақыны қай газеттен аласың», –  деді. Мен «Лениншіл жас» газеті­нен алатынымды айттым. Сонда аға: «Е, Аманхан, мен баяғыда «Жұлдыз» жур­налында жауапты хатшы болып жүргенде ақын-жазушыларға жүз-екі жүз мыңдап қаламақы қойғанда, қаламақы қағазына «Қадыр Мырза»  деп қол қоятынмын. Со­сын, «Леиншіл жастан» бес-он сом қалам­ақы алғанда «Қадыр Ырза» деп қол қоюшы едім. «Сен де со төңіректе ақша аласың-ау! Бірақ студентке о да жақсы ғой», — деп жұба­тып, әрі күлдіргені бар. Е, біздің қатар­лар Қадыр ағаның мұндай әңгіме­лерін есітіп өстік қой. Оларды таңды таңға ұрып айтуға болады. Әзірше, бір парасы осы.

 

«Әй, Тахауи, не әкелу керегін өзің білесің…»

 

Қуан аға Шаңғытбаев, Қадыр аға Мырзалиевпен танысқаннан кейін, олар өмірден өткенше байланысым үзілген емес. Мен оларды аға ретінде, қанша сыйласам, олар мені де, сонша, іні ретінде бағалады. Жиі кездесіп те тұрдық. Сосын со кездері олардың үйлері бір-бірінен қашық емес еді (кейін Қадыр аға қаланың шетіне көшіп кетті). Сондай бір араластық-құраластық кезінде, кезекті рет Қуан ағама хабарла­сып: «қазір үйіңізге барамын», — дедім. Ол кісі әдеттегідей, сөзін қайталап: «Тахауи, не әкелу керегін өзің білесің», – деді. Содан Байзақов пен Төле бидің бұрышындағы «Стрела» дүкеніне соғып, соның қасындағы базарға барып, анау-мынау қарастырып жүргенмін. Со кезде базарда Қадыр аға Мырзалиев кездесіп қалғаны. О кісі үйге көкөніс алып жүр екен. Аз-маз әңгімелесіп тұрдық та, енді қоштасар сәтте Қадыр аға: «Қайда бет алдың?», – деді. Несін жасыра­мын, Қуандық ағаның үйіне бара жатқа­нымды айттым. Сонда Қадағаң: «Не апару керегін өзің білесің ғой» дегені. Аңтарылып қалдым. Ішімнен «Қадағаң әулие ме, қалай! Қуанағаң екеуміздің арамыздағы әңгімені ішкі бір интуициямен сезіп қойға­нына қарағанда солай-ау» деп ойлап үлгергенім жоқ, Қадағаң: «Аманхан, ағам» оны қалай біліп қойды деп бас қатырма, мен сендей кезде Қуан ағаға «Сізге кіріп шықсам ба деймін» деген кездерімде о кісі  «Қадыр, не әкелу керектігін өзің білесің…», – дейтін. Содан ұзақ-сонар бір-бірімізге сыр ашып отыратынбыз. Бар-бар, ол саған үлкен сабақ…», – дегені. Міне, достарым, ағаларыммен араларымызда осындай да әңгімелер мен жайлар болып тұратын.

 

«Қадыр, шынымен қағынып кеттім бе?»

 

О кезде Есенғали жақын досым.  КазГу-дің Журналистика факульте­тінде сырттай оқиды. Ол Алматыға келген сайын ырғап-жырғап қаламыз. Онда мен пәтерде тұрамын. Пәтерім құрқылтайдың ұясындай ғана үй. Есесіне, көңіл кең. Бізден өткен бай жоқ. Байлығымыз өлең. Біз үшін Алматының кез-келген жері жыр оқитын орын, ой айтып, пікір алмасатын мінбер. Әбіш аға Кекілбаев Жазушылар одағының хатшыларының бірі болып тұрғанда, үлкен бір жиында «Жағдайың қалай жас тол­қын?» деген тақырыпта жас­тар туралы жаса­ған баяндамада бұл жайын­да біраз әңгіме айтқанбыз. Ол кейін «Қазақ әде­биеті» газетінде жарық көрді. Сонда үйсіз-күйсіз жүргенімізді де айттық. Қойыңызшы, әйтеуір, мәселеміз көп, бірақ уайым-қайғымыз жоқ жастар едік, біздер.

Сондай алаңсыз бір жылдары Есенғали  кезекті сессияға келді. О кезде журфак­та әдебиет теориясынан Қадыр аға Мырзалиев дәріс беретін. Үлкендер тарапынан «құйын мен жел» атанған екі ақын, сол атақ-дәрежемен бір күні Қадыр ағаның сабағына келмейміз бе? Есенғали достың сабағы. Менікі сонымен ілесе барып Қадыр ағаның дәрісін тыңдау. Сабақ басталып кетіпті. Артқы бос орынға барып жайғаса кеттік. Есенғалиды қайдам, менің жүзім бал-бұл жанып тұр. Қадыр аға: «Аманхан-ау, сен бұ сабақты өтіп кетпедің бе?», – дейді. Шынында да солай. Зейнолла ағай, Қабдо­ловтан дәріс алғанмын. Соған қара­май: «Қадыр аға, Сізді тыңдауға келдім», – дедім. О кісі осынау тіл қатысудан соң сабағын жалғап кете берді. Сонымен, Қадыр аға: «Сөз ойнату, яғни каламбур қазақ­та керемет дамыған. Оған біздің кейбір сөз, сөйлеміміздің өзі жан-жақты мүмкіндік береді. Сұранып тұр. Мысалы «қағыну», «қағын», «қағынба» болып кете беретін сөзді алайық. Осының бірнеше мән-мағынасы бар. Астары, тіпті терең. Ал енді осы сөздің сөз ойнатуға, орысша калам­бурға қанша қатысы бар. Айтайын және оны сіздерге нақты мысалмен жеткі­зейін» деп алды да, мысалына көшті. Әңгіме «қағыну, қағын­ба» сөзінің сөз ойнатудағы, яғни каламбур­дағы орны туралы өрбіді.

«Сонау бір жылдары, бір тойда тамада болдым. Тойға небір ығай мен сығайлар, мықты дөйлер жиналған. Көбісі ақын-жазушылар. Оларды басқару бір мемлекетті басқарумен пара-пар. Солардың арасында өзі соғысқа қатысқан, мықты ақын, маған жезде болып келетін бір ағамыз отырды. О кісі біраз отырған соң көп­теу сілтеп қойды ма, қызып қалып айналасының мазасын кетіре бастады. Қойыңыз деп айта алмай­мын. Сыйлы аға-жезде. Айналасына соқты­ғып, қағынып бара жатыр. «Қағын­бай отырыңыз» деуге шама жоқ. Содан арада көп уақыт өткен жоқ, әлгі ағам астындағы орындығын кері жылжытты да, әркімге соқтығу аздай, темекі тартуға кірісті. Бұнысы шектен шыққандық еді. Аңдысын аңдып отырмын. Бар ниетім де, көңілім де о кісіні тыю. Ретін таппай жатыр­мын. Бір кезде аға-жездем шалбарына түсіп кеткен темекінің күлін қаға бастады. Шал­барын тағы бір қаққан кезде, жұлып алған­дай, бар даусымды шығара ағама қарап тұрып: «Жезде, қағын­бай отырыңыз!», — дедім. Ойым, ашуланып, бірдеңе десе «шалбары­ңыздағы күліңізді қаққанды айтып отыр­мын» деп құтылып кету. О кісі де алғыр, түсінігі мол кісі. Оның үстіне ақын емес пе, әңгіменің ауанын бір­ден түсін­ді-ау деймін, есін тез жинап алып, «Қадыр, шынымен қағы­нып кеттім бе?», – дегені. Ескертудің астарын түсінген ағам­нан енді жасқан­бауға болатынына көзім жетіп, «шынымен, жезде, қағынып кеттіңіз» дедім. Міне, көрді­ңіздер ме, «қағыну, қағу» сөзінің сөз ойнату, яғни каламбурдағы орнының қаншалықты екенін. Ұқтыңдар ма? Мұндай сөз ойнатуға каламбурға сұранып тұрған сөз, сөйлем қазақта өте көп» деген Қадыр аға әңгімесін қазақ тілі байлығының қыр-сырын айтумен аяқтады. Міне, Есенғали жақынымыз екеуміз куә болған Қадыр аға туралы әңгіменің бір парасы осы, достарым!

