«ТУА БIТКЕН ЧЕМПИОН!»

Жандос БАЙДIЛДА

Қазақтан Әлем чемпионы болған спортшы Олимпиада алтынына қол жеткiзбептi. Ал, Олимп шыңына көтерiлгенi әлемдi бағындыра алмапты. өкiнiштi. Ал, ең өкiнiштiсi, соған лайықты спортшыларымыздың жолы күрмелiп, қолжетiм жерден шалынатындығы. Спортшы үшiн ең үлкен қасiрет – мәреде сүрiну. Соның тауқыметiн тартқан тарландардың бiрi – Болат Жұмадiлов пен Геннадий Головкин едi. Өз салмағында әлемнiң теңдессiз боксшылары саналатын қос таланттың өмiрi де ұқсас.

Мәселен, Болат Жұмадiлов 1999 жылы Әлем чемпионы атанып, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында күмiс жүлдеге қол жеткiздi. Ал, Геннадий Головкин болса 2003 жылы Әлемдi бағындырып, 2004 жылы Афина Олимпиадасының мәресiнде сүрiндi. Бiрақ, Головкиннiң әуесқой бокстан кейiн спортпен қоштасып, қызметке кеткен Болаттан айырмашылығы сол, әлi күнге шейiн шаршы алаңда атойлап жүр. Осыдан бiрер жыл бұрын Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевпен әңгiмелескенде «Қай боксшыны жоғары бағалайсың?» деп көлденең сұрақ тастаған едiк. Сонда Бақтияр iркiлместен «Қазақ боксында Гена өзгеше құбылыс. Ол көп еңбектенедi және жеңiлудi бiлмейтiн спортшы» деп Геннадий Головкинге ерекше тоқталды. Расында, қазақ боксында кезкелген кездесудi бiр деммен өз пайдасына шешетiн спортшы болса, соның бiрi – Гена. Жасы ұлғайған боксшы жеңiлiстiң дәмiн жиi тататын болса, Генаның қайрат-қуаты қабындап, ерiкжiгерi де бәсеңдер емес. Қайта сойыл тиген сайын кектене түсетiн қасқырдай әр кездесуде қарсыласына өршелене түседi. Белiне таққан әр белбеудi тек ұпай айырмашылығымен ғана емес, айқын басымдықпен еншiлейдi. Қазiр АIВА-ның Бүкiләлемдiк бокс сериясы бойынша әуесқой спортшыларды мүмкiндiгiне қарамастан кәсiпқой боксқа дәмелендiрiп қойды. Олардың қатарында әуесқой бокстан жүлдеге қол жеткiзгендерi де, жеткiзбегендерi де бар. Ал, Гена болса, жоғарыда айтылғандай екi ортада жүрген дүбаралардың емес, нағыз кәсiби бокстың ауасымен тыныстап жүр. Сондай-ақ, әлемдегi ең беделдi WBA тұжырымының орта салм а ғ ы н д а ойнақтаған нағыз талант – Головкин. Оған бокс мамандары «Туа бiткен чемпион!» деп таққан айдары бар. Мұндай тiркес кез-келген спортшыға қаратылып айтыла бермейдi. Әуесқой бокс пен кәсiпқой бокстың айырмасы жер мен көктей. Айырмашылығы басыңды тегеурiндi соққыдан қорғайтын бокс шлемiнде ғана емес, немесе көздi ашып-жұмғанша өте шығатын раунд санында да емес. Кәсiпқой бокстағы әр кездесу дәрежеңдi арттырады, атағыңды еселей түседi. Сондай-ақ, мұндағы әр кездесу финал секiлдi болғандықтан, қарсыласың да тым тегеурiндi болады. Геннадийдiң бұрынғы арманы басқа болатын. Әрине, барлық спортшы секiлдi Олимпиада чемпионы болғысы келдi. Бiрақ, бола алмады. Ең өкiнiштiсi, әудем жерден қайтты. Афина финалында сәтсiздiкке ұшыраған Генаның көз жасы бар қазақты елжiреттi. өйткенi, бар қазақ Геннадийдiң ұлтына қарамастан бауырына басты. Кешегi кәсiпқой бокстан атағын қорғап қалу үшiн өткiзген 21-кездесуiн көруге барлығы теледидар алдына телмiрдi. Әсiлi, кәсiпқой боксқа жаңадан бас сұққанның барлығы жеңiлiстен көз ашпаушы едi. Ал, Генаның жеңiлмегенiне биыл тура бес жыл болды. Бес жылдың iшiнде әлемнiң орта салмақтағы ең таңдаулы деген 21 боксшысымен шығып, соның 18-iн нокаутпен жеңген. Соңғы өткiзген жекпе-жегiнде Уганда қара маржаны Кассим Оуманы 10-раундта техникалық нокаутпен ұтты. Басын тым сылбыр бастаған Геннадий шапқан сайын құстай ұшатын жүйрiктей соңғы раундтарда қарсыласын тықсырып бiттi. Астынан да, жанынан да, құлаштап та соққы жасады. Ақырында, Кассим Оуманың жаттықтырушысы сүлгi лақтырып, бүркiттей бүрген Генаны әзер дегенде ажыратып алды. Осылайша, Геннадий Головкин тек атағын ғана емес, абыройын да қорғап қалды. Ал, Кассим Оума болса басына зақым келтiрiп, ауруханадан бiр-ақ шыққан көрiнедi. Ендi жерлесiмiз күзде камерундық Хасан Н’Жикаммен шаршы алаңға шығуы тиiс. Әлемде қашан да бабында жүретiн Головкинге қарсы тұратын спортшы некен-саяқ. Оның үстiне Голвкин – жеңiлудi бiлмейтiн боксшы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *