ШЕКТЕН ШЫҚҚАН «ШИБӨРІЛЕР»

Балалықтың базарын тонағандар

2002 жылдың сәуiр айынан бастап Алматы қаласы IIБ-нiң жедел мәлiметтер тiзбегiнде балабақшалар мен мектептерге қатыгездiкпен қарулы шабуыл  жасау жөнiндегi деректер көрiне бастады. Осындай қылмыс саны күн артқан сайын молая түстi. Оқиға орнына суыт жеткен құқық қорғаушылар куәлер мен жәбiрленушiлерден  алынған жауаптарды саралай келе, қалада қарақшылық шабуылмен тұрақты айналысып келген қылмыстық топтың барын бағамдады.

Бұл  топтағы қарақшының саны шамамен 6-7 адам деп болжанды. Тiркелген қылмыс саны тiптен көп. Солай бола тұра, алғашқы қарулы шабуыл балабақшада орын алыпты. Тұтастай алсақ, әлем халықтарының қайсыбiрiнiң де таным-түйсiгiнде балаларға зорлық жасау, олардың демалыс орнын мансұқтау – кешiрiлмес күнә  саналған. Алайда осы қылмысқа қадам басқандардың барын ескерсек, олардың «моралдық азғындыққа тап келгендер» деп бағамдауға болатын. Ендi, мұндай қылмысқа кiмдер баруы мүмкiн? Осы сауал жедел топты ойлантып қана қоймай, дереу шұғыл шараны қолға алуға түрткi болды.

Әңгiменiң әлқиссасы мынадай: басқаны қойып, балабақшаға көз алартқан болашақ бес сыбайласты үй-күйсiзге арналған «Жетiм бұрыш» табыстырыпты. Өйткенi, дәл осы жерден ешбiр тiркемесiз-ақ, жалға пәтер немесе үй алып тұруға жол ашық. Орта мектептi бiтiргеннен соң  бiрсыпыра уақыт сенделiп, қол қусырып жүрiп қалған «бестiк» осы арада танысып, тәлкегi молдау тағдыр соқпағына қадам басқан. Олардың пасық пiкiрiн тоқайластырған да жақсы өмiрге деген «құлшыныс» болып шықты.

Алайда, олар шынайы өмiрдiң текетiресiне өздерiнiң шектеулi мүмкiндiгiмен «бiте-қайнасып» кете алмады. Сөйтiп, өздерiне қолайлы деп тапқан сауда базарында жүк түсiрушi болды. Қара жұмыс, мардымсыз ақы, тұрмыс тауқiметi оларды тез арада табысқа кенелудi ойға алдырып, аранын ашып жiбергендей.

Саудагерлер мен сатып алушылар арасындағы айналымдағы ақша нөпiрi осы қарақшылық топтың ересегi – 32 жастағы Асхаттың басын айналдырғаны анық. «Осыншама байлықтың жанында жүрiп неге кедей болуымыз керек?» деген ашкөздiк жанға тыным бермеген олар кiсi тонауға кiрiстi. Осындай алып шаһарда оңай қолға түсiп қаламыз деген ой қаперге кiрмеген.

Кiлемге көз алартқан кiлең банды…

Топтың алғашқы шабуылы «Болашақ» базарындағы ақша айырбастау орнының қожайынына қарсы жасалды. Ақшалы қожайынның барлық жұмыс тәртiбiмен жiтi танысқан қарақшылар оны бар ақшасын алып оралған сәтте, үйiне кiребiрiсте күтiп алды. Шүйдесiне тақалған тапаншаға қарамастан, кәсiпкер қатты қарсылық көрсетттi. Тiптi, ойлағандары дереу орындала қоймағанына көзi жеткен қарақшылардың өзi қатты састы.

Ендi, қарақшылардың түкке қол жеткiзе алмай,   оқиға орнынан жылыстауына тура келген. Сәттiлiк келесi саудагердiң үйiне күтiп тұрды. Базарда сауда жасайтын әйелдiң үйiне ожарлықпен шабуыл жасаған олар 25 мыңдай американ долларын «олжалап», iз суытты. Жазасыз жайраң қаққан олар ендi тоқтай алмастай едi. Ұрланған заттарды өткiзiп, пайда көрген соң, ендi, ең өтiмдi делiнетiн компьютерлiк техникаға ауыз салғанды жөн деп тапты.

Асхат бұл жолы «шибөрiлерiне» көшеде көрiнген затқа көз сатқанша, балалар үйi мен мектептердегi компьютерлiк жабдықтарды тонауға қолқа салды. Мектептiң ақпараттық техникамен қамтамасыз етiлгенiнен хабардар, бiлiм ошағында қарулы күзеттiң болмайтынына сенiмдi  қарақшылар үшiн қу таяққа сүйенген кәрi күзетшi түгiлi, жалаңдаған жас жiгiт те олардың жолында түкке тұрмайтын.  Осыны жете зерттеген қарақшы топ еркiн қимылға көштi.

