ЖАН ШУАҒЫ
– Төке, сазан қалай болды?
– Не қалайын сұрайсың, Нүриша қабырғасымен шұлық тоқып жатыр.
Бұл — Төкеңнің Төкең болғалы дұрыстап бір мақтанғандағы жауабы. Орынды. Қазақы. Іледен сала құлаш сазан қармағына іліккен адамның аузынан еріксіз шығып кетсе керек. Әйтпесе, Қазақ энциклопедиясында талай жыл қызметтес болдық, Төкеңді ақы беріп мақтандыра алмайтынбыз.
Танымал балалар жазушысы Тұрдақын Жексенбай сөзге сараң, іске мығым. Өзге түгіл өз жазғанын қырық қырнауға жалықпайтын нағыз зергер. Әдеби бақылау редакциясында отырып, ғылыми мәтіннің жатық шығуына қыруар үлес қосқан білікті редактор.
Табиғатпен жаны бір екенін бұрыннан білуші ем. Даланың баласы тауға жүре алсын ба, сүрініп-қабынып әрең жеткенім сол болатын, «мына мен отырған тас ат шалдыратын жер, ана жыраны бойлап көр, ылғалды жердің рауғашы қатая қоймауы керек, осы жерде табысамыз» деп төмен жорта жөнелді. Бас изегенім болмаса, рауғашыңды танымаймын деп айтуға ұялып қала бердім. Мана ырғайдан гөрі рауғашты көрсет демегеніме өкіне беріп, белуардан келетін шалғынға күмп бердім. Сілтеген жеріне жете алмайтын түрім бар, уәделі жерге оралып Төкеңді тосып алмақпын. Тас та,Тұрдақын да жоқ. Осы тұс емес пе еді деп олай бір, бұлай бір тырбаңдай-тырбаңдай болдырттым. Айғайлайын десем ұят. Арқамды бір бұтаға сүйегенім сол, бір дауыс, зарлы ән. Тым-тырыс тыңдасам, өзімнің Тұдақынымның құлаққа таныс әні. Әкем базардан келгендей жеттім-ау. Тастың үстіне дорбадағы тіске басарын шығарып қойған, әні үзілер емес.
Жолдасқа адал, кісімсуді білмейтін Төкеңнің кеудесін кернеген суреткерлік бірде ән, бірде поэзия болып ақтарылатыны да бар. Сұлулыққа деген іңкәрлігін «Баршындар заманынан базарлықтай, Ақын болсам бір дастан жазарлықтай» деп сыпайы сездіретін, кейде ән болып төгілетін сырын мен жақсы білем.
Тұрдақынға Алланың қатар берген ең үлкен сыйы – ұстаздық, бала жанына жақын суреткерлік. Табиғаттың төл баласы ұшқан құс, жүгірген аң тіліне ғана емес, бала тіліне де аса ыждаһатты. Қонжығы аюша, қыраны бүркітше сыр шертеді. Бүлдіршінімен бірге қиялдайды. Тұрдақын қаламынан шыққан шығарманың бір-қыдыруының бәйгеден келіп жатуы заңды құбылыс. Қаламгер қамаутерін әбден алмай, атын бәйгеге қоспайды.
Апыр-ау, кеше ғана емес пе еді. Өмірдің небір қатпарлы жолынан өтіп, жанды жеп жақсы оқып, адал жар сүйіп, бала көріп, жайраң қағып, жортып кеткенде қара көрсетпей кететін шақ кеше ғана еді-ау.
Құдайға шүкір, Отан — от басынан басталады емес пе. Жаңа заман талабына сай білімді, ұлтының кісілік, адалдық қасиетін бойына сіңірген иманды ұрпақ тәрбелеп, Қазақ елін көркейту жолында тер төгу бәйгесіне қосып отырсыз. Сіздің шаңырақтан өрбіген ұрпақ сізден дарығаң жан шуағын маңайына шашып жүретініне мен кәміл сенем. Алла соларға ғұмыр берсін!
«Жаны жақұт, сал Төке, еңбек торым. Кісілік – сарқылмайтын алтын қорың. Сексеннің сүрлеуімен бүлкілдей бер. Соға кет, тоқсанға да түссе жолың».
Иген ХАСЕНҰЛЫ.