Той бизнесі ысырап пен бәсекеге айналып барады

Той бизнесі ысырап пен бәсекеге айналып барады
almaty-akshamy.kz

«Қазақтың тойы бітпесін». Бұл бүгінгінің қасиетті нақылына айналды. Өйткені, бізде шоу бизнестен гөрі, той бизнестің бәсі артып тұр. Әрбір адам той жасап, қызын ұзатып, ұлын үйлендіргісі келеді. Бұған не дейміз?

Ақын Төлеген Айбергенов «Бір тойым бар» өлеңінде бәрін әспет­теп керемет сөздермен өрнектеген. Ақыннан асып, сұлу сөзбен көмке­ре қоймаспыз.

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ... бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын».

Расында, той жасап, осыншама жиған-тергеніңді шашу да оңай емес. Әрбір қазақтың көңілінде – той жасап, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондыру арман. Соған сай іс қылады. Мүддені осылай бағыт­тайды. Сондықтан бұл өмірде жақ­сылап той жасап, жұртты жинап, бір жасап қалғанды құптаймыз. Бәрі орнымен болғай.

ҚАЛЫҢМАЛДЫҢ ЖӨНІ БАР

Қазақ халқы дана халық қой. Бәрін біліп, өмірден көрген-түй­генін ұрпағына тәмсілдеп айтып отырған. Сондай бір астарлы сөз де бар. Соның бірі «теңін тапса, тегін бер» дейді. Бұл «қалыңмал» тура­сында айтылған сөз. Шынында, жыл өткен сайын жағдай өзгеріп барады. Адамдар арасында жарыс күшейді. Сол бәсеке дәстүр-салты­мызға енген сияқты. Бұдан бой та­салау мүмкін емес. Олай етсеңіз, досқа күлкі, дұшпанға таба бола­тын сияқтысыз. Біз барлық нәрсені ұятқа тірейміз.

Заманауи қоғамда бай-бағлан­дар бір-бірінен асырып жар еткелі отырған қызының артынан мол қаржы әкелуді сәнге айналдырды. Оңтүстік өңірде мұның жүктемесі көбейген. Тіпті, қарапайым отбасы­лар құдаласар алдында уағдаласа­тын көрінеді. Бір танысымыз 5 миллион теңге ақша апарды. Әри­не, жігіт жақ өте ауқатты екен. Қыз да кембағал емес-ті. Әйтсе де, байлар санатынан емес-ті. 7-8 мил­лион теңге, мүмкін 10 миллион беріп жатқан шығар. Көп қаржыны құдіреті, дәулеті жеткендер берер. Алайда, қарапайым жанұя ондай көп қаржыны қайдан тапсын.

Дейтұрғанмен, тырысып, бар дүние-мүлкін сарп етіп беретіндер­ге қайранбыз. Содан соң ана сүті, ата күші және т.б. салт-дәстүр кө­бейген. Бұл қаншалықты дұрыс. Осы жағы да қоғамды мың толған­дырып, жүз ойландырып келеді. Одан да көрпеге қарай көсілген абзал емес пе.

Кейде қалыңмал беруге тарлық ететіндер табылады. Бергенін есеп­теп, тықақтап, өлшеп қояды. Ондай есеп-қисап екі жастың ортасына жік салады. Олай жасап, жаңадан құралған шаңырақ түбі құрдымға кетіп жүрмесін. Бәрібір қыздың артынан ата-анасы жасау, дүниесін алып барады. Баласының бақыты үшін ешкім аянып қалмас.

Қалыңмал – жарыс емес, дәс­түр-салт. Осыны ұмытпайық, аға­йын. Алмақтың да салмағы бар. Күндердің күнінде осындай жағдай кез келгеннің басына түсуі ықти­мал. Сондықтан ыңғайға, жағдайға қарап көсілген жөн.

ТОЙХАНАЛАР НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Осы күні тас лақтырсаң, тойха­наларға тиеді. Әрбір ауыл, аудан, қалада бар. Баршасы сәулетті әрі патша сарайындай. Еңселі, көркіне көз тоймайтындары жетерлік. Әрі­ге бармай, Алматының өзін-ақ алайық. Таудың бөктерлеріне дейін мейрамханалар бой көтерген. Жо­ғары санатты, мәртебелі мейман­дарды күтуге арналғандары қанша­ма. Оған кіріп, қызыл кілемшесін баспақ түгілі, сыртынан жолауға жүрексінесің. Олай етуге қомақты қаржы, қауқар қажет.

Тойхана бизнес көзіне айналға­лы қашан. Жұрттың бәрі сонда той жасайды. Қонақ күтеді. Қыз ұзату, үйлену тойы, беташар, тұсаукесер, сүндет той, мүшел жас – бәрі сонда өтеді. Ол барынша қалта қағады. Уайымдатады. Ақыры, 5-6 сағатта зу етіп өтеді. Қонақтардың әкелген тойанасынан өз-өзін жауып жата­ды. Кейде жетпей де қалады. Он­дайда шара жоқ. Өз қалтаңыздан қосасыз. Ең бастысы, ым-жымсыз өтсін дейсіз.

Біздіңше, мейрамханаларды бір ретке келтіретін кез жетті. Қазір әркімнің қолында смартфон бар. Сол арқылы барлығын көріп-біліп отыр. Көздің жауын алатын сәттер қалыс қалмайды. Олигархтар жаса­ған тойлар қарапайым халықтың жүйкесін қоздырып, қанын сүлік­тей соруда. Қазақта «Аттылыға ерем деп, жаяудың таңы айрылып­ты» деген сөз бар. Осылайша бай­ларға ұқсап бағатындар жетерлік. Әр қазақтың ағайын-жекжаты, та­ныс-тамыры, дос-жараны, аралас- құралас адамы көп болады. Орташа шаққанда 200–300 адамға лайық­тайды. Мәселе ұятқа қалмауда. Сөйтіп, кредитке ұрынады. 5–7 жыл банкке байлаулы баспақ бола­ды. 5 миллион несие рәсімдесеңіз, үйтіп-бүйтіп 2 есе қылып қайтару­ға мәжбүр боласыз. Үй кепілде тұ­рады. Кешіктірсе, тағы үстеме қо­сылады. Былайша айтқанда, той банкке зор пайда, қарапайым жанға бас ауруға айналып жатады. Әрине, ондайға ешкімді душар етпесін. Ондай қадамға бара қалсаңыз, әлектенуден басқа амал қалмай қа­лады. Қоғамда ондай оқиғалар то­лып жатыр.

Әр істің қайыры бар. Той жаса­ғанда шамаға қарау керек шығар. Бұл кәдуілгі қаржы сарапшылары­ның пікірі. Әйтпесе, әбігерге адам­ның өз басы ілігеді. Одан соң банк­тердің 16–27% мөлшерлемесін азайту керек. Араб банктеріндей 3%-бен несие бермесе де, біздің қаржы секторына 6% жеткілікті. Сонда құда да, құдағи да тыныш. Сонда ғана ешкім қаржы ортылық­ тарымен соттасып, дауласа қоймас. Инфляция шарықтаған тұста біраз жағдайды алдын ала ойластырған абзал.

ЫСЫРАП КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Кейде тойдың дастарханына қарап тоясыз. Дәулетті адамдар Атлант мұхитынан акуланың етін, теңіз капустасын, дала саңырауқұ­лағын, тағысын-тағы тәтті, дәмді­лерді қояды. Шетелден әйгілі аспаз жалдайды. Осыдан біраз бұрын Шымкентте салмағы 3 тонна бола­тын торт пісірілді. Оны арнайы көлікке ұқсаған құрылғымен кіргізді. Құдды бір «Рапунцель» ертегісінде жүргендейсіз. Бәрі таң- тамаша. Мақұл, құдіретің жетсе жаса. Алайда, аста-төк қыла көрме.

Тойларда ас-ауқат үсті-үстіне келеді. Кемінде екі рет тамақ бе­реді. Әртүрлі сусындармен қатар, қымыз, қымыран қояды. Торт тар­қатады. Тәтті-дәмділермен дастар­хан толады. Кейбірінікін жұпыны деп сынайды. Осының бәрін бірне­ше сағатта жеп тауысып, тып-ти­пыл ету қиын. Баршасы бірдей сарқыт алмайды. Көбісі оған мұқ­таж да емес. Ар-ұят санайтындар табылады. Аяққа басылып, тамақ рәсуа болып жатады. Оны ішіп ал­ған, мас адамдар аяғымен басады. Қызу би болғанда жұрттың үстіне төгіліп, мазаны қашырады. Осы нәрсе үнемі айтылып жүр. Алайда, ысырапқа жол беріп жатырмыз. Осыны реттейтін кез жетті.

ҰЯТҚА ҚАЛЫП, ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ

Көптің ашу-ызасына тиетін нәрсе бар. Ол – жөнсіз сөз, әдепсіз қылық. Онсыз да жүйкесі жұқарған жұрттың титығына тимеген жөн. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Әсіресе, асаба қауымына той тікелей қатыс­ты. Себебі, той тізгіні сонда. Той иесі ұйымдастырып, бар-жиған тергенін соған береді. Асаба болса аузына келгенін айтып, қонақтар­дың кем-кетігін бетіне баспауы шарт. Ұятсыз сөздер айтып, күлді­рем деп, бүлдіріп жатады. Егер өзіңізді біреу кекетіп-мұқатып тұрса, сізге жаға ма? Әрине, ұна­майды! Сондықтан осыны еске­рейік.

Тілек айтудың да жөні бар. Әсі­ресе, көсемсіп, көреген болып, шешенсіп сөйлеп, ығырды шығара­тындар бар. Тарихтың арғы-бергі тұсын айтып, ата-бабасын мақтап, кейде қыз жақты күндеп, ұл жақты түгендеп тұрады. Жастар екі сөздің басын құрай алмай орысша-қазақ­ша шатып кетеді. Көпшілік орында көше жаргонымен сөйлеп отырады. Мұнысы көз бен құлаққа оғаш. Өйткені, тойға жас та, жасамыс та келеді. Тілекке ұзын-сонар кезекке жазылуды қоятын кез жетті. Атын атап, түсін түстемесең, кедірейіп, одырайып шықпай қалады. Жалпы жұртпен, рет-ретімен атаған соң, сынап-мінемей, тып-тыныш, қыс­қа-нұсқа сөйлеп, бақыт тілегенге не жетсін?!

Би алаңы жын ойнаққа айналып барады. Қария селтеңдеп жастар­мен жарысады. Жігіт пен қыз құд­ды бір түнгі клубта өнер көрсетіп жатқандай билейді. Барын көр­сетіп, әуретті жерін жалаңаштап, бұлтыңдап-шошаңдап жұлқынады. Жер тепкілеп, назарды өзіне бұрғы­сы келеді. Арнайы жалданған бишілермен қарапайым қонақтар­ды жарыстырады. Әлбетте, көңіл көтерген дұрыс. Алайда, шектен шықпаған абзал. Өз қылығыңыз өзіңізге әсем, өзгелерге ыңғайсыз болып жүрмесін.

Тойға дейін де, тойдан кейін де әп-әдемі жүре беруге жазсын!

«Аlmaty-akshamу», №93, 5 тамыз, 2023 жыл