 

«Немене, Аманхан, сенің туысқандарыңды оқысам да жақпаймын ба, саған»

 

1998 жылы Мәскеуде Мұхтар Әуезовтің мерейтойы өтетін болып, соған бір топ ақын-жазушы аттанатын болдық. Оны Жазушылар одағы алдын-ала хабарлаған. О кезде ана заһармен қоштасып, қол үзіскеніме біраз жыл болған. Не нәрсеге болмасын сергек, жауапкершілікпен қарай­мын. Ісім тиянақты. Бұрын да сондай болатынмын, тек, кей тұстары сыр беріп қоятыным болмаса. Бұ жолғы маған Қадыр аға Мырзалиевтің сеніп, іс тапсыруының бір сыры сонда. Екіншісі, Мәскеудегі кітап дүкендерін жақсы білемін. Сосын, сонда оқып жүргенде, ескі Арбат пен «Куз­нецский мостағы» кітап дүкені мен база­рынан бір-екі рет кітаптар әкеп бергенмін.

Қойыңызшы, әйтеуір, со жаққа жол жүретінімді есіткен аға, хабарласып бір параққа толтырылған кітаптар тізімін берсін. Сонымен, мерейтой тамаша өтті, «Колонный залда» Әбіш аға Кекілбаев Әуезов туралы тамаша баяндама жасады. Ол басқа әңгіменің арқауы. Әзірше, Қадыр аға тапсырмасына келсек, қол босаған кезді пайдаланып, о кісінің тапсырған кітап­тарын алдым. Ол өзімнің алған жүгім­нен көп. Алматыға артынып-тартынып жеткіздім. Ал енді тапсырған кітаптар тізімінен байқағаным, тізімде бірде-бір таза орыс жазушы жоқ. Бәрі жебекеңдерден (еврейлерден) шыққан қаламгерлер. Мәскеуде таңқалып қана қойғанмын. Алматыға келгесін, әуестігім ұстап: «Қадыр аға, мына тізімде әкелген кітаптардың ішінде бірде-бір таза орыс жазушыларының шығармалары жоқ. Неге олай?» демеймін бе? Мен үшін бұл мәселе шынында да қызық еді. Өйткені, Мәскеуде бұл екі ұлт өкілдері арасындағы ақын-жазушылардың талас-тартыстарынан жақсы хабардармын. Бір жағы ішімде, ол туралы ағаның да ойын білсем деген қулық жатыр. Сонда Қадыр аға не ойланып, не мүдірмей: «Немене, Аманхан, сенің туысқандарыңды оқысам да жақпаймын ба, саған», – дегені. Мен ағамның әзіл-қалжыңды қай жерден, қай тұстан тартып, қай кезең-кезден өргізіп отырғанын бірден білдім. Күлейін келіп. Және әзіл-қалжыңды тарих қойнауының тереңінен тартқанына таңқалдым. Тәнті болдым. Бұлай тек білімді адам ғана әзіл-қалжың айтып және оны ойланып-толға­нып жатпай, бірден суырып салып, мүдір­мей айта алады. Сосын барып: «Шынында да, солай-екен-ау, ә!» деп мен де ағаның әзіл-қалжыңына жығыла жауап бердім.

