49 оқулықтың таныстырылымы 49 күнге жалғасты

Адамның оны қоршаған ортадан ең басты айырмашылығы – рухында. Философия ғылымына үңілер болсақ, батыстың ортағасырлық философиясында «адам денесі үш бөліктен: дене+жан+рухтан тұрады»  делінген. Рационализмнің негізін салушы философ Рене Декарт: «Жаңа уақытта адам ерекшелігі зердеде, ойлауда, рационалдылықта. Жанның айқын мазмұны – сана», – деп өзінің қоғам мен адамның байланысы туралы қорытындысын жасады. Жаңа уақыт философиясының бастапқы нүктесі – ойлаушы субъект, зерделі адам.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев та өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында адам арқылы ұлттың жаңғыруын сөз етеді. Дәлірек айтсақ, мақалаға адам санасының, қоғамдық сананың қайта жаңғыруы, ескінің құндылығын сақтай отырып жаңаруы, жаңаның бүгінгі күн ағымындағы өзгерістер һәм өзгешеліктермен үндесу мәселесі тірек болды. Бұл – алдына сананың ашықтығы, бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, эволюциялық даму тәрізді міндеттер қойып, ұлт өркениеті мен мәдениетінің, саяси ахуалының жақсарып, экономикасының өсуін мақсат еткен, адами құндылықтарды алға тартып, дамыған қоғам мен сәулелі болашақтың архитектурасын құруды көздеген бағдарлама. Бағдарлама жарияланған күннен бастап елімізде не өзгерді, бағдарламаның қойған міндеттерін халық орындап жатыр ма дейтін сауалдар қай-қайсымызды да қызықтырары анық. Бұл тектес маңызды мәселелер мен сананы мазалаған сан мың сауалдарға жауап іздеуден нәзікжандылар ордасы да тыс қалған емес.

Қыздар университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен университеттің 1-курс студенттері №9 Студенттер үйінде 2019 жылдың қараша айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған 49 оқулықтың «Әлемнің рухани жауһарлары» тақырыбында квест ойындары арқылы таныстырылымын жасады. Білім алушылар 49 оқулықпен bookcrossіng арқылы 49 күн бойы танысты.

Таныстырылым ұйымдастырушысы және модераторы – «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жауапты үйлестірушісі, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент Г.Байташева. 49 оқулық жүктелген 49 студенттің әрқайсысымен дайындық жұмыстарын ыждағаттылықпен жүргізіп, өзінің білімдар ұстаз, тәжірибелі менеджер екендігін тағы да дәлелдей түсті.

Бір айдан аса уақытқа созылған таныстырылымның соңғы аптасында студенттер квест ойындарының оқулықтарға қатысты сұрақтарына тапқырлықпен жауап беріп, оларды жақсы меңгергендіктерін көрсетті. Квест ойындарының ерекшелігі сонда, әрбір сұрақтың мазмұны мен сипатына қарай жауабы жасырынған жерлер мен сұрақтардың бағыты картаға түсіріліп, сол бойынша келесі сұраққа ауысып отырады. Кітапты қолға түсіру дұрыс жауаппен бағаланады. Ал қыздардың ойын сұрақтарына дұрыс жауап беруі – 49 күнге созылған bookcrossіng жемісі.

Оқулықтардың таныстырылымына арналған квест ойындары әрі қарай олардың мазмұнын талқылаумен жалғасты. Таныстырылым жұмысы университеттің ғылыми кітапханасының директоры Б.Бағашарованың басшылығымен ұйымдастырылған 49 кітаптың көрмесімен көмкерілді. Студенттер кітаптарды баяндау, бейнебаян және сахналық қойылым арқылы таныстыра отырып, әрбір оқулықтың ішкі мазмұнына жеке-жеке тоқталды.

Кітап – сарқылмас рухани қазына, адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп беретін ғажайып құрал. Оның адам өміріндегі маңызы мен алар орнын ескере келе, айтылған шара мынадай мақсаттарды алға тартады:

  • әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды еңбектерді оқыту;
  • туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу;
  • олардың білім беру үдерісінде қолданылым аясын кеңейту;
  • кітап оқу мәдениетін әлемдік деңгейге көтеру;
  • ұлттық рухани мұрамызды сақтай отырып, әлем елдерінің тәжірибесін қолдану.

Жиналған қауым 49 кітаптың құнды құпиясын ашумен қатар, өздерінің сан қырын көрсеткен нәзікжандыларымыздың актерлік шеберліктерінің де куәсі болды. Жалпы, іс-шара Pecha Kucha форматында өткізіліп, kahoot бағдарламасымен қорытындыланды. Дүйім жұрт дүниежүзілік сипатқа ие әлеуметтік салалардың іріктеліп, сараланған жауһарлары туралы ақпарға қанық болып, оларды оқуға деген құштарлығы мен құлшынысы артты.

 

Жұлдызай ӘБДІМАНАПҚЫЗЫ,

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *