«Мыңжылдықтар тоғысындағы Түркістан»

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Түркістан»
gov.kz

Түркістанның бай тарихы туралы баяндайтын «Мыңжылдықтар тоғысындағы Түркістан» көрмесінің салтанатты ашылуы бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

​Республика күні мен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммитіне орайластырылған іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – дала мәдениетінің әлемдік өркениеттегі ерекше орнын көрсету, түркі мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдету.

Іс-шараның ашылу салтанатына Парламент депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, тарих және филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, мұражай мен кітапхана өкілдері қатысты.

Қатысушылар 3 бөлімнен тұратын «Тарихы терең Түркістан», «Түркістан-Түркі әлемінің рухани орталығы», «Жошы Ұлысынан (Ұлық Ұлыс) Қазақ хандығына дейін» экспозициямен танысты.

​XIV ғасырға жататын экспонаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылысының тарихы мен ерекшеліктері туралы баяндайды, сондай-ақ келушілер Шыңғыс хан кезеңінің, Жошы Ұлысы (Ұлық Ұлыс) дәуірінің және Қазақ хандығының сәулеттік және нумизматикалық экспонаттарын тамашалады. Жалпы, көрмеде бірнеше тарихи хронологиялық кезеңдер қамтылған.

Көрмеге барлығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының тарихынан сыр шертетін 130-ға жуық бірегей жәдігерлер қойылған. Олардың әрқайсысы тарихтың бір үзіндісін ғана емес, сол заманның рухын да алып жүр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан - ең көне қала,  түркі өркениетінің рухани әлемінде ерекше орын алады. Бұл ұлы шедевр ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген сәттен бастап жиырма жыл өтті.