Жаңа қоғамда мүмкіндік мол

Жаңа қоғамда мүмкіндік мол

Елде жаңа бастамалар мен тың өзгерістер көп. Соның ішінде жас ғалымдардың жаңаша ой-пікірі де маңызды. Біз тарих ғылымының PhD докторы Олжас ҚУАНБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.

«ЕҢБЕК ҰЖЫМЫ – БІРТҰТАС ОЙЫНШЫЛАР КОМАНДАСЫ»...

– Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан бастамасына қандай үлес қоса аламыз?

– Менің ойымша, күнделікті жұмысқа барып-келіп жүрген кез келген қарапайым ҚР азаматы өз ісін өте сапалы, ар-ұятының ал­дында адал атқаруы керек деп ойлаймын. Барлығымыз мемлекет атты үлкен меха­низмнің бөлшектеріміз. Әрқайсымыздың сол механизмнің дұрыс жұмыс істеп тұруында белгілі бір деңгейде маңызды рөлдеріміз бар. Егер әр азамат сол жауапкершілікті сезінер болса, Әділетті Қазақстан бастамасына ай­тарлықтай үлес қосып, еліміздің өркендеуіне септігімізді тигізген болар едік. Мысалы, Жапонияның кез келген еңбек ұжымы, қай қызмет саласында болса да, мейлі ол мемле­кеттік мекемелер болсын, мейлі жеке фирма­лар болсын, « берік, біртұтас ұжым» ретінде қызмет етеді. Бұл жапон ұлтының дамуының басты «тетігі» болып табылады. Соғыстан кейінгі Жапонияда билік бұқара санасына «Еңбек ұжымы дегеніміз – үлкен ұлттық міндетті атқаратын әркімнің өзіндік функ­циясы бар біртұтас ойыншылар командасы» деген идеяны сәтті енгізе білді.

– Ғылымға көңіл бөлініп келеді. Әлі де ескерілмей тұрған қандай тұстары бар?

– Әрине, ғылымға соңғы уақытта кешенді түрде көңіл бөлініп келеді. Президентіміз Қ.К.Тоқаев жыл сайын мүмкіндігінше қара­жат көлемін арттырып жатыр. Мысалы, 2017 жылы ғылымға аударылған қаражат мөлшері 0,14%-ды ғана құрады. 2025 жылға дейін біздің ішкі өнімнің 1%-ын ғылымға аударса жаман болмас еді. Ал енді дамыған елдерде бұл көрсеткіш 4% немесе 5%-ға дейін бара­ды.

Ғылымдағы жастарды қолдау да ақырын­дап қолға алынуда. Жас ғалымдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары да жазылуда. Мысалы, Ш.Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология инс­титутының 2020–2023 жылдары тек жас ға­лымдарға арналған: «Соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстан шаруалары: әлеу­меттік қайта құру және күнделікті өмір», «ХVIII–XIX ғ.ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырла­рының өмірі мен қызметі» (Ресей архив­терінің деректері негізінде), «Алтынордалық Ақтөбе Лаэти қалашығын қалпына келтіру: деректанулық және тарихнамалық аспекті­лері» атты бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру жобаларының екеуі жоспарға сай сәтті аяқталып, бір жоба өз жұмысын жалғас­тыруда. Бағдарлама аясында институт қыз­меткерлері ҚР және шетел архивтеріне ісса­парларға барып, монографиялар мен құжаттар жинақтарын шығарып, өнімді ең­бек етті.

Институтымыздың ғалымдар ұжымы өте нәтижелі еңбек етуде. Мысалы, институты­мызда былтырғы жылға дейінгі соңғы бес жылда 130-дан астам кітап шығарылды. Оның ішінде 19 кітап демеушілер мен қам­қоршылар есебінен жарық көрді. 2020 жылы «Ш.Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығарма­ларының жинағы» «Cambridge University Press» баспасынан ағылшын тілінде Ұлыбри­танияда басылып шықты. Әріптестеріммен бірге осы жинақтың құрастырылуы мен Ник Филдингпен байланыс орнатуға тікелей өзім де қатыстым. Мысалы, былтырғы 2022 жыл­дың өзінде ғана институт Ғылыми кеңесінің рұқсатымен 16 монография, 11 оқулық, 39 құжаттар жинағы, 12 «дөңгелек үстелдер» мен конференциялар жинағы шығарылды. Бұл көптеген ғылыми жетістіктеріміздің бергі жағы ғана десе де болады. Осындай қысқа ғана уақыт аралығында жасалған ора­сан зор ғылыми еңбектер институт директо­ры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдиновтың ұтқыр бас­шылығы мен ғылыми ұжымның адал еңбек­қорлығының арқасы деп білеміз.

Ғылымға көңіл бөлініп келе жатқанымен әлі де болса ескерілмей тұрған тұстары да баршылық. Жастарға қатысты айтар болсақ, олардың да көптеген мәселелері бар.

