Жалпыхалықтық қозғалыс сипатына ие болған құжат

Төрехан ДАНИЯРОВ

 

Бүгін  Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура бір жыл толып отыр. Осыған орай, оқырмандарымыздың назарына газет тілшісінің ҚР ҰҒА корреспондент-мүше­сі, әл-Фараби атындағы  Қазақ  ұлттық  университеті  Қазақстан  тарихы кафед­ра­сы­ның  меңгерушісі, тарих  ғылымының  докторы  Берекет  Кәрібаевпен  сұхбатын ұсы­намыз.

 

— «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» — Біртұтас Ұлт болудың, мемлекеттік дамуы­мыздың рухани тұғырнамасына айналған бағдарламалық мақала. Әрі ғалым, тарихшы маман, әрі қарапайым азамат ретінде  осынау мазмұнды да маңызды құжат­тың қазіргі замандағы Қазақстан тарихында  алатын орны мен тарихи рөлі  хақында  не  айтар  едіңіз? 

— Елбасының 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми сипаттағы  бағдарламалық мақа­ла­сының бір жылдық қана тарихы болға­нымен, ол қоғамымызда айырықша маңыз­ға ие  және еліміздің  тарихында алатын орны орасан зор болмақ. Бір жыл ішінде   елімізде болған жағдайды теңеу ретінде айтар  болсақ, қоғамымыз  алысқа ұшатын алып самұрық құс секілді қанаттарын қомдай, бір сілкініп, бой түзеп алғандай  әсер қалдырады. Қазақ Елі  өз Ұлт көшбас­шысының бұл бағдарламасына жаппай қолдау білдіргенін, мемлекетімізде  саналы  рухани сілкіністің болып жатқанын  байқаймыз. «Рухани жаңғырудағы» әрбір тұжырымдар мен қағидаттар ұлттық санаға тың серпін бергендей. Осы бір жыл ішіндегі  үрдістерге   тарихшы көзімен қарайтын болсақ, даму үдерісіне тән жүйелілік, жоспарлылық, үздіксіздік және сабақ­тастық секілді ғылыми қағидаттардың қатаң сақталып отырғандығын  байқаймыз. Елдің рухани дамуының айқын да нақты барометрі  болып табылатын әлеуметтік,  мәдени көрсеткіштерге жүгінсеңіз де, бүгінгі телерадио, газет-журнал ақпарат­тары мен ғаламтор әлеміне көз жүгіртсеңіз де, халық үшін  «Рухани жаңғырудың» қаншалықты  маңыздылығын айқын аңғарасыз. Бағдарламалық құжат халықтың жаппай қолдауына ие. Сондай-ақ, тарих­шылардың, философтардың, әлеумет­танушылардың, саясаттанушылардың, дінтанушылардың, қаламгерлер мен жур­налистердің, әдебиетшілердің, яғни барлық әлеуметтік және қоғамдық ғылымдар өкіл­дерінің, жалпы халықтың  терең талқылап отырған басты тақырыптарына айналып отыр. Біртұтас  Ұлт болудың  эволюциялық  даму   қадамдары осындай болса керек.

 

ТАРИХИ   ҚҰЖАТ   ТАҒЫЛЫМДЫЛЫҒЫМЕН   ҚҰНДЫ

 

