Президент балалар үйірмелеріне қатысты жобаны жетілдіру керектігін айтты

Президент балалар үйірмелеріне қатысты жобаны жетілдіру керектігін айтты
Сурет: Shymkenttv.kz

Балалар үйірмелеріне қатысты жобада қаржы жымқыру ісі көп.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын.

Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылыққа жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр», - деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет екенін айтты.

«Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруі тиіс», - деді ол.