Кітап – көңіл кілті

3502Данагөй тұлғаға арналған еңбек

Еңбекте ұлы ойшыл ақынның өмір жолы мен шы­ғар­машылығы туралы зерт­теулер мен ғалымдардың тұжырымдары топтастырылды және бұл жинақ «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдар­ламасы аясындағы «Ұлы дала тұлғалары»  сериясы бойынша жарық көріп отырған жұмыс болып табылады. Авторлар абыз ойшылдың өмірі мен шығар­машылығын барынша нақты материалдар арқылы көрсету­мен қатар, оның философия­лық дүниетанымын талдаудан өткізіп, тереңдей байыптауға тырысады.

Кітап «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмір жолы», «Гуманистік дүниетанымы хақында», «Шығармашылығы туралы зерттеулер мен естеліктер» және «Мәшһүр Жүсіп тағылымы» атты 4 бөлімнен тұрады. Құрастырушы авторлары – Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаев.

Қазақтың данагөй тұлғасына арналған еңбек еліміздің тарихы мен рухани мәдениетіне, оның көрнекті өкілдерінің өміріне қызығушылық білдіретін қалың оқырман қауымға арналған. Аталмыш жинақта ақынның біршама еңбектері мен ойшыл туралы жазылған кейбір авторлардың мақалалары келтірілген.

 

3503«Белестің» берері көп

Қазақстанның Құрметті байланысшысы Өсербай Қарасайұлының «Белестер» атты жинағында автордың өмірі мен қызметі жайлы және отандық телекомму­никацияның даму тарихы баяндалған. Сондай-ақ, бай­ланыс саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен қызметтес әріптестері туралы да мол деректер келтірілген. Жинақ­тың соңғы бөлімінде Ө.Қа­расаевқа арналған мақа­лалар, құттықтаулар, автордың туған өлкесі туралы толғаныстары мен өлеңдері де енгізілген.

«Ат жалын тартып мінгелі, ес біліп, етек жиып, еңбекке араласқалы жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Бір адамның ғұмырына тең осы жылдарда не көріп, нені түсіндім, неден ұтылдым, неден қашық болуға тырыстым, дос пен қасты, ақ пен қараны айыра алдым ба? Осыларды ойлағанда белеске шығып, жан-жағыма көз салған­даймын…» деп басталатын автордың ой толғанысы оқырманын еліктіріп әкетері сөзсіз. Сондай-ақ, бұл кітаптың байланыс қызметкерлері мен осы мамандықты таңдап алған жастарға да берері мол.

 

3504Асыл сөздер – салауатты оқырманды ойлануға мәжбүрлейді

Авторы әрі құрастырушысы болып табылатын дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Туғанбай Бай­ғабылұлы Жанысбаевтың бұл жинағында әр дәуірде өмір сүрген әлемнің ұлы ойшыл даналарының өміршең, ескір­мейтін ұлағатты ой-түйіндері, нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, өсиет-ғибраттары іріктеліп, нақты тақырыптарға топтас­тырылған.

«Қысқа-нұсқа жазылған асыл сөздердің жақсылығы сол – олар салауатты оқырманды ой­лануға мәжбүр етеді. Кемеңгер даналардың нұрлы ойымен танысу керемет тап­тыр­майтын ой жаттығуы, ол адамның ақылын құнар­лан­дырып ойлау қабілетін өзгертіп, өміріңе жаңа серпіліс береді», –   дейді автор.

Ғибрат сөзі мол бұл кітаптың барлық оқырманның, әсіресе, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, өмір тануға, адамгершілікке тәрбиелеуге ықпалын тигізері даусыз.

 

3505Таланттың жұмбақ қырлары

Кітапта әлемдік музыка тарихында аты алтын әріппен қалған, сирек дауысқа ие қазақ әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Ерік Құрманғалиевтің өмірі мен шы­ғармашылығы туралы баяндалады. Біртуар таланттың жұмбақ қырлары мен бітім-болмысын, өнердегі жетістіктері мен өмірдегі сәтсіз­діктері жайлы автор, ақын, филология ғылым­дарының канди­даты Маржан Ершу жан-жақты ашуға тырысқан. Ол турасында автор «Ерік Құрманғалиевті кімдер таниды, кімдер жақсы араласқан? Әншімен қазақ ішінде жақын араласып, дос-сырлас болған өнер адамдары да жоқ екен. Ол Мәскеуде, шет елде жүрді ғой көбіне. Мүмкін, аралас-құралас жүруге уақыты болмаған шығар…

Еріктің Алматыда тұратын апасы Раиса Қуанқызы Құрманғалиева апай оның отбасы туралы көптеген қызғылықты деректер айтты және әншінің фотосуреттерін ұсынды» деп жазады. Шағын әрі түрлі-түсті естелік суреттермен көркемделген кітап көпшілік қауымға арналған.

 

3506Шаршы топта билік айтқан Ораз би

Бұл кітапта Арал өңірінде дүниеге келіп, Торғай облысы Ырғыз уезінде Алаш идеясына қызмет еткен Алаш арыс­тарының бірі – Ораз Тәтеұлының өмірі мен қызметі туралы және тарихи деректер, естеліктер жинақталған.

Кітап көпшілік оқырман қауым, зерттеуші мамандар және тарихтан тағылым алып, ұлт болашағына сеніммен қарайтын оқырманға арналған. Поэмада Ораз бидің бейнесі ашылған. Би туралы ғана емес, сол заманның қайшылықтары, Әлихан Бөкей­ханов, Ахмет Байтұрсынов және Есет батыр­дың ерлігі, Мырзағұл болыс туралы оқиғалармен өрнектелген туынды шұрайлы тіл, кестелі ой орамдарымен оқыр­манды өзіне баурайды. Ақын Ораз бидің шаршы топта билік айтатын, топқа түссе жорғалайтын шешен тілінің құдыретін сезіндіре алған.  

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close