Сайлаудың әділ өтуін «Аманат» бақылайды
Әсел ДАҒЖАН
9 маусымға белгіленген кезектен тыс Президент сайлауының ашық әрі әділ өтуін қадағалайтын «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, сарапшылар мен журналистерден құрылған топ сайлау науқанында кандидаттар теңдігінің бұзылмауын қадағалап, сайлау күні дауыс берушілер құқығының сақталғанын бақылайды.
«Сайлау қалай өтеді?», «Дауыс беру процесі заң талаптарына сай бола ма?» деген сұрақтар халықты мазалайтыны рас. Сайлауға тіркелген жеті кандидаттың тәжірибесі, қолда бар ресурстары, оларды ұсынған ұйымдардың мүмкіндіктері әр түрлі. Сондықтан сайлауалды науқан кезінде барлық кандидатқа тең мүмкіндік берілуі тиіс. Кандидаттар халықпен жұмысқа, үгіт-насихатқа тең дәрежеде қол жеткізуі керек.
– «Аманат» алаңының құрылудағы мақсаты – алдағы өтетін Президент сайлауының әділетті, заң шеңберінде өтуін қадағалау. Біз біріншіден, сайлау комиссиялары қалай жұмыс атқарып жатқанын, сайлауға дайындығын қадағалаймыз. Сайлаушылар барлық кандидаттардың бағдарламасымен таныс па, таныс емес пе дегенді бақылаймыз. Үшіншіден, кандидаттарға берілген мүмкіндіктер қаншалықты әділ, ашық екенін әрі сайлау күні сайлаудың қалай өтіп жатқанын қадағалаймыз. Алматы бойынша 1000 комиссия мүшелерін дайындап жатырмыз. Еріктілерді жинап, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастықтардан шақырып, оларды оқытып жатырмыз. Яғни заңды үйретіп, сайлаудың тәртібін түсіндірудеміз. Кәсіпкерлер комиссияға атсалыса отырып, өз құқықтарын қорғауы керек. Ал кандидаттардың бағдарламасына кәсіпкерлердің қызығушылықтары кіруі тиіс, – деді «Аманат» азаматтық алаңының Алматы қаласындағы филиалының жетекшісі Қазыбек Шайх.
Еліміз бойынша бүгінде 9970 сайлау учаскелері құрылған. Бұл учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасалған ба? Өткен жылғы дерекке сәйкес, елде 550 000 ішкі мигрант болған. Олар дауыс берушілер тізімінде бар ма? Осы мәселенің бәрін зерттеп, деректерді әлеуметтік желі арқылы осы «Аманат» алаңы халыққа жеткізбекші.
Ұйымның бір тобы дауыс берушілердің құқықтарымен танысуына мүмкіндік жасап, объективті көзқарас пен сапалы сараптама ұсынса, алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріндегі сайлау учаскелерінде «Аманаттың» бақылау желісі құрылып, дауыс беру процесінің әділ өтуін назарда ұстайтын болады.