Мемлекеттік  нышандарды  құрметтеу отаншылдық сезімді  оятады

Мемлекеттік  нышандарды  құрметтеу отаншылдық сезімді  оятады
ortcom.kz

 Мемлекеттік  рәміздерге – 30  жыл

Қазіргі таңда  жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезім басым. Оның дәлелі, еліміз жастары бүгінде білім, ғылым, мәдениет, өркениет, коммуникация, спорт және т.б салалар бойынша үлкен жетістікке жетіп, әлем биігіне көтерілуде және мемлекетаралық сындарда жақсы нәтиже көрсетуде. Мемлекет тарапынан жас буын өкілдеріне айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бұл жолда оларға барлық жағдайлар жасалған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кез келген шетелге барып білім алу мүмкіндігі, елімізде халықаралық деңгейде білім беретін оқу мекемелерінің ашылуы, халықаралық стандарттарға сәйкес көптеген мәдени-спорттық ғимараттардың ашылуы, басқа елдермен тығыз байланыстағы түрлі жұмыстар, серіктестік қарым-қатынас мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істер.

Бүгінгі жастар осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, жақсы білім алып, ғылыми ізденістерге баруда. Әлемдік аренада отандық кұндылықтарды дәріптеу бағытында да ілгерілеушіліктер бар. Елдік мұраттарды, мемлекеттілікті, ана тіліміз бен тарихымызды қастерлеуде  рухани өсу бар, бәсекеге қабілеттілікке ұмтылыс бар.

Мемлекеттік рәміздерді білу мен тану, патриотизм деңгейінің мониторингі өзгерістерді анықтауға және жұмыс сапасын талдауға мүмкіндік ашылып отыр. Осы орайда, білім алушылардың отансүйгіштікке деген көзқарасы мен қатынасының өзгергенін айта кеткен жөн. Бүгінде жастар патриотизмді жалпыадамзаттық құндылық деп біледі. Мемлекет пен қоғам алдында жауапкершілікті түсінетін оқушылар санының артуы қуантады.

Мемлекет, мектеп және отбасы бірігіп, күш салғанда ғана өскелең буынға патриоттық тәрбие берудің тиімділігі арта түсетінін түсіне білудің маңызы зор. Осы үштағанның тығыз байланыста болып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауы оқушы тұлғасының толыққанды дамуына мүмкіндік бермек.

Отансүйгіштікті, елжандылықты қалыптастыратын құндылықтардың бірі – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау. Қазақстандық патриотизмді, толеранттықты,  жоғары мәдениетті нығайту тақырыбы ешуақытта өзектілігін жойған емес. 

Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекеттілігімізді, тәуелсіздігімізді білдіретін ең негізгі ұлттық символдарымыз. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – мемлекетті құрметтеу. Оны аяқасты етуге жол беруге болмайды.

Мемлекеттік  символдарға  байланысты қоғамда келеңсіз жайттар орын  алғанын жасыра алмаймыз. Бұл – жедел түрде шара қабылдайтын маңызды мәселе. Бұл туралы Әкімшілік кұқық бұзушылық кодексінде нақты белгіленген. Сондықтан айыппұл салу арқылы мұндай жайттарға тыйым салуды үдете түсу керек. Қазіргі таңда мұндай келеңсіздіктер орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қатаң қадағаланып, бақылауға алынған.  Мемлекеттік рәміздерді өңдеп шығарушы ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауды жүйелі түрде жолға қою керек. Бұл мәселені шешуде азаматтық қоғамды да белсенді қатыстыруымыз қажет. Мұндай жағдай, көбінесе, мемлекеттік сертификаты жоқ ұйымдарға тапсырыс бергеннен болатыны байқалып отыр. Бұл – бойында патриоттық сезімі бар кез келген адамды ойландырмай қоймайтын жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан аталған мәселе бойынша жаппай қоғам болып, ел болып күресу керек. Бұл – әр адамның сана-сезіміне байланысты. Бүгінде Қазақстан әлемнің барлық елімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Сондықтан шетелдің туын қала ішінде рұқсатсыз тасымалдап жүргендерді жергілікті атқарушы билік орындары қатаң жазаға тарту керек.  

Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән бере бастады. Әсіресе, мектеп оқушыларының бойына отаншылдық рухты ұялату жауапкершілігінің жүгі басым. Осы орайда, мектеп жұмысы білім алушыны белгілі бір біліммен ғана қамтамасыз етуге емес, білім саласындағы негізгі құжаттар және бағдарламалық жобалар шеңберінде қойылған міндеттер мен мақсаттарды шешуге бағытталуы тиіс екенін естен шығармаған абзал сияқты. Біздің алдымызда Қазақстанның жаңа азаматын және патриотын тәрбиелеу міндеті тұр.

Жас буынға патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің үлесі айрықша.

Әрбір азамат мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісінде рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын құрметтеуді азаматтық парызым деп білуі тиіс. Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтемегені, сыйламағаны үшін жауапкершілікті сезінуі шарт және мемлекеттік рәміздер мен оның белгілері туралы терең білгені жөн. Ол үшін мектептер мен кәсіптік білім беру орындарында рәміздер туралы  арнайы сабақтар өткізіліп, түрлі викториналық ойындар өткізуді қолға алу қажет.

Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты құндылықтар  жүйесі бір арнаға шоғырланған десек те, оның өткізілуі өте сирек.  Білім орындары интеллектуалдық ойындар өткізудің негізгі ұйымдастырушысы болып табылуы тиіс. Оған АMANAT партиясы  бастамашылық танытқаны абзал. Туған еліміздің Елтаңба, Әнұран және Туының қандай сипатта екендігін білу ғана емес, рәміздердің пайда болу тарихын зерделеп оқу арқылы өскелең ұрпақ Тәуелсіздіктің құндылықтарын тереңірек түсінері хақ.

 «Қазақстанның рәміздері» оқу материалдары жас буынның ой-өрісін дамыту, тану процесінде таным биігін қалыптастыруды ұштайды.

 Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған оқушылық зерттеу жұмыстарын өз бетінше танып білуі жас  буынның белсенді азаматтық бағытын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырары хақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайда болғанымызда, ел астанасының орталық  Тьянанмэн алаңындағы Мемлекеттік Тудың түнгі уақытта күзетке тапсырылу  салтанатын көрдік. Сөйтсек, оның өз процедурасы бар екен. Таңертең бір взвод  жауынгер Мемлекеттің бас Туын орталық алаңдағы тұғырға әкеліп орнатып, оны  кеш қарайған соң қайтадан жинап әкетеді екен. Әдет-ғұрып салттарына берік Қытай елі Мемлекеттік Туды көздің сұғынан, жаманның сөзінен сақтауды дәстүрге айналдырған ба деп қалдық. Сол күні алаңда халық көп болды. Елге келетін  туристер де осы сәтті көруге құштар көрінеді.