Қазір достарым, осыны оқып отырып, Қадыр ағаның нені меңзеп, не жағдайды әзіл-қалжың етіп отырғанын біреуің түсі­ніп-біліп, біреуің түсінбей де білмей де отыр­сыңдар! «Түсініп-білмейтіндерің, түсініп-білетіндеріңнен сұрап алыңдар» деп қожана­сыршаламай, өзім айтайын! О кісі өзінің әзіл-қалжыңын сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың екінші әйелі Ажар ана­мыздан туған Исмаилдан тараған арабтар­дан өргізіп отыр. Яғни Қадыр аға әзіл-қал­жыңында менің қожа екенімді алға тартып, қожалардың ата-бабасының шежіресі Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың екінші әйелі Ажар анамыздан туған Исмаилдан араб­тардың тарайтынын меңзеп, еврейлердің Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың бірінші әйелі Сарадан тарап, өргенін тілге тиек еткен. Яғни араб та, еврей де семиттер тобына жататын. Сосын әкесі бір, шешесі бөлек ұлттар. Екеуінің де әкесі Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар да, арабтардың шешесі – Ажар, еврейлердің шешесі – Сара. Олардың кейін неге, қалай бөлініп кету сырын бір Алла біледі (Қасиетті кітаптарда ол жазылған десек те). Міне, достарым, біз Қадыр аға­ның осындай терең де, білімге негізделген әзіл-қалжыңын тыңдап өскенбіз.

 

 

Оралхан БӨкеевтің «Аманхан, сен түрменің бастығының алдында отырған жоқсың ғой…» дегені

немесе мені ақшамен қарық қылғаны туралы сыр

 

Менің шығармашылық өмірімде екі оқиға еш ұмытыл­майды. Оның екеуі де Оралхан аға Бөкеев есімімен байланысты. Сонымен…

Алматыға алғаш келген жылдарым. Ондағы ойым — Алматы қаласы мені қанша таңқалдырып, тамсандырса, ондағы ақын-жазушыларды өзім таңқалдырып, тамсан­дыру. Ол ойды қалай орындамақшымын сонда. Әрине, ақындығыммен! Сосын журналистика факульте­тіне түсіп, жазудың «көкесін көрсетумен». Кең дала жайлап, тоғай аралап, құм кешіп, дария бойлап келген, аса максималист, «ерекше талантты» маған ол түк емес секілді. Сөйтсем, ол азап қана емес, қияметтің қайымы екен. Темірхан Медет­беков ағам айтқандай, Алматы комбаин, оның жаткасы ондағы адамдар екен. Темірхан аға деп отыр­ғаным, со кезгі КазГУ-де оқып жүріп, со кезгі Шев­ченко қаласындағы облыстық газетке тәжірибеден өтуге барған­мын. Ана заһарды басып жүрген кезім. Темірхан ағамның үйінде тұрамын. Бір күні сонымды байқап, «Аманхан, сен Алматыда да осындайсың ба? Байқа. Алматы комбаин, жаткасына бір түсіп кетсең ес жия алмай қаласың. Небір жігіттер содан құрып кеткен. Бұзылған» дегені бар. Бұл әңгіменің ара­сындағы әңгіме, сөйтсем Алматыны да, алматылық ақын-жазушыларды да ештеңемен тамсан­дырып, таңдандыра алмайды екенсің. Үлкен орта. Шынын­да да мықты. Менің ауыл арасындағы ақындығым, жазғыштығым олардың алдында түк емес секілді. Салқын. «Ақынмын» деймін. «Ақын көп бізде», – дейді. Мақтаса, ана заһарды татып отырып мақтайды, бір-бірін. Әйтпесе, мұп-мұздай. Қатар­ларым да оңай емес. Артығали, Танабай, тағы-тағылар. Бүкіл облыстан жиналған. Олар да екі иықтарын жеп тұрған таланттар. Бірақ бәрі жарасымды. Өз ортамда еркін­деумін. Әлгі француз сөзін бұра тартып айтқанда «ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дегеннің растығына көзім жетті. Барлық таланттардың көбісі осында жиналған. Шынында да солай. Әрине, араларында кейбір дилетант пен графоман кездесіп қалады. Бірақ олар некен-саяқ. Олардың да өзіндік кеудесі бар. Өлеңдеріне шаң жуыт­тырмайды. Ірі сөйлейді. Қойыңызшы әйтеуір, Алматының құшағы ыстық та, мұздай да екен. Ыстықтығы саған деген шексіз махабба­тының қызуы мақтау-марапатпен ерте жанып кетіп, талантыңды ерте жерлеуге мұрындық болады екен. Суық­тығы барынша сыр ашпай, өміріңдегі кейбір кездескен жайларға салқын қарап, көңіліңді мұздататын көрінеді. Қойыңызшы әйтеуір, сондай әсерде жүріп Орағаң, Оралхан аға қызмет ететін «Лениншіл жасқа» бардым. Имене басып кіріп, Орағаң көрсеткен орындыққа отырдым. Өлеңдерімді ұсындым. О кісі жүзіме бір қарап, оқушы дәптеріндегі жазуыма бір қарады. Қолмен айдақ-сайдақ жазылған, соған таңданды-ау. Мен екі тіземді бір-біріне жақындата, қысылып отырмын. Жүзімде әбіржу бар. Екі қол, екі тізенің үстінде. Орағаң үнсіз өлеңдерімді оқып болды да, менің отырысымды көрді де, езуіне күлкі жүгіріп: «Аманхан, сен түрменің бастығының алдында отырған жоқсың ғой. Еркін отыр», — дегені. Жүзінен жылылық сезіндім. Кейін бірлі-екілі өлеңім, жадым жаңылыстырмаса, «Балауса» деген айдар­мен жарық көрді. Со кезде ме, одан кейін бе, «Лениншіл жаста» сондай айдар болды. Оны бір білсе Серік (Пірназар) досым жақсы біледі.

Со жылылықты Оралхан ағам «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор болып жүргенінде тағы бір көрсетті. Онда Мәскеуде оқимын, оның үстіне Орағаңмен аралас-құраластығым жаман емес. Жиі болмаса да, кейбір жиын­дарда кездесіп тұрамыз. Сәлеміміз дұрыс. Кезекті каникул­ға келгенмін. Орағаңа кірдім. Сонда о кісі мені баяғы баладай қарсы алмай, жақын інісіндей тілдесті. Әңгіме ара­сында, мен «жақында келініңіздің ауылы, Аралға жүрмек­шімін, аға», – дедім. Сонда асыл аға «Аманхан, Аралдың әкімі Каюпов деген кісі, со жаққа біздің газеттің атынан іссапарға бар. Жолкірең төленеді. Баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Соған атсалыс. Әкімнен сұхбат ал. Бұл менің саған қаржылай азды-көпті көме­гім», – деді де, жауапты хатшы­сына айтып, іссапар қағазын тол­тыртып, жолыма ақша берді. Кейін әкімнен алған сұхба­тымды жариялап, оған тағы қаламақы төлет­тірді. Сөйтіп, студент басым азда болса, Орағаңның арқасында жарып қалдым. Жарықтық Орағаңның мендей жасқа деген көңілі мен берген қаржылай көмегі. Міне, достар, осындай да кезді бастан өткізгенбіз.

 

Сөздік қорымнан түсіп қалған сөз

 

Жастау кезімде, ағаларым аман-саулық сұрасу барысында: «Қалың қалай?» деп сұраса, «Шауып жүр­мін…», — деп жауап беретінмін. Ол әдетке айналған. Бір жылдары «Түр­кістан» газетінде қызмет ететін кезім. Редак­торы Қалағаң, Қалтай Мұха­метжанов. О кісінің әрбір жиы­ны күлкі. Сондай бір жиынды келесі бір жолы жазар­мын, әзірше, басталған әңгімені үзбейін. Сол әдетім­ше, Қала­ғаңмен кездесіп қалғанда, о кісі жағ­дайымды сұраса, жоғарыдағы айтып отырған жауабымнан танбай­мын. Оған ағаның да құлағы үйрен­ген. Жүрген, аралас­қан ортам да біледі.

