Мәслихат депутаты мектептердегі жапсаржай құрылысының барысын тексереді

Мәслихат депутаты мектептердегі жапсаржай құрылысының барысын тексереді
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов №132 мектеп-гимназиясы жанындағы жапсаржай құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қазіргі уақытта мектеп-гимназияда 2000-ға жуық оқушы білім алуда. Осыған байланысты оқушылардың тығыздығын азайтуға көмектесетін жапсаржай салынуда.

Нысан құрылысының жобасына қосымша оқу мекемесі ғимаратының сейсмотұрақтылығын күшейту қосылған болатын.

Депутат Алматы қаласы әкімдігінің, сондай-ақ Әуезов ауданы әкімдігінің жауапты басқармалары мен бөлімдері өкілдерінің қатысуымен құрылыс барысын тексеріп, тұрғындармен және оқушылардың ата-аналарымен кездесті.

Мектептің қосымша құрылысы тек оқу сыныптарын ғана емес, сонымен қатар заманауи спорт залын, асхананы да қамтитын болады және 4 блокқа бөлінеді. Ғимараттың сыйымдылығы 880 оқушыға арналған, бұл жаңа мектептің сыйымдылығына тең. Қала бойынша жақын арада тағы 6 ғимарат ашылады. Қалған 8 нысан ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Естеріңізге салсақ, Алматы қаласының даму жоспарларымен танысу барысында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қаланың азаматтар үшін қолайлы мегаполис ретінде одан әрі дамуына назар аударды, бұл шаһарымыздың білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуды да қамтиды.

Бұған дейін қала әкімі Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12 600 орындық 8 мемлекеттік мектеп салынып жатқанын, оның ішінде үш мектеп жыл соңында ашылатынын атап өткен болатын.