Су тасқыны: Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ерекше бақылауда

Су тасқыны: Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ерекше бақылауда
Сурет: Gov.kz

Су тасқыны қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

Осы сағатта 21 494 адам өз үйлеріне оралды. 8 786 адам, оның ішінде 3 814 бала эвакуациялау пункттерінде.

Су тасқыны басталғалы бері барлығы 118 507 адам, оның ішінде 44 407 бала құтқарылып, эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. 

Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны жағдайы тұрақталуына байланысты су тасқыны қауіпті өңірлерге жұмылдырылған ТЖМ күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына оралуда. Ресей Федерациясы жағынан Жайық және Есіл өзендерінің арналарында судың көтерілу болжамына байланысты Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары ерекше бақылауда.

4 534 тұрғын үй мен 2 763 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,9 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,7 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 862 жеке тұрғын үй, 1 065 аула аумағы су астында қалуда.

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының және ТЖД психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті жалғастыруда. Жедел желі телефонына 2 036 қоңырау түсті. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медициналық бригадалары тұрғындарға қажетті көмек көрсетуде.

Зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 5 029 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Су жүрген 40 автожол, су шайған 61 автожол, оның ішінде 10 көпір және 51 жол төсемі бақылауда қалуда. 44 елді мекен көлік қатынасынсыз қалуда, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары құрылды.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға азаматтық қорғау қызметтерінен 31 942 адам,  4 593 техника, 797 су сору құралы, 325 жүзу құралы,14 әуе кемесі жұмылдырылды.