Бір күні кезекті бір үлкен оты­рыстан соң, үйге жетер-жетпес сүрініп құлап, бетімді оңдырмай жаралап алып, ертеңіне айнаның алдында тұрмаймын ба?! Көгерген жері көзге ұрып-ақ тұр. Жұмысқа бар­мауға тағы болмайды. Оның үстіне кезекшімін. Қойыңызшы, әйтеуір кө­гер­ген жерді қара-қоңыр түсті опамен (әйелдің бет бояуымен) қою етіп сылап-сипап алып жұмысқа бар­маймын ба?! Со күні үнемі жұмыста ерте көрмейтін бастығым – Қала­ғаңмен, Құдай қасақана қылғандай, есік алдында бетпе-бет кездесіп қал­маймын ба? О кісі әдетте­гідей:

– Жолбарысым, қал қалай? – деді. Мен де әдет­тегі жауабымнан танбай:

– Шауып жүрмін! – дедім. О кісі бетіме бір қара­ды да, салмақты жүзбен:

– Көрініп тұр, қатты ша­уып кетіп сүрініп қалға­ның. Өйтіп шаппай-ақ қой­сайшы, соны қайтесің, әлгі қат­ты шаптыртатынды ай­тып отыр­мын. Өйткенше, жәй жүр­ген жақсы емес пе?! – деді де ішке кіріп кете берді. Со күні кезекшілікті де жақ­сы өткіз­дім, сосын әлгі Қала­ғаң мең­зеген «қат­ты шап­тыр­татынды да» сая­бырсыттым. Ақыры о заһар­ды қоюмен тындым да. «Қалың қа­лай?» деген сұ­раққа, «шауып жүрмін» деп жауап беру­­ді де қойдым. Міне, содан бері о жауап бүгінге дейін сөздік қорымда жоқ.

 

 

«Шаңғытбаевтан неге өлең сұратып алдық?..»

 

Бұл тақырып «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетіне Қуанағаң Шаңғытбаевтың суретімен жариялан­ған. Кейін мұны әдебиет басылымы шамалы өзгеріспен айдарға айналды­рып, белгілі ақындардан жақсы өлең­дер сұратып алып жариялай бастады. Ол белгілі жазушы, ең бастысы, мықты редактор-журналист Жүсіпбек Қор­ғасбектің «Қазақ әдебиеті» газетінде басшылық етіп жүрген кезінде болған оқиға. О кезде редактордың орынба­сары белгілі жазушы Нұрғали Ораз еді. Сонымен…

 

Мен о кезде «Заң газеті» басы­лы­мында толық әрі «Қазақ әдебиеті» газетінде қосымша қызмет етіп жүрген кезім. Поэзия бөліміне жауаптымын. Құдай жаңылыстырмаса, со жылдары Әмірхан Балқыбек те сонда қызмет етіп, екі-үш жігіт бір бөлмеде отыра­мыз. Яғни сын бөлімі мен поэзия бөлімі бірге, бір бөлмеде. Сын бөлімі демекші, айтулы сыншы Әмірхан Меңдеке де сонда істейді. Бір күні төрт көзіміз түгел отырғанбыз. Белгілі ақын, бірнеше сыйлықтардың иегері Аманжол аға Шамкеновтің келіп, газетке өлең ұсынғаны. Жақсы ақын. Өлеңді алып танысып шықтым да, жанымда отырған ағаға бұрылып: «Аман­жол аға, Сіз үлкен ақынсыз. Мына өлеңдер Сіздің мүмкіндігіңіздегі өлеңдер емес. Оқырмандар Сізді жақсы ақын ретінде таниды, ұсынып отырған өлеңдеріңізге қарағанда мықты басқа өлеңдеріңізді әкелсеңіз­ші», — дедім. Шынында да, өлеңдер аға мүмкіндігінен әлсіз еді. Аға келіскен сыңай танытып кетті. Араға көп уақыт салдырмай, қайта өлеңдер алып келді. Сол баяғы өлеңдер, бірлі-екілі өлең қосылған. Оларды оқып шығып, ағаға алдыңғы айтылғандай: «Аманжол аға, сіз үлкен ақынсыз. Мына өлеңдер Сіздің мүмкіндігіңіздегі өлеңдер емес. Жаңа қосып алып келген өлеңдеріңіз де өткендегідей ғой», — дедім. О кісі маған бір уақыт үнсіз қарап тұрды да, «Аманхан, мен бірнеше сыйлықтың иесімін, қазақша-орысша 150-дей кіта­бым шыққан. Мен ақынмын. Сен мені өлтірейін деп жүрсің бе?», — дегені. Шынымды айтсам, Аманжол ағаның жоғарыдағы сөзінен сасып қалдым. Бірақ өз пікірімнен қайтпай «Аға, Сіздің ақындығыңызға дауым жоқ. Сонда да, Сізде 150 жыр жинағы бар екен, ал өзіңіз қатарлы Қуандық аға Шаңғытбаевта үш-ақ кітап бар, сонда о кісі ақын емес пе? Ақындық кітап санымен өлшене ме? Сосын Алланың қызметі мен Аманханның қызметін жаңылыстырмаңыз. Жанды алатын Алла, мен бар болғаны өлең қарай­мын», — дедім. Аманжол ағам орны­нан тұрды да, үн-түнсіз шығып кетті. Ауыр көңілмен кетті, оны бүгінде жақсы сезі­немін. Осы оқиға­дан кейін Қуандық аға Шаңғытбаев­тың үйіне барып, бір топ өлең сұрап алып, газеттің бір-екі санынан соң, газетке «Шаң­ғыт­­баевтан неге өлең сұратып алдық?..» деген тақырыппен, өлеңдер­дің алдына 50—60 жолдай шағын алғысөз жазып, ақынның суретімен жария­ладық. Оның алғы­сөзінде Аман­жол ағаның аты-жөні айтыл­май, құрметті ағамыздың жоғарыдағы «…менің 150-дей кітабым шыққан» деген сөзін алға тартып, оның ішінде Қуан ағаның үш-ақ кітабы шыққаны да тілге тиек етілген. Ол алғысөзде ақындық кітап санымен есептелмей­тіні және бірлі-екілі өткір сөздер айтылған. Кейін шынында да газет жақсы ақындардан өлең сұра­тып алып, аталғандай жаңа айдармен жария­лап отырды.

