Үндістанның оянуы: :  Орта Азия үшін Үнді- Қытай бәсекелесе ме?

Үндістанның оянуы: :  Орта Азия үшін Үнді- Қытай бәсекелесе ме?
almaty-akshamy.kz

Генри Киссинджер айтқандай, қай дәуірде болмасын халықаралық қатынастардың жүйесін қалыптаушы ірі күштер болады. Біз қазір Батыста­ғы ірі ойыншылармен қатар Азияда да алпауыт елдердің көтеріліп шық­қанына куә болдық. Соңғы 40 жылда Қытайдың үздіксіз кеңейген ықпал- қуаты Азия шығысынан асып шығып, қалыптасқан батыстық державалар­мен иық тіресті. Жаңа күштің кө­теріліп шығуы қашанда ескілі-жаңа күштер арасындағы бәсекені қызды­рады. Көптеген елдерге бұл жағдай қолайсыздықтар әкелгенімен, кейбір аймақтар табиғи мүмкіндіктеріне орай өз пайдасын көреді. Айталық, ірі күштер арасындағы күрделі бәсеке­лестік қатынас Орта Азияның геостра­тегиялық маңызын жоғарылатты. Ресейден тыс АҚШ, Қытай және ЕО Еуразия кіндігіндегі аймаққа бұрын­ғыдан гөрі көбірек назар аударатын болды. Бірақ осыған дейін айтқаны­мыздай, аймаққа назар аударатын ойыншылар қатары бұнымен шектел­меуі мүмкін. Мысалы, Үндістан өзінің болашақтағы даму мүддесі үшін Орта Азия аймағына деген қызығушылы­ғын арттырары даусыз.

Неге Үндістан?

Себебі, қазір әлемнің өндіріс базасы Қытайдан оңтүстікке қарай баяу алмаса бастады. Осымен бірдей уақытта Үндістан да Азиядағы жаңа күш орталығы ретінде көзге түсті. Әлем өндіріс базасының өзіне қарай жақындауы Үндістанның ықпал-қуатын арттыруда. Алдағы уақытта Үндістан әлемдік өндіріс пен тұтыну нарығында Қытайдың орнын иеленуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Бірақ бұл қысқа мерзімде жүзеге асатын жағдай емес. Қытайдың өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап біртіндеп көтеріліп шыққаны секілді, Үндістан да біршама ұзақ уақыт пен процесті бастан кешіреді.

Бұл арада өндіріс базасы неге Қытайдан кетті деген сұрақ туады. Бұған бір жағынан стратегиялық бәсеке қалыптастырса, енді бір жағынан нарықтың өз заңдылығы да себеп болған. Былайша айтқанда, бір кездері Қытай әлемдік брендтер мен түрлі өнім иелері үшін көп әрі арзан еңбек күшімен, қолайлы өндіріс базасына қызықтырған. Біртіндеп, Қытай экономикасы жоғарылады, тұрғындарының кірісі де артты. Соған ілесе Қытайда өндіріс құны қымбаттады. Кез келген компания үшін енді ол қолайлы өндіріс ошағы болмай қалды. Сондықтан еңбек ақысы салыстырмалы арзанырақ, өндіріс құны төменірек Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азияға қарай ойысты.

Бұл аймақ өзінің қолайлы климаты және мол еңбек ре сурсымен әлемді өзіне қызықтырады. Қытайдан да көп халық саны бар осы алып аймақ теңіз-мұхитпен шектесіп жатыр. Әрі Азия, Африка, Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтарына да қолайлы теңіз тасымалымен тұтасқан. Үндістан осы аймақтағы ең ірі мемлекет ретінде жаңа күш орталығы ретінде мойындала бастады.

Еуропаға ең жақын жол іздейді

Бір қарағанда, Үндістанның біздің аймақтағы қадамдары тым елеусіз. Бұған қарап Үндістанды аймақтағы жаңа ойыншы ретінде қарастыру қисынсыз көрінеді. Алайда, неге Үндістан біздің аймаққа назар аударуы мүмкін? Себебі, Үндістан Еуропаға апаратын ең төте жол арқылы қазіргі Қытайдың қоршауына шығып кетуді көздейді. Қытай Үнді-Тынық мұхитындағы сауда жолынан тартып, Мьянмадағы және Пәкістандағы экономикалық дәліздер арқылы Үндістанды үлкен қоршауға қалдырған. Бұл қоршауды бұзу үшін Жаңа-Дели 2000 ж ылдардың бас шенінде басталған Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін (ХОСКД/INSTC) қолдануға мүдделі. Бұл біріншіден жерасты ресурстарға ие Орта Азиямен байланысты дамыту үшін қолданатын сенімді құралы болуы мүмкін. Орта Азия, Каспий аймағы арқылы Ресейге және Еуропаға жететін құрлық жолы Үндістанның алдағы негізгі стратегияларының бірі болатынын болжай аламыз.

ХОСКД болашағы қандай?

Бұдан 20 жыл бұрын басталғанына қарамастан, Оңтүстік-Солтүстік көлік дәлізі тым баяу дамытылды. Бұдан сәл ғана бұрын Үндістан тәжік жерінде осы жобаның аяқталып қалғанын мәлімдеді. Шын мәнінде, бұл мәлімдеме аймақ елдеріне жасалған сигнал болды. Сол арқылы Жаңа-Дели Орта Азия елдерін өзімен тұтастыратын экономика жолағына назар аударуға шақырғандай. Бірақ бұл көлік дәлізі қазір тұтастай Орта және Оңтүстік Азияны еркін жалғап кетуге дәрменсіз. Бұған үлкен кедергілер де жоқ емес. Айталық, Үндістан-Қытай қайшылығы және Үндістан-Пәкістан қайшылығы көбірек бөгет болады. ХОСКД Жаңа - Дели жобалағандай Еуропа, Ресей, Орта Азия және Оңтүстік Азияны жалғастыру үшін міндетті түрде Ауғанстан және Пәкістанды кесіп өтуіне тура келеді. Онсыз жоба толыққанды қуатын көрсете алмайды. Ал осы елдермен болған терең қайшылық Үндістан үшін ең үлкен сынақ болмақ.

Бірақ бұл сауда дәлізіне үміт артатын Ресей және Иран сынды тараптары болғандықтан, болашағын жарқын елестетуге де болады. Иран да, Ресей де Еуразияның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын сауда жолы арқылы Батыстың құрсауынан шығып кетуді көптен көздеп келеді. Бұған дейінгі ресми кездесулерде Теһран мен Мәскеу бұл жобаны қуаттайтынын анық аңғартқан.

Орта Азиядағы екі ірі жобаның бәсекесі

Қытай 2013 жылдан бастап «Бір белдеу, бір жол» жобасын ұсына отырып, өзінің негізгі даму мүддесін қамтамасыз етуге күш салды. Сонымен бірге, осы жоба арқылы аймақтағы елдермен экономикалық байланысты тереңдетуге де тырысты. Үндістан да осыған ұқсас жолды таңдауы мүмкін. ХОСКД-ін бір жағынан Еуропа сынды ірі нарыққа кіретін төте бағытты қамтамасыз етумен бірге, аймақ елдерімен қарым-қатынасты тереңдетуде де осы құралды қолданады. Бұл дегеніміз, аймақтан өтетін екі экономикалық дәліздің негізгі авторлары арасында үлкен бәсеке жүретінін көрсетеді. Бұл бәсеке өңірде сауда экономикалық жолдардың қызу таласы болғанымен, шындап келгенде осы үрдістің астында Азияда көтеріліп шыққан екі ірі күштің бәсекесі жатыр. Бастапқы болжамдарға негізделсек, бұл жағдай аймақ елдеріне дамудың жаңа мүмкіндіктерін жарыса ұсынуы мүмкін. Бәсекелестік әсіресе, аймақ елдерінің көлік- логистикасымен индустрияландыру бағыттарына зор мүмкіндік алып келеді.

«Аlmaty-akshamу», №104 2 қыркүйек, 2023 жыл