Заманауи домбырашы моделі айғақталған кеш

Заманауи домбырашы моделі айғақталған кеш
Сурет: Aykin.kz

Жуырда Алматыда профессор Айгүл Үлкенбаева мен аға оқытушы Ержан Жәмеңкеевтің және шәкірттерінің қатысуымен «MODEL 2.1.5. Dem al»  атты шығармашылық концерт өтті.

Аталған кеште «Қазақстан дауысы» мега жобасының финалисі, әнші Жайна Тарғынова мен концертмейстер, өнертану ғылымдарының магистрі, оқытушы Құрмет Ержанат та бой көрсетті. Көрерменді әдемі әсерге бөлеген шығармашылық кештің негізгі мақсаты – «Қазіргі таңда орта немесе жоғары білім ошақтарынан түлеп ұшқан домбырашы моделі қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап беру.

Күйшілер домбыра құлағында ойнаумен ғана шектелмей, әлемдік деңгейде өнер көрсету үшін өзге ұлт мәдениетінің шедеврлерімен танысып, әуезді әндерін домбыраға икемдеп  жаңа домбырашының моделін ұсынды. Шартты түрде бекітілген MODEL 2.1.5 сандары да концерт мақсатын дәл айқындай тұрғандай. 2 саны қос ішекті домбырадағы күймен қатар жүретін сан алуан әуен үлгісі болса, 1 саны – А. Үлкенбаеваның өз үлгісі, яғни күймен қатар түрлі жанрдағы шығармаларды орындап әрі үйрете алатын білікті маман бола алу. 5 саны – шартты сан болып есептеледі. Бұл – бүгінгі домбырашы бесаспап музыкант болуы керек деген сөз. Бойда қандай да бір басқа өнер болса, оны сөндіріп алмай қайта жандандыру дегенді білдіреді. Домбырашылар сыбызғы тартып, жетігенде ойнап, бас гитараны шертіп, кешке жаңа реңк беріп отырды. Заманауи жастардың әмбебаптығы жаңа домбырашы моделін осылай көрсетті.

Кеш жаңа туындылар, өңдеулер мен лайықтаулар және өте сирек орындалатын күйлермен әсерлі бола түсті. Атап айтсақ, Әбікен Хасеновтың 1950 жылы күйші Шәмші Елебековтен жазылып алынған «Қосбасар» күйін консерваторияның 3 курс студенті Береке Ахметова шертті. Қожеке Назарұлының «Күй шақыртқысын»  Ержан Жәмеңкеев орындаса, консерваторияның 2 курс студенті Берік Сатов Жеменей Бораштың әні «Дауылпазды», Е. Үсенов «Кербез сұлу» шығармасын шекті квартетке Абылхайыр Сағымбаев лайықтаса, домбырашылар ансамбліне лайықтаған Тұрлыхан Аққалиевтің туындысымен  А. Үлкенбаева және шәкірттері өнер көрсетті. Қазанғаптың күйі «Ақжелең»,  халық әні «Ақдариға», Й. Тамариннің «Кубинский танец» , О. Сүлейменовтың шығармасы «Батыс-шығыс» ,  А. Архиповский «Золушка» шығармалары да  сахналанды. Армик Дашченің «Малага» атты шығармасын Марат Нүкеев домбырашылар ансамбліне лайықтап, испан туындысымен қатар, өзбектің халық әуендерінен де шашу шашты.

Кеш соңы Ескендір Хасанғалиевтің «Жанарым» әнімен түйінделді. Шығармашылық кешке келген әрбір көрермен жаңашылдықты сезініп, көңілді күйде тарқасты.