 

 

«Октябрь таңы» өлеңі қалай жазылды?

 

1978 жылы «Бес қоңырау» атты бес жас ақынның жыр жинағына өлең­дерімнің жариялануына мұрын­дық болған Байбота Серікбаев досым­ның (қазіргі Байбота Қошым-Ноғай) жақсылығын айтпасақ, тағы бол­майды. О кезде қандай жинақ шық­­па­сын, оның алғашқы бетте­рінде, Ленин, партия, Отан, комму­низм, социализм, қойыңызшы, әйтеуір рух көтеретін патриоттыққа ода өлеңдер болмаса, жыр кітабың­ның шығуы екіталай заман. Жинақ­тың редакторы тамаша лирик ақын Дүйсенбек аға Қанатбаев: «Аман­хан, сенің топта­маңда патриот­тық ком­мунизм, социа­лизм, Ленин, партия тура­лы өлең жоқ екен. Жазып әкел, әйтпе­се, жинақ­қа өлең­дерің енбей қа­ла­ды. Ке­шік­тірме», – деді. О кезде «Жазу­шы» бас­пасы Жазу­шылар ода­ғының бірінші қаба­тын­да. Сыртта Байбота, Шәкизада бастаған үш-төрт ақын достарым тұрған. Шықтым да, «солай да, солай» деп, Дүйсеағаң-редак­тормен арада болған әңгімені айтып бердім оларға! Ондай өлеңім жоқ­тығын да айттым. Кілең ақындар қарап тұрсын ба, Бай­бота: «Сен магазинге барып кел (неге жұм­сап тұрғаны белгілі ғой). Келгенше өлең дайын болады», – деді. Мұндай­да жан қала ма, зу етіп барып келдім. Келсем төрт шумақ «Октябрь таңы» деген жақсы өлең дайын тұр. Байбо­та­ның қолы да жақсы, түсінікті жаза­ды. Тап-тұйнақтай етіп бір параққа көшіріп қойған. Өлеңді алдым да, Дүйсенбек ағама апарып бердім. О кісі «Ойбай-ау, тез әкелдің ғой» деп қуанып қалды. Міне, достарым, топ­тама жыр жина­ғына алғашқы өлең­дерім осылай енген. Бүгінде «жаса, Бай­бота, дос» дей­мін! Ұстазым Те­мір­­­бек Қожакеев пен досым Бай­бо­тадан көрген жақ­сы­лығым осы, достарым!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *