София ДОЛИЕРАДУС,  грек ұлысының өкілі: Қазақтың жақсылығын ұмытпаймыз!

София ДОЛИЕРАДУС,  грек ұлысының өкілі: Қазақтың жақсылығын ұмытпаймыз!
gov.kz

Дүрбелең кезеңде 130-дай ұлт пен ұлысқа пана болып, төрі­нен орын берген қазақ халқының жақсылығын ұмыту мүмкін емес!

Мен 30-жылдары Қара теңіздің солтүстік-шығыс жаға­лауында өмір сүрген гректердің ұрпағымын. Қазір жасым 76-да. Сол бір солақай саясаттың кесірінен Қазақстанға жер ауда­рылған жандардың қатарында менің атам да болған.

Жантүрші­герлік естеліктерін айтқанда, жүрегіміз езілетін. «Далада қа­лып, ішерге асымыз болмаған кезде қар суымен жүрек жалғадық. Еш жазығымыз болмастан жақындарымыздан айырылдық. Туған жерден қуылдық... Сондағы қазақтардың бізге жасаған қамқорлығын дәл біздей ешкім сезіне алмас.

Қазақ бізді сынақта сындырмаған халық! Қиын кезде қырын қарамай, туғанындай бауырына басқан мейірбан халық!» деген атамның сөздері әлі құлағымда сай­рап тұр. Көзі тірісінде «қазақтың жақсылығын ұмытпаңдар» деп отырушы еді.

Ойлап отырсам, егер қазақ халқының қамқорлығын көр­мегенде бәлкім, бүгінгідей өмір сүрмес пе едік... Осы жерде өніп-өсіп, өркен жайдық. Біздің түріміз бөлек болғанымен, тілегіміз бір. Балаларым мен немерелеріме тарихымыз жа­йында айтып отыруды бабаларымның аманаты деп санаймын. Біздің көршілеріміз қазақтар. Қаннан берілген қасиет шығар, қолынан келсе демеп жіберуге даяр тұратын қарапайым жан­дар. Кейде емханаға, дүкенге баратын шаруаларым болса, қарсы келместен көмектеседі. Қазақтың «көршің жақсы бол­са, ұйқың тыныш» деген сөзі осындайда айтылатын шығар. Жаттап алғанмын. Міне, сол тыныштық менің шаңырағымда да бар. Оларды мен де өз балаларымдай қабылдаймын. Қо­лымнан келгенше барыммен бөлісіп жүремін. Мен бүгін өт­кенге тағзым ете отырып, қазақ халқына жер аудару кезінде көрсеткен көмегі үшін рахмет айтамын. Мейірімділіктің, достықтың жарқын үлгісіне айналған Алғыс айту күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Қазақ елінің жақ­сылығы ешқашан ұмытылмайды! Мың алғыс Сіздерге!