Жалпы, 12 сәуір  — КСРО дәуірінің алпысыншы жылдарынан  бері тарихи даталы күн екені белгілі. Бұл күн — Ғарыш­керлер күні, халықаралық ғылым күні ретін­де аталынып келсе ,  енді міне, осы тарихи даталар қатарына 12 сәуір — тағы да тарихи дата ретінде, қазіргі заманғы  Қазақстан тарихында ерекше бір орынға ие болып отыр. Бұл жөнінде мен «Алматы ақшамы» газетінің өткен  сандарының бірінде  «Тарихи құжаттың тағылымдық сипаттары» атты мақаламда айтып едім. Расында да, «Рухани жаңғыру» тағылым­дық сипатымен құнды. Қыс­қаша қайыр­сам, жалпы, тәуелсіздік жылда­ры елімізде рухани мәселелерге арналған бағдарла­малық сипаттағы  құжаттарға тарихшының көзімен қарар болсам, олар көптеп саналады. Әрине, олардың әрқай­сы­сының жеке орны бар. Дегенмен де, олардың ішінде  рухани өміріміздің көпте­ген жақта­рын қамтыған  3 құжат-бағдар­лама бірден еске түседі. Бірінші, ол – оншақты жылға созылған  «Мәдени мұра» бағдарламасы, одан кейінгі «Халық тарих толқынында» атты өте жақсы бағдарлама болды. Ал енді осылардың жалғасы ретінде бір жыл болды «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақала-бағдарлама сырттай қарағанда Президент­тің мақаласы ретінде көрініс берді, ал енді бұл құжатпен толық танысқаннан кейін, оның жай ғана мақала емес, ғылыми мақала екендігіне және мемлекеттік бағдарлама екендігіне көз жеткізуге болады.  Бұл бағдарламаға бүгін бір жыл  толды. Қалың көпшілік, жұрттың бәрі дерлік, жалпы  қоғам бағдарламаның мазмұнымен жақсы таныс деуге болады.

— Осынау тарихи құжаттың тағылым­дық сипаттарын тұжырымдаған  мақала­ңызда Елбасы бағдарламасында  қамтылған өзекті мәселелерге, эволюциялық дамуы­мыздың негізгі тетіктеріне, жолдары мен  тәсілдеріне тарихи-философиялық тұрғыдан талдау жасаған едіңіз. Жалпы, біртұтас  ұлт  болуға, бұқаралық сананы өзгертуге, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға   ұмтылудың  бір жылында қандай жұмыстар атқарылды? «Рухани жаңғырудың» бір жылы  бізге не берді?

—  Тұжырымдап айтсам, екі бөлімнен тұратын  бағдарламалық мақаланың бірін­ші бөлігі рухани жаңғырудың теориялық жақтарын қарастырған, ұлттық жаңғы­рудың негізгі тетіктері, жолдары, тәсілдері теориялық сипатта анықталған. Сондық­тан  да мұндағы әрбір терминдер мен атауларды, Елбасының  ой-орамдары мен тұжырымдарын оқи отырып, олардың мәні мен мағынасына терең үңілгенде ғана біз рухани жаңғыруды жүзеге асыруға толық болатынына шынайы көзімізді жеткіземіз. Ал екінші бөлігі нақты практикалық мәселелерге арналған, яғни таяу жылдары үкімет жүзеге асыратын міндетті тапсыр­малар. Бұл тапсырмалар саны – бесеу. Бір  жыл бойы атқарушы билікпен бірге еліміздің барлық қоғамтанушы ғалымдары осы бес тапсырманы жүзеге асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс істеді. Біз де  осы рухани жаңғырудың мәселесіне тіке­лей араластық, бірнеше ғылыми бас­қосуларға қатысып,  ойларымызды білдір­дік. «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сындағы практика­лық бес тапсырманы жүзеге асыру барысында қоғамтанушы ғалымдар орасан зор жұмыстарды атқарды.  Солар­дың алғашқысы — Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары.

 

ЛАТЫН   ӘЛІПБИІ:

БІР  ДЫБЫСТЫ   БІР   ТАҢБАМЕН   БЕРУ — ОРНЫҚҚАН   ДӘСТҮР

 

Үкіметке тапсырылған бес  міндеттің біріншісі — әліпбиді кириллицадан латын әліпбиіне көшіру. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келе жатқан, анда-санда баспасөз беттерінде көтеріліп қоятын мәселе еді. Дегенмен де,  оны түбегейлі шешу үшін Елбасының саяси шешімі қажет болатын. Міне, «Рухани жаңғыру бағдарламасы осы мәселені көтеруімен, оны қолданысқа енгізу үшін қоғамға нақты тапсырмалар  жүктеуімен маңызды. Бірнеше айға созылған талқылаулардан кейін латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасы анықталды деуге болады. Оны енгізу мерзімі Елбасы құзырында.