Біріншіден, ғылыми зерттеу институтта­рынан (ҒЗИ) диссертация қорғайтын кеңес­терді алып қойып, оларды ЖОО-ға берді. Қазіргі таңда бірлесіп дайындатып жатыр. Ғылымның кедергісіз дамуы үшін бұл про­цесс дұрыс жолға қойылуы керек деп ойлай­мын. Негізінде, ғылым ЖОО-да емес, ҒЗИ- ларда жүргізіледі. Себебі, ЖОО профессорлары көп жағдайда университет­тегі оқу кестесіне байланып қалады да, са­баққа дайындалумен әуре болады.

Ал ҒЗИ-дің ғалымдары сабақ жүргізу қарбаластығы мен қағазбастылықпен басы қатпайды. Яғни ҒЗИ ғалымдары өздерінің зерттеу тақырыптары аясында архивтерде, кітапханалар мен көрмелерде, ғылыми ісса­парларда жүреді. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары аясында шығары­луы жоспарланған ғылыми монографиялар мен мұрағаттық құжаттар жинағын талқылау мақсатында көптеген конференциялар, семи­нарлар мен «дөңгелек үстелдерге» қатысып, ізденіс мақалаларын жариялап, таза ғылым әлемінде жүреді.

Сол себепті де, ғылыммен сапалы түрде айналысатын толыққанды уақыты да болады. Сонымен қатар, тығыз ғылыми орта қалып­тасып, бір-бірінің еңбектерін бағалап, басы артық ешнәрсеге алаңдамастан, бірлесе та­лай жұмыс атқаруға мол мүмкіншілігі бола­ды. Сондықтан диссертациялық кеңестерді ҒЗИ-ға беру оң шешім болар деп ойлаймын.

Екіншіден, докторанттарды ЖОО-ға да, ҒЗИ-ларға да беруге болады деп ойлаймын. Себебі, докторанттар ғылым адамдары болған­дықтан, бакалаврлар мен магистранттардан айтарлықтай айырмашылықтары бар. Ғылым­ға және ғылым адамына жасалатын жағдай ретінде, ЖОО-дағы докторанттардың оқу үдерісіндегі алатын сабақ мөлшерін көп қыл­май, ғылыми зерттеу институттарымен тығыз араластыру керек деп ойлаймын. Немесе ҒЗИ- дің өзіне докторанттарды дайындауға мұрсат беру керек деп есептеймін. Сонда ғана жас ғалым докторантурада оқу барысында таза ғылыми процестің ішінде жүріп, мол тәжірибе жинап, ғылыми ортаға тез енеді.

Үшіншіден, қазіргі уақытта докторант­тарға 190 мыңдай стипендия тағайындалған. Бұл сумма қазіргі инфляция мен девальвация кезеңде аздық етіп, құнын жоғалтатыны бәрімізге белгілі. Докторанттар көп жағдайда жас отбасы болғандықтан, әлеуметтік жағ­дайларын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмағандығы үшін, амалсыздан ғылым саласынан бизнеске, басқа да салаларға, тіпті шет елдерге кетуге мәжбүр болып жатады. Осылайша әр саладағы қаншама сапалы ма­ мандарымыздан айырылып қалу қаупі де бар. Сол себепті, магистрант, докторанттарға стипендия мөлшерін көбейту керек деп ой­лаймын.

Төртіншіден, жоғарыда атап өткеніміз­дей, докторанттар отбасылы болған соң, жастарға пәтер мәселесін шешіп беру керек. Әрине, көптеген бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Дегенмен, ғылым бағытында жүрген жастарды арнайы қолдау күн тәртібінен түс­пеуі керек деп ойлаймын.

Бесіншіден, көп ғылыми мекемелерде жалақы өте төмен. Мысалы, 2013 жылы бекітілген сеткамен жалақыларды есептеу тәсілі дұрыс емес деп ойлаймын. Осы мәселе оң шешімін тауып бір жолға қойылса, ғалым­дар да алаңсыз ҚР ғылымының дамуына өл­шеусіз үлес қосқан болар еді.

«ШЕТЕЛДЕ ОҚУ АРЗАН ӘРІ ТИІМДІРЕК ДЕГЕН СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?»

– Бакалавриат, магистратура, PhD док­торантура, Баллон процесінің тиімділігі қандай?

– ҚР білім жүйесін Баллон процесіне ба­ғыттауының тиімді де тиімсіз тұстары бар. Мысалы, бұрындары бакалавриаттарды 5 жыл дайындаған болса, қазір 4 жылдық мерзім берген. Оның үстіне, мектеп қабырға­сында оқыған бағдарламаларды бакалавриат­та қайта қайталаудың қажеті жоқ деп ойлай­мын. Сонымен қатар, министрліктің университеттерге нұсқаулық бере бермеген­дері де дұрыс болар еді. Мысалы, ЖОО оқу кестелерін өздері жасай алатындай еркіндік­тері болса, қағазбастылық та азаяр еді. Шетелде оқып келген докторант ретінде айтарым, елімізде докторлық диссертацияларын алаң­сыз жаза алатындай жағдай жасалса деймін. Мысалы, ҚР-да ЖОО ақысы өте қымбат бо­луы салдарынан мектеп бітірген оқушы да, магистрант та салыстырмалы түрде алыс- жақын шетел университеттерінде оқу ҚР-дан әлдеқайда арзан әрі тиімдірек деген шешім шығарып жатады. Ал шетелде оқыған сту­денттердің қайтып келіп, азын-аулақ ақшаға ел ертеңі үшін қызмет етуі екіталай...

– Жас ғалымдардың әлеуметтік жағда­йы қаншалықты шешілген деп ойлайсыз?

– Үкімет қолдарынан келгенше жас ға­лымдардың мәселелерін шешуге тырысып жатыр. Мысалы, ҚР БЖҒМ ҒК қолдауымен 2018–2022 жылдары «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша институтымыздың 11 қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Дегенмен, осы пәтер мәслелесі әлі де болса өзекті. Сол себепті, тек ғылыми қыз­меткерлерге арналған тиімді тұрғын үй бағ­дарламалары көптеп жүзеге асырылса дейміз. Әлеуметтік саладағы тағы бір жеңілдік, 2018 жылдан бастап институт қызметкерлері қо­ғамдық көлікте жүру үшін ай сайын тегін жол жүру («Оңай») билеттерімен: 2018 жылы – 7 қызметкер; 2019 жылы – 13 қызметкер; 2020 жылы – 21 қызметкер; 2021 жылы – 15 қыз­меткер; 2022 жылы – 25 қызметкер қамтама­сыз етілді.

2018–2022 жылдары Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты­ның 29 дарынды жас ғалымына көрнекті та­рихшылар Т.Балақаев пен А.Нүсіпбековтың және т.б. ғалымдардың атаулы стипендияла­ры тағайындалды, олардың ішінде: 2018 жылы – 2 адам; 2019 жылы – 9 адам; 2020 жылы – 5 адам; 2021 жылы – 4 адам; 2022 жылы – 9 адам стипендия жүлдегері атанды.

– Шетелде білім алу мен тәжірибе ал­масуға ғылымдағы жастарды көптеп жі­беру керек пе?

– Иә, шетелде білім алу мен тәжірибе алмасуға ғылымдағы жастарды көптеп жібе­ру – Отандық ғылымның ілгерілеуіне айтар­лықтай үлес қосары сөзсіз. Сол үшін мектеп бағдарламасында шет тілдерін сапалы түрде оқытуға мән беру керек. Шет тілдерін жетік білген сайын жас ғалымдардың көкжиегі ке­ңейіп, ой-өрісі дами түсері сөзсіз. Ағылшын тілі ғана емес, испан, неміс тілдерімен қоса, шығыстың дамыған мемлекеттерінің де тіл­дерін меңгеру жолға қойылса деймін.

ШЕТЕЛДІК ЖУРНАЛҒА МАҚАЛА ШЫҒАРУ КІМГЕ КЕРЕК?

– «Scopus», «Web of since» сияқты сырт елдің журналдарына гуманитарлық ғы­лым саласына мақала жариялауды мін­деттемеу қажет деген ұсыныстар көтеріліп жүр. Қаншалықты орынды?

– Әрине, гуманитарлық бағытта бұл проблемалар бар. Мысалы, тіл білімі сала­сында «Scopus», «Web of since» журналдары­ның гуманитарлық бағыты бойынша қай жерде мақалалар жариялай алады?! Немесе қазақтың фольклористикасын қазақша жаза­тын мамандар орысша, ағылшынша мақала­ларын қандай шетел ғылыми журналдарына баса алады?! Міне, осындай түйіткілді мәсе­лелер өте көп. Егер де ғалымдардың «Scopus», «Web of since» журналдарында міндетті түрде мақалалары жарық көруі ке­рек десе, үкімет, министрлік, ғылым комитеті ҒЗИ-лердегі ғылыми журналдарға қаражат құйып, сол Отандық журналдарды «Scopus», «Web of since» журналдар базасына енгізіп мақалалар шығаруға болады.

– Дәстүрлі сауал, болашақ кімнің қо­лында?

– Қазақтай халық жер бетінде бар кезде, жалынды жырларымен ғасырлар бойы жас­тарға дем беріп: «Жүрегім мен зарлымын жаралыға, сұм өмір абақты ғой саналыға. Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған, еркімен өзі ақ отқа барады да», – деп жырлаған алып ақын Мағжан атамыздай ешкім жастарға күш бере алмас, бәлкім. Сол себепті, барлығымыз білетіндей, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жас­тарға сенемін» өлеңімен бүгінгі сұхбатты тәмамдасам деймін.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күштi қанатты,

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!».

Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыра­йық. Әрдайым адалдық салтанат құра берсін. Жастар алғыр, білімді һәм білікті болғай!

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен  Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

«Аlmaty-akshamу», №92, 3 тамыз, 2023 жыл