Осылай сұмпайылардың мектептегi  «сабағы» басталды. Кабинеттердiң орналасу сызбасын жақсы бiлетiн жалаңдаған ұрылар қолға iлiккен компьютерге қоса, үтiк пен кiлемдi де қалдырмады.   Сол жылдың 4-қазанында, түнде қанды оқиға орын  алды. Қарақшылар Д. Қонаев атындағы колледжге кiрiп, қарсылық көрсеткен Ауған соғысының ардагерi, күзетшi жiгiттi жауыздар байлап-матап тастағанымен тұрмай, соңында оны бауыздап өлтiрген.

Осы бiр ауыр жағдайдан соң «маманданған» қылмыстық топты тұқырту мақсатында құрылған жедел топ мектеп пен балабақшаларға бақылау орнатты. Қылмыскерлердiң қаладағы қозғалу  бағыттары жете зерттелiп, қайда бару мүмкiндiгi де зерделендi. Ендi, оларды қалайда тұқырту шарасы  қалған.

Шектен шыққан «шибөрiлер»

Кезектi бiр жорықта жолы болмаған бандылар бармағын тiстеп қалды. Ерекше мақсаттағы астыртын қимылды полиция отряды «Ақсайдағы» 21-шi мектепке келген қарақшыларды қапыда  қалдырды. Қарулы шабуылмен мектепке енген қарақшыларды, ә дегеннен-ақ, сақадай сай тұрған тәртiп сақшылары еденге етпетiнен сұлатты.

Осы бандылық топтың барлық мүшесiн қолға түсiрген тәртiп сақшылары арқаны кеңге салғандай болған. Тағы да бiр мектепке қарулы шабуыл жасалғаны туралы суыт хабар жеттi. Алғашында тәртiп сақшыларында «Слямғалиевтың бандасы толық ұсталмаған болды ғой…» деген дүдәмал ой пайда болған. Кейiнiрек Асхат Слямғалиев бандасымен қатар Жанат. К-дегеннiң қарақшы тобы мектепке шабуыл жасауды қолға ала бастағаны анықталды. Асхаттың бандысының басқадан айырмашылығы – топ мүшелерiнiң бала-шағалы,  әрбiрiнiң тәп-тәуiр көлiке ие екендiгi.

Бiр қызығы, Жанат К-нiң бандылық тобы өз балалары оқитын мектепке жоламай, «жерлестiк» ұстаныммен ғана қылмысқа барған. Алайда, олар өте қатiгездiкпен әрекет еткен. Асхат тобына қарағанда, әдеуiр тәжiрибеге ие қарақшылар  ұйымдасқан түрде қимылдап, тек Әуезов ауданы аумағында ғана қылмысқа барған.

Әжептәуiр тәжiрибеге ие алматылық криминалды полиция қызметкерлерi осы топтың жас шамасын, құрамы мен санын бiр ай iшiнде анықтап үлгерiп, араға бiр ай уақыт салып қылмыстық топты 105-шi мектепте шабуыл кезiнде тұтқындап, бiржолата тойтарды. Сол кездегi қалалық Iшкi iстер департаментiнiң қарақшылық шабуыл мен кiсi тонауды тергеу бөлiмiнiң аға тергеушiсi Орманғали Сәтбаев осы бандылар тобына мiнездеме бере келе, олардың қай-қайсысының да шектен шыққан қаскөй әрi өте тұрпайы екендiгiне тоқталған.

Тергеу басқармасы  аталған екi бандылық топқа қарсы 52 қылмыстық iс қозғап, көптеген кiсi өлтiру, тонау, қарулы шабуылдың бүге-шiгесiне шейiн талдап, тергеген. Осы көп томдық iс сотқа жiберiлiп, қарақшы бандалар тобын басқарған Слямғалиев пен Жанат. К-ға 25 жыл мерзiмде қатаң тәртiптегi колонияда жазасын өтеуге кесiлсе, осы  топ мүшелерi 15-тен 7 жыл мерзiмi аралығында жазаға кесiлдi.

Орыстың ұлы жазушысы Феодор Достоевский: «Барлық қылмыс өзiнiң жазасын алдын-ала белгiлейдi. Әрбiр жасаған iс-әрекетiң үшiн түбiнде бiр жауап беруге тура келедi…», – деген екен өзiнiң әйгiлi «Қылмыс пен жаза» романын жазар алдында. Ал, әлем әдебиетiнiң жауһарынан мақұрым баскесер бандылар «ештеңеге де жауап бермей, құтыламыз» деп дандайсығаны анық.

«Қылмысқа барғандардың әрбiрiмен сөйлесу кезiнде олар мүләйiмсу, кешiрiм сұрау, өкiнуден  жұрдай екендiгiне көзiм жеттi. Оларды жалтырақ қу дүние ғана қызықтырыпты. Сол жалтырақ алдамшы құбылыстың осы топтың басын бiрiктiрiп, әл-әзiр ұстап тұрғанына таңым бар», – дейдi тергеушi О. Сәтбаев. Ал, атышулы осы оқиғадан соң Алматыда 340 кiсi тонау мен 118 қарулы  қарақшылық шабуыл  тiркелген.

Арман ЖУСАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *