Әсен БЕСПАЕВА, қоғам қайраткері: «АЛМАТЫНЫҢ ӘРБІР ТАСЫ, ӘРБІР ТАЛЫ ҚЫМБАТ»

Алматының айымдары

Саналы ғұмырын қазақ руханиятына және мемлекеттік қызметке арнаған Әсен Сүлейманқызы БЕСПАЕВА – ел мүддесі үшін аянбай қызмет еткен жан. Біз сонау кеңес дәуіріндегі комсомол, партия басшылық қызметтерінен бастап, тәуелсіздік кезеңінде де көптеген жауапты, лауазымды қызметтер атқарған мемлекетшіл тұлғаның өмір жолына үңілдік. Күнде тік барып, тік қайтатын мемлекеттік қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Әсен Сүлейманқызы – үйде берекелі ана, сүйікті жар болса, саясат пен билікте абыройлы басшы болды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әсен Сүлейманқызымен сұхбатымыз ел басқару ісіндегі жетістігі мен жемісті жылдары, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін өмір жолы жайында өрбіген еді.

 

Барды – бар, жоқты – жоқ дейтінмін

– Әсен Сүлейманқызы, өмірбаяныңызға көз жүгіртсем, талай жыл лауазымды қызметтер атқарыпсыз. Ер-азаматтарша шешім шығаратын түрлі кезеңдер болған шығар. Бағытыңыздан айнитын кездеріңіз болды ма? Не дегенмен, болмысы нәзік жансыз…
– Басшылыққа қадам басқалы мен өзіме үлкен сенім жүктелгенін, партия ұйымының сенімін ақтауға борышты екенімді түсіндім. Қандай лауазым иесі болсам да қызметімде ең бірінші адалдықты ту еттім. Тапсырылған міндетті жауапкершілікпен орындау – менің басты қағидаларымның бірі болды. Жасандылықтан ада болдым, барды – бар, жоқты – жоқ дейтінмін. Сол турашылдығым мен талапшылдығым арқасында қызметтегі абыройыма кір келтірген емеспін. Есімде, Алматы жоғарғы партия мектебін үздік тәмамдап, Ленин аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанымда анам маған: «Қызым, қызмет деген қолдың кірі. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмеймін. Мына жарық дүниедегі қуанышым, өмірімнің жалғасы жалғыз өзіңсің, ботам. Жылағанды жұбатсаң, сүрінгенді демесең, жетімді жебесең – үмітімнің ақталғаны. Сен менің қызым емес, елдің қызы болғайсың» деді. Бәлкім, ата-анамның сенімін ақтауға деген адалдығым мені артқа емес, алға жүруге деген ұмтылысыма қуат берген болар. Өзің айтпақшы, бағытымнан айнытпады деп ойлаймын.
– Сол билік баспалдақтарынан абыроймен өтіп, халқына қалтқысыз қызмет еткендегі қажырлы еңбегіңізді аға буын жақсы біледі. Десек те, қазақтың қайсар қызының өмір жолына үңілейікші…
– Рахмет, айналайын. Мен 1947 жылы 5 наурызда Алматы облысының Қаскелең қаласында, қарапайым қазақы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Сүлейман Беспаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Өмірден ерте озды. Көз көргендер әкемді өз ортасына сыйлы, ел ағасы атанған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған дейді. Анам Әриза Ағыбайқызы мен үшін үйдегі тазалық пен тәртіптің сақшысындай болған асыл жан. Қарғалы шұға комбинатында, кейіннен Алматыдағы мақта-мата комбинатында жұмыс істеген. Мектепті 1965 жылы бітірдім. Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетіне оқуға түстім. Әкем менің білімді болғанымды қатты қалады. Оқуға түсіп, студент атануым сол әке арманын орындауға жасаған алғашқы қадамым болды. Кейін ойлап отырсам, оқуға түскен кезім мақсатқа жету жолындағы талпынысымның бастамасы ғана екен.
– Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Қай кезде де алғашқы қадам үлкен батылдықты қажет етпей ме? Ендеше, елге қызмет етудегі баспалдақ қайдан қуат алды?
– Халыққа қызмет етуді комсомол жұмысынан бастадым. Алғашқы еңбек жолым Алматы облыстық комсомол комитетінде лектор және астанадағы он алты мың мүшесі бар Ленин аудандық (қазіргі Жетісу ауданы) комсомол комитетін басқару міндетінен басталды. Одан кейін бірінші хатшы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылдым. Ленин ауданы – қаладағы аса ірі өндіріс орындары шоғырланған, көлік қатынастары, сауда және көтерме базарлар орналасқан аудан болатын. Сол заманда жалғыз С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты ауданды өндіріс саласының ту ұстаушысы дәрежесіне көтерген-ді. Кейіннен Калинин аудандық (қазіргі Бостандық ауданы) атқару комитетінің төрайымы қызметіне сайландым. 1982 жылы Совет аудандық (қазіргі Алмалы) партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ұсынылдым. Совет ауданы – Қазақстан астанасының орталық ауданы болды. Оны Москва қаласының Бауман ауданымен салыстыратын. Партия қызметін атқара жүріп, басшылардың ұсынысымен 1978 жылы Алматы Жоғары партия мектебінде білімімді жетілдірдім. Қызметіме адалдығым, еңбекқорлығым мен ұйымдастырушылық қабілетімді ескерсе керек, 1984 жылы мені Қазақстан Орталық комитеті Шымкент облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына қызметке тағайындады.
– Не деген табандылық! Біліктілік! Шымкент облысына осындай еңбекқорлығыңызбен жіберілген екенсіз ғой.
– Ол кезде барлық шешімді Мәскеу шығаратын. Қалыптасқан тәртіп бойынша обком партияның секретары қызметіне сайланар алдында ЦК КПСС-тың келісімін алу керек-тін. Мәскеуге жол жүрер алдында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевтың қабылдауында болдым. Кездесу күні бүнгінгідей есімде. Менің қазіргі қызметім жайында әңгімелесуден соң Димаш Ахметұлы алдағы Шымкент облысындағы жұмыстың жайына тоқталды. Ол кісінің облыстағы жағдайды, оның экономикасын, жетістіктері мен қиыншылықтарын бүге-шігесіне дейін білетіндігі мені қатты таңқалдырды. Кадрлар туралы, өңірдің салт-дәстүрі, ондағы жүздесудің сәті түскен көптеген адамдар жайында жылы пікір білдірді. Сосын шешім қабылдауда асықпауды есіме салды. Кетерімде: «Шырағым, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салалары жан-жақты, үлкен облысқа бара жатырсың. Бұл өңірден қазақтың талай тамаша ардақтылары шықты. Асанбай Асқаров та сол аймақты дамытуға айрықша еңбек сіңірді. Оның халық үшін тындырған орасан жұмысын ешкім жоққа шығара алмайды. Әбден ойланып барып, шешім қабылдарсың. Сәттілік тілеймін» деп шығарып салды. Шымқалада үш жылдай ғана қызмет етіп, Алматыма қайта оралдым. Келген соң республика басшылығының келісімі бойынша Министрлер кеңесінің аппаратына, кейін Президент аппаратына қызметке ауыстым.
– Білікті маманды қай жерде де үлкен жұмыс күтіп тұрады ғой. Елшілік қызметке баруыңыз да Сіздің бойыңыздағы мықты білімнің, іскерлігіңіздің арқасы деп ойлаймын. Дұрыс па?
– Әлбетте. Бойыңда жігер мен табандылық болмаса, жауапты қызметтерді абыроймен алып жүруің екіталай. Өйткені, мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Менде осы қасиеттер басым болды. Қалалық атқару комитетінен соң Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бұйрығымен Ташкент қаласына Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне кеңесші болып тағайындалдым, одан кейін министрліктің шешімімен Қазақстанның Украинадағы елшілігінде кеңесші міндетін атқардым. Кейін елге оралғанда Алматы қаласының әкімшілігі маған Еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының орынбасары қызметін ұсынды. Ұсынысты ризашылықпен қабылдадым. Мен үшін ең бастысы, туған қаламда таныс активіммен бірге болуым! Оның үстіне бастығым мені комсомолдан жақсы білетін, бұрынғы әріптесім болып шықты. Мұнда да бұрыннан таныс азаматтармен қайта қызметтес болдым. Қала әкімдігіндегі кураторым Ақан Құсайынұлы Бижанов та бұрынғы әріптесім болатын.

«Әдемі қартаю – ол өмірлік серігіңмен
әдемі өмір сүру»

– Ел ертеңі үшін қызмет еткен танымал тұлғалармен де қызметтес болыпсыз…
– Шымкенттен Алматыға оралуым өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Тұрмыс құрып, сәби сүйдім, ана атандым. Ұлым бір жарым жасқа толғанда Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Нұрқаділов Заманбек Қалабайұлы өзінің орынбасары қызметіне шақырды. Ұсынысты қуана қабыл алып, Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайландым. Мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым, қызметтес болдым. Алматы облыстық партия комитетінің секретары А.А.Асқаровпен бірге талай қиын кезеңдерді бастан кешірдік. «Ұлық болсаң кішік бол» деген. Кісілікті сақтаудың үлгісін көрсеткен Шәмша Көпбайқызы Беркімбаевамен қызмет бабында танысып, күні бүгінге дейін достығымызға, сенімімізге селкеу түсірмедік. Қызметтес әріптестерім Сүлейменов Нұрлан Ілиясұлы, Каримулллин Амангелді Кәрімұлы, Заяц Яков Игнатьевич, Тасболат Жүндібаев, Жұмасұлтан Көбжанов, және т.б. жылы сезіммен есіме аламын. Өмірімде осындай адал жандарға жолықтырған тағдырыма ризамын, ол үшін тәубамды ұмытпаймын.
– Д.А.Қонаев атамызбен алғашқы жүздесуіңіз есіңізде ме?
– Күні кешегідей есімде. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен алғаш Совет аудандық партия комитетінің секретары қызметіне тағайындалардың алдында кездестім. Әңгіме қысқа болды: «Алматы облыстық партия комитеті сізді ұсынып отыр, демек сенім білдірді. Аудан үлкен, орталықта. Табыс тілеймін» деген-ді. Одан кейін бірнеше мәрте қабылдауында болдым. Қандай жауапты қызметке бара жатсам да, үнемі ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Үзеңгілес замандасы Асанбай Асқарұлы Асқаров Д.А.Қонаевтың ХХ ғасырдағы ұлы тұлға екенін айта келіп: «Табиғат қазақтарға ешқашан дәл Димаш Ахметұлы Қонаевтай азаматты сыйлағандай жомарттық танытқан емес. Оның біртуар құбылыс болғандығы туралы ой соңғы күндерге дейін есімнен кетпейді» деп еді. Бүгінгі күні Д.А.Қонаевтың біздің заманымыздың жарқын тұлғасы болғандығын өмірдің өзі айғақтады. Әттеген-айы, 40 жыл ел басқарып, 47 қала салдырған, халқы үшін туған, рухы биік тұлғаның атында әлі күнге дейін бір қаланың жоқтығы…
– Сіздің бастамаңызбен қандай әлеуметтік мәселелер шешімін тапты? Есіңізде ме?
– Қайсыбірін айтайын. Ел мүддесі үшін атқарылған істердің барлығына атсалыстым. Әйтсе де, менің есімде қалған бір-екі жағдайды атап айтуға болады. Ол заманда қаланың көптеген көшелері Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ есімдермен аталатын. Мен жетекшілік еткен комиссия мүшелерінің қатысуымен жиырма екі көшенің атауын ауыстыруға мұрындық болдық. Ұзақ талқылаулардан кейін ұсынысымыз депутаттар тарапынан қолдау тауып, Алматының басты көшелері – Абылай хан, Төле, Әйтеке мен Қазыбек билердің, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың, Бұқар жырау, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, І.Жансүгіров сияқты ұлы ақын-жазушылардың, басқа да тарихи тұлғалардың есімімен аталды. Достық даңғылы мен Желтоқсан көшелері де қалалық кеңес шешімімен өз атауларына ие болды. Абайдың 150 жылдығының тойлануының алғашқы бастамашысы болдық. Жазушылар одағымен бірлесіп, ұлы ақынның мұраларын халық арасына, әсіресе жастарға кеңінен насихаттау мақсатында Абай қорын ұйымдастырдық. 1 мамыр мерекесін «Қазақстан халқының бірлігі күні» ретінде атап өту үшін қадірлі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің атынан Президентке хат жаздық. Жағдай аса мәз болмаса да Н.Ә.Назарбаев қалалықтардың ұсынысын қолдап, Жарлыққа қол қойды. Содан бері бұл күн жыл сайын тойланатын бүкілхалықтық мерекеге айналды. Бұған менің әріптестеріммен бірге бастамашы болғанымды мақтан етемін. Тағы бір есте қалатын сауапты істің бірі – қарттарға арналған Ардагерлер үйі мен Әлеуметтік тұрғын үйдің ашылуына себепші болдық. Оның мақсаты – жалғызбасты қарттарға қолдау көрсету, ескі баспаналарының орнына жайлы тұрғынжаймен қамтамасыз ету болатын. Бұл да біздің бастама…
– Әсен апай, қызмет бабымен үнемі елдің алдында жүрдіңіз. Жолдасыңыз қолдады ма?
– Өмірлік серігім – Сайлау Еділбайұлы құрылыс саласының маманы болған. ҚР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы, зейнетке шыққанға дейін өндірістік құрылыс пен Қазақстанның құрылыс министрлігінде лауазымды қызметтер атқарған. Сәкең менің қашанда уақытқа бағынбайтын мазасыз жұмысыма, ылғи қат-қабат қарбаласпен жүретін тірлігіме түсіністікпен қарады. Сол үшін мен отағасын ерекше қадірледім, құрмет тұттым. Егер жұмыс бабымен әр кешіккен сайын ұрыс-керіс, дау-жанжал шығарса қайтер едім? Құдайға шүкір, жұбайым ондай ұсақтыққа бармады. Азаматтығы басым, мінезі байсалды еді. Оның артықшылығы да сонда. Тағдырға не шара, Сәкең 83-ке қараған шағында өмірден озды. Ұлымыз бар. Стамбулда университет бітіріп келген, осында құрылыс компаниясында қызмет істейді. Кейде маған таныстарым әлі де күш-қуатыңыз бар, бай тәжірибеңіз бізге керек. Қызметке келіңіз деп шақырады. Бірақ бұған мен ынта танытпадым. Алланың берген ғұмырының қалған бөлігін отбасыммен бірге өткізуді қаладым.
– Әдемі қартаюдың сырын айтпадыңыз ғой…
– Ой, айналайын, осы сөзің маған көңіліме ұнап қалды. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы естіледі екен. Менің түсінігімде әдемі қартаю – үлкен қасиет, тіпті, өнер десем де болғандай. Қарттықтың да өзіне тән бақытты, шуақты сәттері болады. Бірақ неге екені, көп адам қартаюды қасірет, жақсы күндеріңнің біткені, өміріңнің өткені деп көңілсіз қабылдайды. Бұл пікірмен келіспеймін. Мен Сайлау ағаңмен бақытты өмір сүрдім. Ол өзі қандай әдемі болса, отбасылық өміріміз де сондай әдемі болды. Бір-бірімізді қабағымыздан түсіндік. Қайғыда да, қуанышта да бірге болдық. Әдемі қартаю – ол өмірлік серігіңмен әдемі өмір сүру емес пе?

«Жұмысшы мамандығына деген құрмет кемшін»

– Үлкен өмір мектебінен өттіңіз. Көргендеріңізбен бен көңілге түйгендеріңіз көп екен. Кітап жазу ойыңызда бар ма?
– Оқырманы көп аудиторияға арнап кітап жазу – менің қолымнан келмейді. Жазу өнері дегеніміз де ерекше талантты қажет етеді. Маған құдай ондай қасиет бермепті. Сондықтан қағаз шимайлап қайтемін. Одан да кітап оқығаным дұрыс. Кітаптарды өзіме қатты әсер еткен сөйлемдерінің астын сызып тұрып оқып жүрмін де. Бірақ жақында өзімнің өткен өмір жолыма берген есебім ретінде отбасылық «Сөнбейді, әке, шырағың» атты шағын естелік-кітап жаздым. Онда негізінен туып-өскен ортам, ата-анам, қызмет барысында араласқан әріптестерім туралы айтылады.
– Кітапты серік еткен жандардың бірі екенсіз. Кейінгі кезде қандай шығармалар оқыдыңыз?
– Негізінен, естеліктерді көп оқимын. Қазір қолым бос. Зейнеттемін. Димаш ағаның, Асанбай Асқарұлының кітаптарын бірнеше рет қайталап оқып шықтым. Олардан өзімнің өткен өмірімді, еңбек жолымды көргендей сезімде боламын. Бұрын Шымкентте жүргенде Мархабат Байғұт пен Ханбибі Есенқараеваның дүниелерін зерделеп оқуға мүмкіндік болмады. Қазір екеуінің де көптомдық таңдамалы туындыларын сатып алып, асықпай көңілге тоқыдым. Зәкір Асабаевтың «Замана тынысы» деген очерк эссе-естеліктері керемет әсер етті. Өткен өмірді, сол заманның аяулы азаматтарын толғана есіме алдым.
– Зейнетке қашан шықтыңыз?
– Мен 2005 жылы 58 жасқа толған күні өз еркіммен құрметті демалысқа, яғни зейнетке кеттім. Осылай алдын-ала жоспарладым. Ол кезде мен Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасында қызмет істейтінмін. Басқармамен ғана емес, менің бүкіл еңбек жолыма байланысты болған мемлекеттік қызметпен қоштастым. Осылайша еңбек жолымды абыроймен аяқтап, халық алдындағы азаматтық парызымды адал орындадым. Бүгінде ұзақ жылғы еңбегімнің лайықты бағасын алып, құрметті демалысқа шыққан жайым бар.
– Қазіргі уақытта сізді қандай мәселелер толғандырады?
– Бүгінгі қоғамда жұмысшы мамандығына деген құрмет кемшін. Олар туралы насихат жоқтың қасы. Біздің кезімізде жұмысшы мамандықтарына деген құрмет жоғары болатын. Ең таңдаулы тігінші, токарь, құрылысшы, слесарь, жүргізуші, сатушы, даяшы, ас пісіруші, шаштараз және т.б мамандықтар бойынша аудандық конкурстар ұйымдастыратынбыз. Комсомолдың осы тәжірибесін бүгінгі жастар ұйымында да қолданудың пайдасы мол болар еді. Одан кейін қала аумағындағы өнеркәсіп орындарының жаппай жабылуын мен мүлде қолдамаймын. Кезінде менің анам Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істеді. Егер сол комбинат бүгінде жұмыс істеп тұратын болса, қаншама жастың бағын ашар еді. Жұмыссыздардың саны азайып, жастардың тұрмысы түзелер еді. Алдағы уақытта өндіріс орындарын қайтадан ашуды қолға алу қажет. Пайдалы ойды, саналы сынды лайықты іспен ұштай білу – іскерліктің бір сипаты. Сондықтан менің ұсыныстарым жауапты сала мамандарына құлаққағыс болса деймін.

«Өмір – өткен күндер емес, өмір – есте қалған күндер»

– Әлбетте, бұрынғы Алматы мен бүгінгі Алматыны салыстыруға келмес. Десек те, алып шаһар сізге несімен қымбат?
– Алматы дейтін аяулы шаһардың менің өмірімдегі алатын орны ерекше. Алматы менің жастығымның куәсі, өмірімнің жалғасы. Сондықтан маған Алматының әрбір тасы, әрбір талы қымбат. Шаһарда қала мәдениетіне тың серпіліс әкелген бастамалар жетіп-арты¬лады. Жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды пайдалана отырып жүргі¬зілген жұмыстар өте көп. Сол тынымсыз тірліктің арқасында бүгінде Алматы заман талабына сай құлпырып кеткен.
Қазір өткен өмір жолыма көз жүгіртсем, босқа өмір сүрмегеніме тәуба етемін. Өзім туралы өзгелердің аузынан жақсы сөздерді естіген кезде көңілім өсіп, марқайып қаламын. Мені ел-жұртым сыйлайды, салтанатты шаралардан қалдырмайды, құттықтаулар жібереді. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асыл азамат Сағат Әшімбаев: «Өмір – өткен күндер емес, өмір – есте қалған күндер» деген екен. Толық қосыламын. Мен үшін де өмір бойы жинаған байлығым, қымбат қазынам, ол кеудемде жүрегім соғып тұрғанда жадымда жаңғырып тұратын естеліктерім.
– Әсен апай, жүрекжарды әңгімеңізге үлкен рахмет. Ұзақ ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close