Шаңырақ – қасиетті ұғым

Шаңырақ – қасиетті ұғым
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бүгін – республикалық «Наурызнама» онкүндігінің 4-ші күні. Негізгі үлкен залының ортасына биік көтерілген шаңырақ орнатылған Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде айтулы күннің құрметіне танымдық, тағылымдық экскурсия өтті.

Иә, шаңырақ – қасиетті ұғым. Атам қазақ шаңырақтың шайқатылмай, уықтардың дұрыс әрі тез шаншылуын жақсы ырымға балаған. Ол – отбасы символы. Ал әрбір отбасы – мемлекеттің уығы. 

Экскурсияны «Музей педагогикасы және экскурсия» бөлімінің қызметкерлері Шолпан Нұғыманова мен Гүлденай Бекбаулиева музейдің «Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері» және «Заманауи  сәндік-қолданбалы өнері» тұрақты экспозициялары бойынша жүргізді.

«Қазақ мәдениетінде шаңырақтың алар орны ерекше. Оның тұрмыс-тіршілікте сан қырлы қасиеті бар. Күнделікті тұрмыста шаңырақты қазақтың киіз үйінің төбесінде уықтарды біріктіріп тұратын элемент ретінде қарастырады. Үй тіккенде шаңырақ көтеруді сол әулеттің беделді, абыройлы ер-азаматына тапсырған. Ал отбасының басқа үлкен-кішісі бір-бірімен септесіп уықтарын шаншыған. Бұл да сол әулеттің ауызбіршілігін, ынтымақ-бірлігін, бір-біріне деген бауырмалдығын көрсетсе керек», – дейді Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Музей педагогикасы және экскурсия» бөлімінің қызметкері Гүлденай Бекбаулиева.

Музейге келген, ұлттық құндылықтар туралы әсерлі әңгімелерге құлақ түрген "Арыстан" мамандандырылған лицей оқушыларына сондай-ақ, ұлы дала мәдениетінің жауһарына айналған киіз үйдің қалай тігілетіні, уық, туырлық, үзік, түндік сынды бөлшектері, оның ішіндегі әрқайсысы пәлсапалық мәнге ие сан алуан тұрмыстық бұйымдары жайында да қызықты һәм танымдық мәліметтер тарқатылды. Бұл әсіресе, бүгінгі жас буын - ертеңгі бір-бір үйдің егесі, отағасылары үшін тағылымды болды.

Еске сала кетейік, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау аясында елімізде 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі жарияланған болатын. Әр күннің тағылымға толы өз атауы бар. Ал бүгін – Шаңырақ күні.