Әлем алақаныңда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде фотосуретші, саяхатшы Таймас Нұртаевтың «Жер шары: қандай ғажап бұл әлем!» атты жеке көрмесі ашылды.
Ол – Бішкек қаласының тумасы, мамандығы құрылысшы. 60-жылдардан бері Алматыда тұрып келеді.
Автор 2006 жылы алғаш рет Хан-Тәңірі тау шатқалына барғанында Қазақстанның әсем табиғатына тәнті болып, сол кезден-ақ фотосурет өнеріне деген алғашқы қадамдарын бастап кеткен. Ол әлемнің көптеген елінде болған. Фотосуретшінің туындыларынан жер бетіндегі ең ірі шөл дала – Сахараны, әдемі аралдардың бірі – Гренландияны, тарихи Италия мен «мұзды ел» Исландияның әсерлі жерлерін көруге болады. Ал оның Қытай елінде түсірген суреттерінен Ұлттық Цзючжайгоу паркіндегі жасыл-сары Ли өзені, Хуанлунгтың көгілдір көлі, «ұшқыш» таулар Аватарды ерекше атап өтуге болады.
Көрменің ерекше бөлігін еліміздің көрікті жерлерінен жиналған «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстар құрайды. Онда автор, туған өлкесі мен Іле Алатауының әсем жерлерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалы, «Алтынемел» ұлттық қорығы, «Баянауыл» ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қарасу, Қаракөл, Қайыңды, Үлкен Алматы өзені, Бұқтырма су қоймасы, Каспий теңізін және т.б. бейнелейтін фотожұмыстарын ұсынған.
150-ден аса фотосурет қойылған көрме 9 мамырға дейін жалғасады. Рухани ләззат сыйлайтын көрмеге асығыңыз, ағайын!
Әйгерім МАРАТҚЫЗЫ.