Бір жыл ішінде осы латын әліпбиіне көшу жөнінде  қандай шаралар жүзеге асырылды дейтін болсақ, мен айтқан болар едім, шартты түрде бір жылда жасалған шараларды екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңге – мәселені  халық­қа  түсіндіру, латын әліпбиіне көшудің  қажеттілігін ғылыми негізде дәлелдеу, оны насихаттау секілді жұмыстар жатады. Өзім жұмыс жасап жатқан  әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық университетінде факуль­теттер көлемінде, университет көлемінде бірінші тапсырмаға қатысты ғылыми жиындар өткізілді. Барлық баспасөз құрал­дарында осы мәселе басты тақырыпқа айналды. Пікір білдірушілер, жақтаушылар өте көп болды. Былайша айтқанда, қоғамдық пікір латын әліпбиіне көшудің қажеттіліктерін сезінді, ұғынды.

Ал енді екінші кезеңде латын әліпбиі негізінде жасалған жаңа әліпби нұсқасы қандай болады деген  мәселеде көпшілік­пен бірге қоғамтанушылардың, тіпті арнайы тіл мамандарының өздері екі топқа жарылды. Бірінші топ жаңа әліпбиде қазақ тіліндегі кейбір дыбыстарды  бір таңбамен белгілеуді қолдаса, екінші топ бір дыбысты екі таңбамен белгілеуді ұсынды.  Осы мәселеге байланысты қызу талқылау жүріп, мамандармен қатар қазақ тілінің болаша­ғына бейжай қарамайтын азаматтардың бәрі дерлік өз ұсыныстарын білдірді деуге болады. Президенттің алдына барған алғашқы нұсқаны Елбасы қоғамда болып жат­қан әр түрлі көзқарастарды ескере келе, жетілдіру қажет деп кейін шегерді. Біз де осы латын әліпбиіне қатысты пікір білді­ріп, өз  нұсқамызды айтқан едік: бір дыбыс бір таңбамен берілетін нұсқа дұрыс  деген пікірді қолдадық. Өйткені, біздің қазақтың тарихында  сонау түркі әліпбиін қолданған кездің өзінде де бір дыбыс бір таңба болған. Одан кейін араб әліпбиінде де бір дыбыс, бір таңба, одан кейінгі латын әліпбиінде де солай берілген. Бізде одан кейін енгізілген кирил­лицада да бір дыбыс, бір таңбамен берілген. Сөйтіп,  айналып келгенде, бізде осы бір дыбысты бір таңбамен беру — әбден орнық­қан дәстүр.  Міне, осы нұсқаны  енгізу қажет деген ойды қолдадым. Бұл ой бірне­ше рет сұхбат ретінде газет-журнал­дарда жарияланды. Осылайша көпшіліктің пікірі мен ұсыныстары жоғары жаққа жетті деп ойлаймын.

 

БІРІНШІ  МІНДЕТТІҢ

90  ПАЙЫЗДАН   АСТАМЫ  ОРЫНДАЛДЫ

 

Жалпы алғанда, «Рухани жаңғыруда» Елбасы қойған бірінші міндеттің 90 пайыздан астамы орындалды деп айтуға болады. Тіпті, қазірдің өзінде көріп отырмыз,  өзіміздің қазақ тілді орталық газеттердің бірталайы газеттердің айдарын жаңа латын қарпімен  беріп отыр. Олардың қатарында еліміздің бас газеті — «Егемен Қазақстанды» және тағы басқа басылым­дарды атауға болады. Көшелерде де түрлі ғимарат, дүкен иелері, сауда нүктелері атаула­рын латын әліпбиімен  безендіріп қойған. Тіпті, жұртшылық,  әсіресе жастар  бір-бірімен ұялы телефон арқылы хабарла­маны да,  ватсап арқылы  бірдеме жазған­да да  латын қарпімен жаза береді. Және оны екінің бірі ана тілінің әліпбиіндей оқи береді. Яғни латын қарпі қазіргі кезде ешкімге таңсық емес. Сондықтан да Елбасы­­ның бірінші тапсырмасы толығымен жүзеге асырылуға жақын деп айтуға болады.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­рудағы»  екінші міндет,  ол — бүкіл әлемнің ақыл-ойы жинақталған қоғамдық ғылым­дарға қатысты 100 оқулықты қазақ тіліне аудару туралы тапсырма.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша да алғашқы шаралар басталып кетті. 100 оқулық іріктеліп, оларды қазақ тіліне аудару жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. «Туған жер» бағдарламасы  мен  «Қазақстанның қасиетті рухани құнды­лықтары»  немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша да өңірлерде тарихшыларымыз жергілікті биліктің қолдауларымен белсенді жұмыстар атқаруда. «Туған жер» бағдарламасы толығы­мен жүзеге асқанда еліміздің  әрбір жас азаматы  ел тарихын ғана емес, соны­мен бірге өз ауылының, ауданының тари­хын өлкетанулық оқулық арқылы білуге мүмкіндік алады. Ал ұлттық тарих ұлттық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан,  тарих арқылы сананы, ал сол арқылы рухани жаңғыруды жүзеге асыра аламыз.

Бұл екінші тапсырма бойынша  Ұлттық аударма бюросы деген мекеменің құрылуы да маңызды қадам. Оны «Болашақ» бағдарламасының түлегі, өзім жақсы біле­тін және  құрметтейтін Рауан Кенжехан­ұлы басқарады. Өзі қазақ тілімен қоса тағы бірнеше тілде еркін сөйлейді. Аударма мәселесіне қатысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екі кездесу болды. Рауан Кенже­ханұлының айтуына қарағанда, қазірдің өзінде 17-18 оқулық тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып қойылған.  Ал одан кейін тағы да  30 шақты оқулық  аударылып жатыр екен. Жобаға сәйкес аударылатын кітаптардың тізімдері толық жасалынған.  Қарап отырсақ, бұл тапсыр­ма да  жақын арада толық жүзеге асыры­латыны  сөзсіз.

Елбасы тапсырған міндеттердің бірі — «Туған жер» бағдарламасы. Бұл міндетті орындауда негізінен алғанда  тарихшы­ларымыз, өлкетанушыларымыз жауапкер­ші­­лікпен жұмыс атқаруы тиіс. Елбасының тапсырмасы бойынша жас ұрпақты мектеп қабырғасынан бастап патриоттық, Отан­сүйгіштікке тәрбиелеу үшін, әрине ең қажеттісі — Отан тарихы, туған жердің, өскен жерінің тарихы. Әрбір жас ұрпақ қазақ елінің тарихымен қатар жергілікті жердің тарихын —  өз ауылының, өз ауда­ны­ның, өз өңірінің тарихын оқып білуі керек. Әрине,  ондай тарихты тек қана тарихшы-өлкета­ну­шылар ғана жаза алады. Бұл да жаңадан қолға алынып жатқан маңызды шаруалар­дың бірі. Дегенмен де, әр жаққа шашыра­мас үшін, менің ойымша, өлкетану оқулығын жазу үшін орталық­тандырылған мемлекеттік оқу-әдісте­мелік орталық болу керек. Елбасының осы тапсырмасына сәйкес  әр облыстағы немесе әр аудандағы мектептерде сол аудан, сол облыс аума­ғында болған тарихи оқиғалар, өмір сүрген батырлар, билер, бектер, дінбасылар, ақын­дар, жыраулар, яғни сол аумаққа белгілі болған тарихи тұлғалар  жоғары жауапкер­шілікпен, тиянақты түрде  есепке алынып, зерделен­гені абзал. Олар Қазақстан тарихы оқулығына енбегенімен, біз айтып отырған өлкетанулық оқулыққа енуі керек. Ол оқулықтың апталық сағат көлемі Қазақ­стан тарихы пәнімен бірдей болса, керемет болар еді.  Сонда ғана  Елбасының тапсыр­масы бойынша «Рухани жаңғырудағы» 3-ші  міндет  толық  орындалды  деп ауыз толтыра  айта аламыз.

Одан кейінгі Елбасы қойып отырған міндет, ол — тағы да тарихшылардың оң жамбасына  келіп тұрған тақырып:  Қазақ­станның киелі жерлерінің тарихи-геогра­фиялық белдеуінің картасы. Бұның да негізгі мақсаты бар. Қазақ жерінің шығысы болсын, солтүстігі, орталығы, оңтүс­тігі, батысы болсын,  не көп, бәрінде де бүкіл елге танымал, тіпті  бүкіл әлемге белгілі тарихи ескерткіштер көп. Міне, осылардың бәрін бір ұлттың, бір халықтың әрбір тарихи  кезеңдердегі жасаған ескерткіштері ретінде жүйелеу қажет. Бұл жұмыс та қазірдің өзінде өте қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұны менің студентім, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факуль­тетінің түлегі, белгілі азамат, саясат­танушы Берік Әбді­ғали басқаратын мекеме орындап жатыр. Олардың газет беттерінде жарияланған есептеріне қарасақ, еліміздегі  киелі ескерткіштерді екі топқа бөліпті. Біріншісі — бүкіл ұлтқа, халыққа белгілі киелі ескерткіштер. Екіншісі — жергілікті жерлерге тән киелі ескерткіштер. Міне, жұмыстың бірінші кезеңінде оларды анық­тап, солардың өзін тіркеп, сипаттамасын жазып жатыр. Демек, төртінші тапсырма да толығымен жүзеге асырылатын күн алыс емес  деп нық сеніммен айтуға болады.

Елбасының  бесінші тапсырмасы — қазіргі Қазақстанды  бүкіл әлемге танытуға өз үлестерін қосқан, еліміздің өсіп-өркен­деуіне маңдай терін төккен 100 тұлғаны анықтау. Менің ойымша, бұл міндет тез орындалады деп ойлаймын. Өйткені, бұл тапсырманы сауалнамалар арқылы орын­дауға болады. Оның орындалу тетіктерін дұрыс белгілесе, бұл да жақын арада толығымен жүзеге асатын шара.

 

Бір жылда ауқымды жұмыстар атқарылды

 

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  алғашқы жылында-ақ атқарылған істер мен жүзеге асырылған шаралар ұлт санасында рухани сілкіністің болып жатқанының айқын дәлелі болса керек. «Жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағи­дасы» десек, санадағы рухани  сілкініс­ке жол ашып, бәсекелік қабілетті, прагма­тизмді, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға осындай мүмкіндік берген маңызды  құжат­тағы  мақсат-міндеттердің толық орында­луына  қанша  уақыт  керек  деп  ойлайсыз?

—  Елбасы тұжырымдағандай, «Қазақ­станға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыруға байланысты жұмыстар оншақты жылға созылады деген болжам айтқан болатын.  Егер бүкіл жасалынатын жұмыстарды  кезең-кезеңге бөлсек, онда бір жылдың ішінде жасалған жұмыстар  бүкіл атқарылар жұмыстың үштен бір, төрттен бір бөлігі дер едім.

Өткен бір жылды, яғни – 2017 жылғы 12-сәуір мен 2018 жылғы 12-сәуір аралы­ғын қорытындылар болсақ, «Рухани жаң­ғырудың» мақсат-міндеттері мен талаптары  өте тез орындалып жатқанын байқаймыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы бүкіл халық­тың көкейінен  шыққан, халықтың мүдде­сіне сай келетін бағдарлама болғандықтан ол жалпыхалықтық қозғалыс сипатына ие болғаны айқын көрініп тұр.  Сол себептен де бұл бағдарлама бір жылдың ішінде бірталай нәтижелі табысқа қол жеткізіп отыр. Демек, алдымыздағы 5-6 жылдың ішінде бұл бағдарлама толық жүзеге асады деген тұжырым жасауға  болады. Қазірдің өзінде біз «Рухани жаңғырудың» нәтиже­лерін  біртіндеп көре бастадық. Бұл өзі дәл өз уақытында дүниеге  келген, бүгінгі қоғам­ның көкейкесті мәселелерін дөп көтерген және  рухани жаңғыруға бағыт­талған аса маңызды  тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Бағдарлама толық жүзеге асқан кезде оған негіз болған бұл құжат та, құжаттың өмірге келген күні де біз үшін тарихи дата болып қалады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *